Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалағашта 195 оқушы «Қобыланды батыр» жырын жаттайды

Жалағашта 195 оқушы «Қобыланды батыр» жырын жаттайды

«Qazaq epos» қоғамдық қоры «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан байқау ұйымдастыруды қолға алды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
 Олар республика бойынша 50 мың оқушыға «Қобыланды батыр» жырын жаттатып, Гинесс рекордтар кітабына енуді де жоспарлап отыр. Ағарту жобасы 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – сәуірде өтетін аудандық байқаулар. Бұдан кейін қатысушылар мамыр айында облыс бойынша сайысқа түсіп,  маусым-шілде айларында республика деңгейінде ұйымдастырылатын байқауға жолдама алады.
Жалағаш аудандық білім бөлімінің мәліметінше, республикалық байқауға ауданға қарасты 20 мектептен 195 өрен қатыспақ. Әр мектептен үміткер 10 балаға 5 мұғалімнен жетекшілік етпек. Бұл қатысушылар бүгінгі күні қызу дайындық үстінде. Алдағы байқауда оқ бойы оза шауып, үздіктер қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр.
Айта кетейік, «Qazaq epos» қоғамдық қоры мәлімдеген ереже бойынша қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген сөздердің мағынасын ашып, қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тақырыптар бойынша эссе жазады.
Негізгі бағыт – тарихи эпостарды жаттау, туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну. Сондай-ақ, оқушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазған нұсқасын мүдірмей айтып шығуы тиіс. Жырдың бұл нұсқасы 107 беттен яғни, 3627 қатардан тұрады. Ал, жеңімпаздарға арналған жүлде бір миллионнан аса қаржыны құрайды. Байқау барысында ұстаздар қауымы да қаржылай сыйақыдан құралақан қалмайды.

20 ақпан 2019 ж. 1 421 0