«ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН»
Ұлттық құндылықтардың көкжиегі кеңейіп, дәстүр сабақтастығы атадан мирас ретінде кейінгі ұрпақтың мүддесі үшін айрықша жұмыс жасауда. Қазіргі таңда жазғы демалысқа шыққан оқушылардың көбі уақытын құр жібермей жыр жаттауға машықтану үстінде.
Оған дәлел Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырып отырған «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауы болып отыр. Аталған байқаудың негізгі мақсаты өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу екені айдан анық.
Жалпы алғанда байқау республика бойынша 6-10 сынып оқушылары арасында өткізіледі. Осы ретте қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Ауданнан 200-ге жуық оқушы бақ сынайтын жобаға дайындық барысы туралы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде өткен жиында талқыланды. Бұған аудан көлеміндегі мектептерден өтініш білдірген ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Кездесу барысында ұйымның сенімді өкілі Дәурен Сейітжанұлы байқаудың өткізілу барысын түсіндірді. Көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап беріп, тұщымды ойын ортаға салды. Байқау үш кезеңнен яғни аудандық, облыстық, республикалық деңгейде болады. Аудандық кезеңнен дараланған үш жеңімпаз бен жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлық беріледі. Аталған жиын барысында бірқатар оқушының дайындығы пысықталды.
«Тұлпар мініп, ту алған» байқауы осы күні танымал тұлғалардың зор қолдауына ие. Алдағы уақытта қатысушы талапкерлер арнайы жырды жаттай отырып, тілдің еркін машықталуына, ойды анық жеткізуіне, шешендік өнерге, рухани байлыққа, әдеби потенциалы жоғары білімді болуға талпынады. Болашағынан зор үміт күттіретін олар жырды мәнерлеп оқып, мән-мағынасын кеңінен ашатын болады. Жырдағы тарихи шындық пен боямасыз өмір жас ұрпақтың айқын көзқарасын қалыптастырып, дүниетанымын дамытады деп сенеміз.
Б.ОРДАБЕКОВ