ЖАҢАШЫЛДЫҚ АЙҚЫН МАҚСАТТЫ КӨЗДЕЙДІ
«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгіріс қажеттігі баса айтылған болатын. Осы ретте республика көлемінде полиция қызметінің жүйелі жұмысы сараланып, болашағы айқындала түсуде. Келесі жылдан бастап, түбегейлі саланың жаңғыру тетігі жүзеге асып, жаңашыл кезеңді бастан өткереді. Негізінен полиция қызметкерлерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту керектігі көзделуде.
Ел тыныштығын сақтауда полицияның міндетіне қатаң тәртіп, жұмыста ыждағаттылық басты назарда болатыны сөзсіз. Жолдауда айтылғандай кез-келген реформа шеңберінде құқық қорғау саласында біліктілігі жоғары маман кәсіби қызметті халық игілігіне жаратады. Бұл жерде көрсетілген нақты мақсат сапа тұрғысынан көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру. Жергілікті тұрғын өзін қауіпсіз сезінуі арқылы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сенім артады. Қоғам, өмір, адам, тәртіп қайнаған тіршілік қазанында бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым іспетті. Бұл ретте санатына қарамастан қылмыстың бел ортасынан табылып, басын қатерге тігеді. Дүниедегі дүрбелеңге бейжай қарамайтын сала мамандарының жұмыс істеу қағидатын өзгеріске ұшырату бүгінгі негізгі талабы. Әрбір тұрғын өзінің анық ойын жеткізіп, полициямен еркін пікір алмасып, туындаған мәселені жеткізуге мүдделі.
Аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залында облыстық ішкі саясат басқармасы жариялаған «Ақпараттық топтар қызметін әдістемелік қамтамасыз ету және ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Елбасы Жолдауы: полиция қызметкерінің жаңа стандарты, сот жүйесін жаңғырту» тақырыбында сала мамандарымен кездесу өткізілді. Жоғарыда аталған мәселе төңірегінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары философия ғылымдарының кандитаты Б.Апетов, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов, аудандық мәслихат депутаты Б.Есназар хабарлама жасады. Сонымен қатар, ақпараттық насихаттық топ мүшелері Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы айрықша құндылығымыз хақында сөз етті.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ