Жеңіс жолындағы ерлік – ұрпаққа аманат
Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешіп, бейбіт күннің қадірін ерлігімен ұқтырған майдангерлердің есімі – ұрпақ жадында мәңгі сақталатын асыл мұра. Олардың қайсарлығы мен батылдығы, туған жерге деген сүйіспеншілігі және ел алдындағы адалдығы бүгінгі ұрпаққа өнеге. Осындай ерлік иелерінің өмір жолын ұлықтап, есімін кейінгі буынға насихаттау мақсатында Аманкелді ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Балабай Оралбайұлын еске алуға арналған «Жеңіс жолындағы ерлік – ұрпаққа аманат» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Аманкелді ауылдық округі әкімшілігінің қолдауымен, елді мекендегі мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан тағылымды іс-шара майдангердің өнегелі өмірін дәріптеп, ел қорғаған ерлердің рухына тағзым етуге арналды. Айта кетейік, аудандық мүшәйраның ашылуында ауыл әкімшілігінің бас маманы Бауыржан Ермағанбетов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмағанбет Құдайбергенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Балабай Оралбайұлы 1925 жылы осы өңірдегі Зіңкетер елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Оралбай Тәукенұлы еңбекқорлығымен, елге сыйлы болмысымен танылса, анасы Бәтен Ағайдарқызы отбасы тәрбиесімен қатар ауылдың қоғамдық жұмысына белсене араласқан. Осындай өнегелі ортада өскен Балабай жастайынан адалдықты, еңбекқорлықты және жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырды. Зіңкетер жетіжылдық мектебін тәмамдағаннан кейін ауылда еңбек етіп, ел ішіндегі тіршілікке араласты. Білімге ұмтылған жас Қызылорда педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Алайда ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезең оның өмір жолын басқа арнаға бұрды. 1942 жылдың соңында небәрі 17 жасында майданға аттанып, Самарқан қаласында кіші командирлер даярлайтын курстан өтті. Артынша майдан даласына жіберіліп, артиллериялық полк құрамында зеңбірек оқтаушысы ретінде жауға қарсы шайқасты. Жастық шағын соғыс өрті шарпыған Балабай Оралбайұлы ел басына түскен ауыртпалықты қайсарлықпен көтеріп, Отан қорғау жолында ерлік көрсетті. Оның майдандағы қызметі мен алған наградасы – сол кезеңдегі табандылығы мен жанқиярлық еңбегінің айғағы. Ардагер «Қызыл Ту» және І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұл марапаттар – тек бір адамның өмірбаянындағы белгі ғана емес, тұтас бір ұрпақтың ерлігі мен төзімін еске салатын тарихи құндылық, – деді ауыл әкімшілігінің бас маманы Бауыржан Ермағанбетов.Айта кетейік, екі кезеңнен тұрған аудандық мүшәйраға 8 ақын қатысты. Олар ең алдымен Балабай Оралбайұлына арнау оқыса, екінші кезеңде патриоттық жыр жолдарын көпшілікке ұсынды.
Өз кезегінде барлық қатысушының өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасының қатарында ақын, «Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы, Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы міндетін атқарушы Асылзат Сұлтанбеков, ақын, ардагер-журналист Мұхамеджан Нұрхан болды. Жыр додасының қорытындысы бойынша бас жүлде шағандық Ақерке Балмановаға бұйырды. Бірінші орынды тереңөзектік Балтабай Ордабековке, екінші орын Айжан Айдароваға, үшінші орын жетікөлдік Қанат Көзейбайға, қоғалыкөлдік Байрон Есенбаевқа берілді. Ал аманкелділік Жұмағазы Оразов арнайы жүлдемен марапатталды. Іңкәрдариялық Нұртуған Бердалыұлы, ақжармалық Айтмағанбет Темірхановқа алғыс хат табысталды. Мүшәйраға қатысқан барлық талапкерге қаржылай сыйлық берілді. Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі майдангерлердің ерлігі мен төзімінің жемісі. Біз үшін Жеңіс күні мен соғыс ардагерлерін еске алу – күнтізбедегі атаулы күн ғана емес, тарих алдындағы жауапкершілікті сезіндіретін маңызды ұғым. Майдангерлердің бастан өткерген қиындықтарын, ел үшін жасаған ерліктерін ұмытпау және олардың өнегесін жас буынға жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз.
Жексенбі күні Аманкелді ауылында Балабай Оралбайұлының атына берілген көшенің ашылу салтанаты өтті. Тағылымды іс-шара барысында ауыл халқы мен оның ұрпақтары майдангер рухына тағзым етті.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ











