Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ауылды газдандыру жұмысы қарқын алды

Қос ауылды газдандыру жұмысы қарқын алды

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмысының барысымен танысып, құрылыс нысанындағы жұмыс қарқынын көрді. Ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған қос жоба елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Алдымен аудан басшысы Қоғалыкөл ауылын газдандыру жобасының жүзеге асырылу барысын бақылады. Жобаның жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайды. Оны іске асыру үшін 2026 жылы республикалық бюджеттен алғашқы кезеңге 320 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Орда-Құрылыс» ЖШС жоғары қысымды газ құбырын тарту жұмысын жүргізуде. Жоба аясында жалпы ұзындығы 40,2 шақырым газ құбырын тарту және 4 газ реттегіш пунктін орнату көзделген.

Бұдан кейін аудан әкімі Шіркейлі ауылындағы газдандыру жұмысының жай-күйімен танысты. Аталған жобаның жалпы құны 1,3 млрд теңгені құрайды. 2026 жылы республикалық бюджеттен жобаны бастауға 400 млн теңге қарастырылған. Бүгінде мердігер мекеме «Орда-Құрылыс» ЖШС тарапынан жоғары қысымды газ құбырын тарту жұмыстары атқарылуда. Жоба бойынша 47,54 шақырым газ құбырын тарту және 3 газ реттегіш пунктін орнату жоспарланған.

Аудан әкімі құ­рылыс жұмы­сының ба­рысын зер­делеу барысында жо­­баның са­па­лы орындал­уы мен бел­гіленген мерзімде аяқталуының маңыздылығына тоқталды. Жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс талабының сақталуын қатаң бақылауда ұстауды, жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, қарастырылған қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

– Ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету – тұрғындар көптен күткен маңызды жоба. Көгілдір отынның келуі халықтың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының дамуына да оң ықпал етеді. Сондықтан құрылыс жұмысы сапа талабына сай жүргізіліп, белгіленген мерзімде аяқталуы қажет. Әрбір жобаның уақытылы жүзеге асуы тұрғындардың игілігіне қызмет етуі тиіс. Осы бағыттағы барлық қызметтік іс-шараны тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселені дер кезінде шешуіміз керек, – деді аудан әкімі.

Айта кету керек, ауылдарды газдандыру – елді мекендердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастама. Табиғи газдың қолжетімді болуы тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін жеңілдетіп, жылыту жүйесін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, елді мекендердің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылында газдандыру жоба­сының толық аяқталуы – тұрғындардың «көгілдір отын» игілігін пайдалануына жол ашады. Осылайша, аудан көлемінде инже­нерлік инфрақұрылымды жаңғырту және халыққа қо­лайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасын табуда.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
13 қазан 2026 ж. 67 0