Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Цифрлық тәуелділік: «Яндекс» сервисіндегі ақау нені аңғартты?

Цифрлық тәуелділік: «Яндекс» сервисіндегі ақау нені аңғартты?

«Яндекс» сервисіндегі ақау ел назарын цифрлық платформалардың тұрақтылығы мен деректер қауіпсіздігі мәселесіне аударды. Такси шақыру, жеткізу және қаржылық қызметтегі іркіліс технологиялық инфрақұрылымның өзара тәуелділігін айқын көрсетті. Қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректері ел аумағында сақталғанымен, кейбір сервистердің шетелдік технологиялық компоненттерге тәуелді болуы түрлі сауал туындатты. Басылымның «Назар» айдарында осы жағдайдың мән-жайына үңіліп, цифрлық қауіпсіздік, қызметінің үздіксіздігі және балама платформаның маңызына тоқталамыз.

Қазақстанда «Яндекс» платформасының бірқатар сервисінде туындаған ақау ел халқының арасында алаңдаушылық тудырды. Соның салдарынан азаматтар такси шақыру, тамаққа тапсырыс беру, сондай-ақ қаржылық қызметті пайдалану кезінде қиындыққа тап болған. Компания өкілдері сервистерді қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыс жүр­гізіліп жатқанын мәлімдеді. Дегенмен қызметтің толыққанды іске қосылатын уақыты әзірге белгісіз.

Компанияның баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, күр­­­делі ци­фр­лық плат­­­­формалардың тұ­­­рақты жұмысы әр­­түрлі елде орналасқан сер­­верлік инфра­құрылымға бай­ла­ныс­ты. Сон­дық­тан бел­гілі бір деректер орталығында немесе серверлік аймақта ақау пайда болса, оның салдары басқа өңірлердегі қызметтерге де әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда жүйенің жүктемесі басқа серверлерге ауыстырылып, сервистердің жұмысын қалпына келтіру шаралары қолға алынады.
Осыған байланысты Yandex Cloud кейбір қызметтердің жұмысына электр қуатының үзілуі әсер еткенін хабарлады. Атап айтқанда, Ресей аумағындағы ru-central1-a аймағында электрмен жабдықтауда үзіліс болған. Қазіргі уақытта инженерлер ақауды жою және жүйенің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатыр.

Мәселеге қатысты Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму ми­нистр­лігі де түсініктеме берді. Ведомствоның мәлі­метінше, қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Министрлік сонымен қатар дербес деректердің Қазақстанда сақталуы бүкіл цифрлық плат­форманың толықтай ел ішінде жұмыс істейтінін білдірмейтінін атап өтті. Мәселен, такси шақыру және жеткізу қызметтерінің жұмысына қажетті кейбір технологиялық компонент шетелдегі инфрақұрылымға тәуелді. Сондықтан деректерді ел аумағында сақтау мен сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету өзара байланысты болғанымен, шешілу жолы бөлек міндет болып саналады.

Ал қаржылық қызметке қатысты «Яндекс Пэй» өкілдері пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз екенін мәлімдеді. Компанияның финтех бағытының жетекшісі Дмитрий Пироговтың айтуынша, шоттар туралы ақпарат бірнеше нысанда көшірмеленіп сақталады. Компания жүргізген тексеру нәтижесінде, деректердің бүтіндігі расталып, жазбалардың жоғалмағаны хабарланды.

Шоттарды пайдалану және ақша аударымдарын жасау мүмкіндіктерінің толық қалпына келу мерзімі әзірге нақтыланбаған. Мамандар сервистерді кезең-кезеңімен іске қосып, әрбір қадамның тұрақтылығын тексеруде. Компания үшін қызметті жедел қалпына келтірумен қатар, олардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету де маңызды екені айтылды.

Оқиға аясында Қазақстанда балама цифрлық плат­форманың мүмкіндіктерін қа­растыру мә­селесі де назарға алынды. Министрлік өкіл­дерінің мәліметінше, такси шақыру және жет­кізу қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында басқа платформамен де жұмыс жүргізуде.

Жалпы «Яндекс» сервистеріндегі ақау цифр­лық инфрақұрылымның өзара тәуелділігі мен қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Қазақстандық пай­даланушылардың жеке деректері сақталатын жеке­леген сервер қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанымен, кейбір қызметтердің шетелдегі технологиялық инфрақұрылымға тәуелді болуы сыртқы фактордың әсерін жоққа шығармайды. Қазіргі уақытта негізгі міндет – ақауларды толық жойып, сервистердің тұрақты жұмысын қалпына келтіру.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден
13 қазан 2026 ж. 59 0