Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА 170 ОҚУШЫ «ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР» ЖЫРЫН ЖАТТАУДА

СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА 170 ОҚУШЫ «ҚОБЫЛАНДЫ БАТЫР» ЖЫРЫН ЖАТТАУДА

Сырдариялық 170 оқушы қыркүйек айында өтетін «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысады.
Бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылуда.
Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық,қайсарлық қасиеттерге баулу.
Сайыс республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Байқау аясында қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
Бүгінгі таңда байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 50 мыңнан астам оқушы, 23 мыңнан аса мұғалім тіркелді. Ал Қызылорда облысы бойынша 2 800 шамасында оқушы мен 1400-ге тарта мұғалім тіркеліп отыр. Оның ішінде Сырдария ауданынан 170 оқушы байқауға қатысуға ниетті. Оларды сайысқа 85 мұғалім дайындауда.
Қазірдің өзінде 10 оқушы жырдың 100 бетін жаттап алды. Ал Шаған ауылы №37 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Мөлдір Мұратқызы, Сейфуллин ауылы №137 мектептің 8 сынып оқушысы Алтынай Бердібекова, сол мектептің тағы бір 8 сынып оқушысы Ғайниза Бөкенбайқызы «Қобыланды батыр» жырын толық жаттаған. Өзге өрендер де күздің алғашқы айында өтетін байқауға қызу дайындалып жатыр.
Айта кетейік, байқау 3 кезеңнен тұрады:
1-ші кезең аудандық;
2-ші кезең облыстық;
3-ші кезең республикалық.
Оқушыларға арналған жүлде қоры:
Аудандық кезең: 1-ші орын үшін 150 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 2-ші орын 100 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 3-ші орын 50 000 теңге (немесе бағалы сыйлық).
Облыстық кезең: 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңге.
Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған жүлде қоры:
Аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздары Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады.
Облыстық кезең: 1-ші орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, 2-ші орын кемі 1 200 000 теңге, 3-ші орын кемі 600 000 теңге.
Ұйымдастыру комитеті – «Qazaq Epos» қоғамдық қоры. Жобаның ресми өкілі – ақын, журналист Серік Сейітман. Жобаны қолдаушы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы, жергілікті атқарушы органдар.
Instagram: @qazaq_epos, 
Youtube: Qazaq Epos, 
Ресми сайт: www.qazaqepos.com



10 шілде 2019 ж. 780 0