Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА АЙҚЫН БАҒДАР

ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА АЙҚЫН БАҒДАР


Негізі, мемлекетті басқарудың шарты – халықтың жағдайын жақсартуға қызмет ету екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы нақ осы мақсатқа жұмылдырылғанымен маңызды. Ел жетістігін тізбектеген Елбасы саяси-әлеуметтік және экономикалық мәселелерге терең талдаулар жасап, тарқатып айтты. Сол негізде, болашаққа бағытталған айқын жұмыстарды нақтылап берді.
Жолдаудың басынан аяғына дейін қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі көтере түсуге байланысты тапсырмалар жүктелді. Оның ішінде, Мемлекет басшысы мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын одан әрі көтеруді алға қойды. Дені сау ұлт қана іргетасы берік мемлекет құра алатынын атады. Сондай-ақ, мықты мемлекеттің экономикасы кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуымен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті. Халық табысының өсуіне бизнестің алар орны ерекше екені анық.
– Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестиция­ны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі, – деген Елбасы 2010 жылы іске асқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту қажеттілігін жеткізді. Ол үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлінбек. Бұл өз кезегінде, 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді. Яғни, бизнестің көзін тапқандар өздерін жұмыспен қамтиды, өзгелерге де септігін тигізеді. Тұтынушылар тауарын қолданып, мемлекет дамуына да айрықша ықпал жасамақ.
Бұдан бөлек, Елбасы саяси құжатта сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға тоқталды. Сондай-ақ, сыбайластықтан ада болу үшін тиімді шараларды қолдану керектігін де айтты. Демек, азат елдің келешегі кемел болу үшін бармақ басты, көз қыстыға жол бермей, адал да таза еңбек етуді үндеді. Бұл әрбір адамның міндеті. Сондықтан халық тұрмысының артуына Ұлт Көшбасшысының Жолдауынан туындаған міндеттерді жұмыла атқаруға тиіспіз. Әрбір қазақстандық атсалысса ел мерейі үстем болары сөзсіз.

Нұрбол ДАЙРАБАЕВ,
аудандық Әділет басқармасының басшысы,
«Заңгерлер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі
21 қараша 2018 ж. 759 0