ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ ЕСЕЛЕНЕ ТҮСТІ
Кеше Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен баспасөз туры өтіп, аймақ журналистері ауданда пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы жұмыстарымен кеңінен танысып, жаңа пәтер иелерімен сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Журналистерге аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетов құрылыс саласында атқарылған жұмыстар мен ауданның өсіп-өркендеуі жайлы мол мағлұмат берді. ауданда 2017 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 4 есеге ұлғайып, 14,2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгенін атап өтті.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жаңа тұрғын үй иесі атанып, апатты жағдайда деп танылған үйден жаңа пәтерге көшірілген отбасының отанасы Гүлжан Керейтбаеваның атқарушы билікке айтар алғысы шексіз. 5 балалы ана қазіргі таңда Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентіндегі жаңа, жылы, қолайлы тұрғын үйде тұрып жатқанын бақыт санайды.
– Бұрынғы тұрған үйіміз апаттық жағдайда деп танылған еді. Тәуелсіздіктің 26 жылдық мерекесінде жаңа тұрғын үй алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Қазір жылы, жаңа, қолайлы тұрғын үйде тұрып жатырмыз. Елбасымызға, облыс, аудан әкіміне айтар алғысымыз шексіз. Аймағымыз гүлдене берсін!, – дейді жаңа пәтердің иесі. Жаңадан қоныс тойын тойлаған Бауыржан Маханбет пен Гүлжан Керейтбаеваның балалары оқу озаттары. Отағасы жеке шаруашылықта қызмет атқарады. Аталмыш отбасы бұрынғы үйлерінде 20 жылдан аса уақыт тұрғандықтарын тілге тиек етті. Қашанда бірлігі бекем ауданда мұндай жаңалықтардың орын алуы қуанарлық жағдай.
Жалпы, соңғы жылдары жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін дайындау бойынша Сырдария ауданында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келе жатыр. Мәселен, аудан бойынша соңғы 2 жылда 350 жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, 2018 жылы 843 жер учаскелері инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде тұрғындарды өз баспанасын салуға ынталандыруда. 2017 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 4 есеге ұлғайып, 14,2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен 10,7 пайызға, ал 2013 жылмен салыстырғанда 55,7 пайызға дейін артты. Тәуелсіздіктің 26 жылдық мерекесі күні 10 тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде апаттық жағдайдағы үйден 3 отбасы көшірілді, қалған 7 пәтер кезектілікке сәйкес тұрғындарға берілді.
Бүгінгі күні аудан бойынша тұрғын үй саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылдың еншісінде көп қабатты тұрғын үй салу жоспарда бар екенін айтты аудан әкімінің орынбасары.
Қашанда бірлігі бекем ауданда мұндай жаңалықтардың орын алуы қуанарлық жағдай. Баспананы жылдар бойы тағатсыздана күткен тұрғындар үшін мұндай игі бастамалар айрықша жақсылықтың бастауы. Ендеше, дәл осындай жарқын істер келешекте де жалғасын табатынына сеніміміз мол.
Балтабай Ордабеков