Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлылықтан тағылым: өнегелі өмір – ұрпақ жадында

Ұлылықтан тағылым: өнегелі өмір – ұрпақ жадында

Қоғам және мемлекет қайраткері, еңбек және соғыс ардагері, екі мәрте Ленин орденінің иегері Жаңабай Азаматовтың өмірден өткеніне 30 жыл толуына орай Шіркейлі ауылында «Ұлылықтан тағылым» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Тағылымы мол іс-шара елге еңбегі сіңген тұлғаның өнегелі жолын ұлықтап, оның есімін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға арналды. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Еспенбетов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Балшекер Өтегенова, Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров, ардақты ана Ұлмекен Жаналиева, зиялы қауым өкілдері, Жаңабай Азаматовтың ұрпақтары мен аудан тұрғындары қатысты.

Жаңабай Азаматов – саналы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне, елдің әл-ауқатын арттыруға, халықтың тұрмысын жақсартуға арнаған біртуар азамат. Ол өз дәуірінде жауапты қызметтер атқарып қана қоймай, іскерлігімен, табандылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен және ел алдындағы адалдығымен танылды. Оның өмір жолы – туған жерге қызмет етудің, маңдай термен абыройға жетудің, азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Іс-шараның алғашқы бөлігі Жаңабай Азаматов атындағы орталық алаңда орналасқан ескерткіш тақта жанында өткен «Тектіге тағзым» атты еске алу рәсімінен басталды. Жиналған қауым қайраткердің рухына тағзым етіп, ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойды. Ел үшін еңбек еткен азаматтың есімін құрметтеу және оның өнегелі өмірін еске алып, кейінгі буынға тағылым етуге бағытталған мағыналы сәтке куә болдық.

Еске алу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен ардақты ана Ұлмекен Жаналиева сөз сөйлеп, тұлғаның ел алдындағы еңбегі мен азаматтық болмысына тоқталды. Мұндай басқосуда аға буынның естелігі мен өнегелі әңгімесінің орны ерекше.

Жаңабай Шөкенұлының өмір жолына көз жүгірт­кенде, оның жетістіктері жеке адамның абыройымен ғана өлшенбейтінін аңғаруға болады. Ол басқарған шаруа­шылықтың өркендеуі, ауылдың танымал болуы, еңбек адамдарының ортақ іске жұмылуы – тұтас бір ұрпақтың маңдай терімен келген жетістік. Ал сол жетістіктің басында тұрған азаматтың еңбегі уақыт өткен сайын тарихи мәнге ие бола түседі.

Қайраткердің өмірі мен қызметіне арналған тағылымды іс-шараның жалғасы Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйінде өтті. Мәдениет үйінің дәлізінде ауылдық кітапхана ұйымдастырған «Елге сіңген еңбек – өшпес өнеге» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге Жаңабай Азаматовтың өмірі мен еңбек жолына қатысты материал, қызмет жылдарындағы еңбектерін баяндайтын естелік жазба қойылды. Көрме келушілерге тұлғаның өмір жолымен танысып, ауыл тарихының маңызды кезеңдерін тереңірек білуге мүмкіндік берді.

Тарихи тұлғаларды ұлықтау – өткенді еске алумен шектелмейтін маңызды іс. Оның басты мақсаты – елге қызмет етудің мәнін түсіндіру, еңбектің қадірін ұғындыру, жас ұрпақтың бойына туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда, кітап көрмесінің мазмұны мен облыстық мүшәйраның идеясы өзара үндесіп, бірін-бірі толықтырды.

Облыстық жазба ақындар мүшәйрасы Жаңабай Шөкенұлы Азаматовтың рухына тағзым етіп, оның өнегелі өмірін поэзия арқылы дәріптеуді мақсат етті. Салтанатты іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов ашып, жиналған қауымға ізгі тілегін білдірді.

– Сыр елінің абыройын асқақтатқан, елге еңбегі сіңген ардақты азамат, еңбек және соғыс ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Жаңабай Азаматовтың дүниеден өткеніне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырған облыстық ақындар мүшәйрасына қош келдіңіздер! Бүгінгі тағылымды іс-шараның Шіркейлі ауылында өтуінің өзіндік мәні бар. Себебі Жаңабай Азаматовтың бүкіл саналы ғұмыры осы елдің өсіп-өркендеуімен, туған жердің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Жаңабай Азаматов 1913 жылы Шіркейлі ауылында дүниеге келіп, жастайынан елге қызмет етудің үлгісін көрсетті. Педагогикалық білім алып, ауыл мектебінде ұстаздық етті. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан қорғап, майдан даласында ел алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарды. Соғыстан кейін туған жерге оралып, бар күш-жігерін елдің әлеуметтік-экономикалық дам­уына жұмсады. 1955 жылдан бастап «Қызыл Ту» колхозын басқарып, кейін «Шіркейлі» совхозының директоры ретінде ұзақ жыл бойы шаруашылықтың өркендеуіне жетекшілік етті. Ол кісінің басшылығымен ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның бірі – ел игілігіне айналған ұзындығы 25 шақырымдық бұрынғы Бесөзек, яғни қазіргі Қожарық арнасының қазылуы. Бұл бастама ауылдың егін шаруашылығын дамытуға, жердің ырысын арттыруға үлкен мүмкіндік берді. Жаңабай Азаматовтың тағы бір ерекше қасиеті – елдің еңбегін бағалай білуі, еңбек адамын дәріптеуі еді. Ол өз жетістігінен гөрі, қарапайым еңбек адамының еңбегін жоғары қойды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде Жаңабай Азаматовтың ізбасары, ардақты азамат Аббас Камаладдин мен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қамар Рүстемов те сөз сөйлеп, қайраткердің өмір жолы мен ел алдындағы еңбегінің маңызына тоқталды. Олардың қатысуы шараның мазмұнын тереңдете түсіп, тұлға мұрасын бағалаудың және оның өнегесін ұрпаққа жеткізудің маңызын айқындады.

Мүшәйра екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ақындар Жаңабай Азаматовқа арнаған өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде оның өмірлік серігі, он бір перзент тәрбиелеп өсірген аяулы ана Әсия Азаматованың өнегелі ғұмырына арналған туындыларын ұсынды.

Ақындар өз шығармаларында елге қызмет етудің қадірін, адал еңбектің қасиетін, отбасы құндылықтарын және адамдық болмыстың биіктігін жырлады. Поэзия тілімен өріл­ген арнаулар арқылы Жаңабай Шөкенұлының азаматтық келбеті мен Әсия Наурызбайқызының отбасындағы орны кеңінен көрініс тапты.

Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен облыстың аудандарынан келген ақындар қатысты. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданынан Шәкәрім Ибадулла, Шиелі ауданынан Аружан Оралбай, Қызылорда қаласынан Ғабит Кәдірбай мен Ақжол Түменбай, Сырдария ауданының Қоғалыкөл ауылынан Ержан Мұхиятдинов, Шіркейлі ауылынан Биболат Опабеков, Жалағаш ауданынан Жасұлан Серік, Қармақшы ауданынан Диас Мұстахимов, Қазалы ауданынан Дина Бөкебай және Арал ауданынан Қайрат Құлекешов бақ сынады.

Ақындар өнерін бағалаған қазылар алқасына белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыс­тық филиалының директоры, Сырдария және Шиелі аудандарының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова төрайымдық етті. Алқаның құрамында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі Дүйсенбек Аяшұлы және Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Жаңабай Азаматовтың қызы Жібек Азаматова болды.

Жаңабай Азаматовтың мұрасын дәріптеу оның отбасылық өмірін еске алумен де сабақтас. Қайраткердің жары Әсия Наурызбайқызы он бір перзент тәрбиелеп өсіріп, отбасының берекесін ұйытқан ардақты ана ретінде аталады. Жаңабай Шөкенұлының ел алдындағы қызметі мен Әсия Наурызбайқызының отбасындағы еңбегі бір-бірін толықтыратын өнегелі өмір өрнегін құрайды. Бірі ел игілігіне қызмет етсе, екіншісі шаңырақтың берекесін сақтап, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосты.

Әулеттің тарихында ғылым мен білім саласында еңбек еткен Серікбек Жаңабайұлы Азаматовтың да орны айрықша. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі ретінде ол ғылым мен білімді дамытуға үлес қосқан азаматтардың қатарында аталады. Бұл – отбасы мұрасының еңбекпен ғана емес, білім мен ғылымға деген құрметпен де жалғасқанын көрсетеді. Өз кезегінде Жібек Азаматова әкесінің өмір жолы мен еңбегіне кеңінен тоқталды. Ал тағылымы мол іс-шараның қонақтары естелік әңгімелерді кеңінен өрбітті. Ауыл әкімі Талғат Құламқадіров қайраткердің өмір жолына тоқталды.

Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлде Ақжол Түменбайға бұйырды. І орынды Ғабит Кәдірбай иеленсе, ІІ орын Аружан Оралбайға берілді. ІІІ орынға Жасұлан Серік пен Дина Бөкебай лайық деп танылды. Арнайы жүлдеге Қайрат Құлекешов қол жеткізді. Бұл ретте, білікті басшы Мақсұт Әбсадықов бастаған ауылдық мәдениет үйінің орасан зор еңбегін айрықша айта кеткен жөн.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 қазан 2026 ж. 65 0