СЫРДАРИЯ АУДАНЫНДА ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 5 ақпандағы "Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" №190 Жарлығына сәйкес Сырдария ауданында есеп беру жиыны өтті.
Есепті кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы А.Мұхимов, облыстық қаржы басқармасының басшысы Т.Жақыпбаев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Нұрманов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ә.Әбдіқаймова, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагер, қоғамдық кеңес төрағалары, аудан тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ашып, жүргізіп отырды. Есепті кездесуде Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тоқталды. Былтырғы жыл аудан үшін табысты болғанын айтқан аудан басшысы жоспарлар артығымен орындалғанын жеткізді. Сонымен бірге, барлық салада өсім бар екенін атап өтті.
– Жаңа 2018 жылды аудан тұрғындары мен еңбеккерлері табысты да мерекелі көңіл-күймен қарсы алды. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде барлық маңызды салалар бойынша дамудың оң динамикасына қол жеткізілді. Бүгінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени салалары қарқынды даму үстінде. Ерекше «экономикалық кезеңге» қарамастан 2017 жыл – ауданымыз үшін жетістіктер мен жаңалықтарға толы табысты жыл болды. Аудан бойынша 2017 жылы 2091 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, онда жұмыспен қамтылғандар саны 5780 адамды құрады. 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 12,2 пайызға өсті. 2017 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі төрт есеге ұлғайып, 14,2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен 10,7 пайызға, ал 2013 жылмен салыстырғанда 55,7 пайызға дейін артты,- деген аудан әкімі Ғанибек Қазантаев алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жүргізіле беретінін айтты. Сондай-ақ, ағымдағы жылы кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше басымдық берілетінін мәлімдеді.
Есепті кездесуде облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов сөз сөйлеп, соңғы жылдары Сырдария ауданында атқарылған жұмыстар ауқымды екенін атап өтті. Жиын барысында Жетікөл ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, аудандық мәслихат депутаты С.Қаюпов, Шіркейлі ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Әбілқасымов атқарушы билік өкілдерінің жұмысына жағары баға берді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.