Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерін жырлаған ақын

Туған жерін жырлаған ақын

Өткен аптаның жұма күні туған жердің қасиетін жырына арқау еткен сыршыл ақын, көрнекті қаламгер Оразбек Бесбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осы орайда, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Асқар Тоқмағанбетов ауылдық округі әкімі аппараты және жергілікті мәдениет ошағы ұжымының ұйымдастыруымен «Жыр арқауы – туған жер» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Ел мүддесін бәрінен биік қойған, сырлы сөздің шебері, өлкенің рухын өлеңімен асқақтатқан ақын Оразбек Бесбаевқа арналған іс-шара кең көлемде аталып өтті. Қазақы үй тігіліп, көрме ұйымдастырылып, ақынның шығармашылығына арналған бұрыш таныстырылды. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, ауыл әкімі Нұрлан Құрманәлиев, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, ауыл тұрғындары, ақынның ұрпақтары қатысты.

Жастайынан еңбекке араласып, туған жеріне қызмет еткен еңбек ардагеріне арналған тағылымды іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов сөз сөйлеп, ақын жайлы сыр шертіп, мүшәйраға қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ауданымыздың рухани-мәдени өміріндегі тағылымды іс-шара елге сыйлы азамат, еңбек ардагері, жергілікті ақын Оразбек Бесбаевтың 100 жылдығына арналған еске алу кешінде бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, қазақ халқында «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Бүгін ауылымыздың, ауданымыздың дамуында, тарихында өзіндік орны бар Сыр өңіріне белгілі ардақты ақсақал атанған қайраткер Оразбек Бесбаев тағдырдың талай ауыртпалығын көріп, жастайынан еңбекке араласқан. Бүкіл ғұмырын туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған азамат. Ол – 1926 жылы Майлықұм ауылында дүниеге келіп, сан түрлі қиын кезеңді басынан өткерді. Соғыс жылдарында еңбекке араласып, кейін туған елінде түрлі шаруашылық және қоғамдық жұмысты атқарып, ел өміріне араласты. Оның еңбек жолы қарапайым қызметтен басталып, ауылдық кеңес, шаруашылық салаларындағы жұмыспен жалғасты. Майлықұм ауылдық кеңесінің депутаты болып, ауылдың қоғамдық және мәдени өміріне де белсене қатысты. Еңбекпен шыңдалып, елмен бірге біте қайнасқан азамат ретінде ауылдастарының құрметіне бөленді. Оразбек Бесбаевтың өміріндегі айрықша қыры – оның ақындық өнері. Ол жастайынан суырыпсалма қабілетімен танылып, өлеңдерін туған жерге, еңбек адамдарына, ата-анаға, табиғатқа, адамгершілікке, ел бірлігіне арнады. Бүгінде ардагер ағаның өзі өмірден өтсе де, ұрпақтары арамызда бар. Олардың өмірде өз орны, мәртебелі төрі бар. Бесбаевтар әулеті қазіргі таңда облысқа белгілі, аудан халқы жақсы білетін берекелі шаңыраққа айналды. Сол құт қонған шаңырақтан әлі алда елге қызмет ететін адал ұрпақтар өсіп жетілері анық. Бүгінгі 100 жылдық мерейтойды атап өту өткенді еске алу ғана емес, елге еңбегі сіңген азаматтың өнегесін ұлықтау. Оның шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Жыр додасында екі кезең бойынша 10 ақын бақ сынады. Оған 18 пен 35 жас аралығындағы ақындар қатысып, бірінші кезеңде ақынға арнау өлеңін оқыса, екінші кезеңде ақынның туған жеріне арналған бір өлеңін оқыды. Атап айтар болсақ, Арал ау­данынан А.Сайлауов, Қазалыдан А.Сұлтан, Қармақшыдан С.Бегалиева, Жаңақорғаннан І.Әбдібеков, А.Мәденова, Жалағаштан С.Жақып, Сырдариядан А.Ибрагимұлы, Н.Құдайбергенова, Шиеліден М.Қали, Қызылордадан Б.Санақұл қатысты.

Мүшәйрада ақындардың өнеріне «Әлімсақ» журналының бас редакторы, ақпарат саласының үздігі Нұрлан Нұрмахан, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ардагер-журналист Мүсілім Қалмұратұлы, ақынның қызы, сот саласының ардагері Нұргүлсім Бесбаева төрелік етті.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені А.Сайлауов, І орынды С.Жақып, ІІ орынды Н.Құдайбергенова, ІІІ орынды А.Ибрагимұлы, Б.Санақұл иеленді. Мүшәйраға қатысқан барлық қатысушыға Алғыс хат, ақынның кітабы, ақшалай сыйлық табыс етілді.

Ақынның есімі ұлықталған іс-шарада оқушылар арасында көркемсөз оқу шеберлері байқауы, күрестен са­йыс та ұйымдастырылды. Жазба ақындар мүшәйрасынан кейін оқушылар аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауы жалғасын тапты. Аудан, ауылдардан келген байқау шарты бойынша ақынның шығармашылығынан бір өлеңін мәнерлеп, жатқа айтып берді. Көркемсөз оқу шеберлері байқауында әділ қазылар аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Әзиз Садықов, аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлдана Әбенова, ардагер ұстаз, әйелдер кеңесінің төрайымы Айжамал Дәрменова болды. Тартысты өткен байқауда бас жүлдені А.Бердіханова, І орынды Е.Әлібек, ІІ орынды А.Асқарқызы, ІІІ орынды Р.Бақытжанова мен Б.Қорғанбекова иеленді. Барлық жарысқа қатысқан оқушыға Алғыс хат пен бағалы сыйлық берілді.

Жас спортшылар бақ сынаған күресте жеңіс тұғырынан -50 келі салмақтан жүлделі І орыннан Б.Көпболсынов, ІІ орыннан Б.Рүстембек, ІІІ орыннан Б.Бақытбек пен И.Алмағазы көрінді. Сонымен қатар +50 келі салмақтан І орын М.Бақытбекке, ІІ орын Қ.Жасұланұлына, ІІІ орын Қ.Сансызбайға және Е.Серікбайға бұйырды.

Туған жердің тарихын, елдің тыныс-тіршілігін, халықтың арман-мұратын, адамдық пен азаматтық қасиетті жырға арқау етіп, Сыр бойының рухани шежіресіне өзіндік үлесін қосқан Оразбай Бесбаевтың шығармашылығы ұлықталған тағылымы мол іс-шараны ұйымдастырған ауылдық клубының директоры Әсел Ибраеваға ақынның ұрпақтары өз алғысын білдірді. Іс-шара соңында ақын ұрпақтары ауылдық мешіттен ас беріп, әке рухына Құран бағыштады.

Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
13 қазан 2026 ж. 65 0