Ойын алаңы пайдалануға беріледі
Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі Ғани Мұратбаев және Қасым Бөдеев көшесінде жаңадан салынып жатқан балалар ойын алаңдарының құрылыс жұмысымен танысты. Аудан басшысы нысандардағы жұмыс барысын бақылап, абаттандыру және көгалдандыру жұмысының орындалу жай-күйіне назар аударды.Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада ойнап, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау – елді мекендердің инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыт. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан жоба аясында Тереңөзек кентіндегі аталған көшелерде заманауи ойын алаңдары бой көтеруде.
Жобаны іске асыруға аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, құрылыс жұмысын «Арнұр» жеке кәсіпкері жүргізуде. Қазіргі таңда ойын алаңдарының аумағын абаттандыру, жерін ретке келтіру және газон төсеу жұмысы атқарылуда. Нысандардың айналасын көріктендіріп, балалардың ойнап, демалуына қолайлы жағдай қалыптастыруға басымдық берілуде.
Жаңа ойын алаңдары пайдалануға берілгеннен кейін балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруға және таза ауада серуендеп, достарымен бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік туады. Мұндай қоғамдық орындардың салынуы тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастырып, көшелердің көркін арттыруға ықпал етеді.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмысының сапалы орындалуы мен белгіленген талаптың сақталуының маңыздылығын атап өтті. Мердігерге құрылыс барысын жіті бақылауда ұстап, жұмыстарды сапа талаптарына сай жүргізу, абаттандыру кезінде ұқыптылық таныту және белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тапсырмалар берді.
– Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп, бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау басты назарымызда. Осы бағытта Тереңөзек кентіндегі Ғани Мұратбаев және Қасым Бөдеев көшелерінде жаңа ойын алаңдары салынуда. Мұндай нысан баланың еркін ойнап, қимыл-қозғалысын дамытып, қатарласымен уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан құрылыс жұмысының сапалы жүргізіліп, аумақтың абаттандырылуына ерекше мән беру қажет. Мердігер мекемеге жұмысты белгіленген талапқа сай орындап, балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырдым. Алдағы уақытта да елді мекендерімізді көркейтіп, тұрғындарға, әсіресе жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыс жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Жалпы Тереңөзек кентінде балаларға арналған ойын алаңдарын салу жұмысы – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елді мекеннің көркеюіне бағытталған игілікті іс. Мұндай жобаны жүзеге асыру арқылы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, балалардың алаңсыз ойнап, қуанышты балалық шақ өткізуіне жағдай жасау көзделіп отыр.
«Тт» ақпарат










