Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Граффити салғаны үшін қатаң жаза қабылданады

Граффити салғаны үшін қатаң жаза қабылданады

Қазіргі уақытта кей ғимараттың қабырғасынан сан түрлі сурет пен жазуды жиі кездестіруге болады. Графитти өнері – қоғамдық орындағы қабырғаға, ғимаратқа және басқа да нысандарға сурет салып немесе жазу арқылы көрініс табады. Бұл өнердің ерекше форматы болып көрінгенімен, рұқсатсыз салынған жағдайда ол вандализмге жатады. Елімізде ғимаратқа граффити, яғни жазу мен сурет салғаны үшін жаңа айыппұл енгізу жос­парлануда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аста­на әкімі Жеңіс Қасымбекке ғима­раттың қабырғасына граффити салатын тұлғаға қатысты қатаң шара қолдануын тапсырған болатын. Осы күні рұқсатсыз жасалған жазу мен сурет қоғамдық мүлікке зиян келтіріп, вандализмге айналуда.

Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде бұған жол бермеу керек, сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орынды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шара қабылданған жөн. Осы орайда, жақында өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Ішкі істер министрлігіне қатаң тапсырма берді.

Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов тұрғын үй мен басқа да қоғамдық ғимаратқа жазу жазып, сурет салған адамға қатысты тиісті жаза қабылданатыны жөнінде айтты. Министр осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынысын ортаға салды. Атап айтқанда, қоғамдық ғимарат пен құрылысқа жазу мен сурет салуға тыйым енгізіп, бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту негізінде ұсынысын жеткізді.

Премьер-министр қалалардағы вандализм мен бұзақылықтың сорақы көріністерінің жолын кесу бағытындағы жұмыстың маңыздылығын атап өтті және тиісті тапсырма берді.

– Ішкі істер министрлігіне вандализм мен бұза­қылықтың алдын алу мақсатында қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффитидің барлық түріне толық тыйым салу үшін заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажет, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Көше қасіреті болып саналатын вандализм қоғамға деген ауыр қастандық. Ішкі істер министрі вандализм фактілерінің жолын кесу бойынша шара қабылдауда. Елімізде мәдени мұра ескерткіштері мен табиғи нысанды бүлдіргені үшін 11 қылмыстық іс тіркелді. Сонымен қатар еріктілермен бірлесіп есірткі граффитиі деп аталатын 80 мың сурет пен жазу өшірілді. Есірткіні насихаттағаны және жарнамалағаны үшін 81 қылмыстық іс қозғалып, 19 адам сотталды. «Есірткіге жол жоқ» цифрлық сервисі аясында азаматтар полицияға 150 құқық-бұзушылық фактісі туралы хабарлады. Сондай-ақ нысандарға жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы арқылы мониторинг жүргізіледі.

Елімізде граффитиге байланысты бірнеше резонансты жағдай орын алған болатын. Атап айтар болсақ, өткен жылы Астанада белгісіз адамдар LRT вагондарына сурет пен жазу салған. Оқиғаға қатысты барлық материал құқық қорғау органдарына жолданып, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, вагондардағы жазулар арнайы құралдардың көмегімен тазартылған. Сондай-ақ бірнеше жыл бұрын белгісіз біреулер Байқоңыр ғарыш айлағына кіріп, салынып біт­пеген «Буран» ғарыш кемесіне граффити салған.

Жылдан-жылға дамып келе жатқан елімізді өз қолымызбен бүлдіру, ең бірінші өзіңе деген сыйластықтың жоқтығы. Қоғамдық кеңістікті құрметтеу – қаланың тазалығы мен мәдениетін сақтаудың бір жолы. Бөтеннің немесе қоғамдық мүлікті әдейі бүлдіру, бұзу немесе оның сыртқы көрінісін заңсыз өзгерту әрекеті заңмен жазаланатынын естен шығармаған жөн.

Сырдария аудандық прокуратурасы, полиция бөлімі және Жастар ресурстық орталығы ма­мандарының қатысуымен қоғамдық орындардағы граффитилерді анықтау, олардың орналасқан жерлерін зерделеу және тиісті органдарға хабарлау бағытында профилактикалық рейдтік жұмыс жүргізілді. Жас­тар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау және құқық-бұзушылықтың алдын алу бойынша алдағы уақытта кешенді жұмыс жасалатын болады.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
Фото: ашық дереккөзден
13 қазан 2026 ж. 58 0