Табысты саланың пайдасын қашан көреміз?
Туризм – әлемде әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сала
Туризм кез келген мемлекеттің әлеуетін танытып қана қоймай, экономикасын дамытып, қазынасын толтыратын, жұмыс орнымен қамтамасыз ететін бірегей сала. Әлемнің көптеген мемлекеттері тұмса табиғатымен, ғажайып сәулетімен, тамырлы тарихымен баурап, туристер қатарын лек-легімен қабылдап жатады.
Туризм – дүниежүзіндегі табысты сала
UNWTO халықаралық туризм барометрі 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында әлем бойынша 901 млн халықаралық туристік саяхат тіркелгенін хабарлады.
Ал аймаққа қарай бөлетін болсақ, туристердің келуі Африкада (+9%), Еуропада (+8%), Азия мен Тынық мұхиты өңірінде (+6%), Таяу Шығыста (+5%) және Америка аймағында (+3%) артқан.
2016 жылғы есептік көрсеткішке көз салсақ, Францияға 82,6 млн турист барған, туризм саласы 43 млрд доллар пайда әкелген. Одан кейін АҚШ тұр, бұл елге 75,6 млн турист барып, Америка қазынасын 206 млрд долларға толтырған. Испания да туристерге ұнайтын ел қатарында – 75,6 млн адам барып, 60 млрд табыс түсірген. Сонымен қатар Қытай, Ұлыбритания, Германия, Мексика, Тайланд, Малайзия, Гонконг, Австралия елдері туристер аса қызығушылық танытатын мемлекеттер қатарында.
Бұл елдердің қатарында Қазақстан азаматтары турист ретінде санаққа енсе де, әзірге туризмі дамыған ел ретінде есепке кірмей тұр. Сондықтан бүгінде Қазақстанда туризм саласын дамыту, инфрақұрылымды қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі.
Дамудың тәсілі – тың бастама
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Бүгінде әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушілер туризмі мен ішкі туризм кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады» деп атап көрсетіп, туризмді дамытуға тапсырма берді.
Елімізде туризмді дамытуға көңіл бөлініп келеді. Мысалы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен «Туристік Қамқор» қорының құрылуы осының айғағы.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы шетелдік қонақтар мен инвесторлардың қатарын арттыру мақсатында құрылған. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бақылауындағы бұл салада Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 6 аймақтық мәдени кластерді құру жоспарланған.
Астана – мәдениет тоғысқан геосаяси аймақ, Алматы – өркениеттің бесігі, Шығыс Қазақстан – Алтай жауһары, Батыс Қазақстан – Каспий қақпасы, Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, Солтүстік Қазақстан – табиғат пен көшпелі мәдениеттің бірлестігі. Әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, елімізде туризмнің тұрмыс-салт, экология, аңшылық, мәдени-танымдық, медицина және спорттық салаларын дамытуға басымдық беріліп отыр.
Туризм саласы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жиі талқыланатын тақырыпқа айналған. Бүгінде «Атамекен» ҚР ҰКП мен «Kazakh Tourism» ҰК арасында туристік саланы дамыту жөнінде ынтымақтастық жасалған. Бұл байланыс отандық туристік өнімді таныту, ішкі және сыртқы нарыққа талдау жүргізу, шетелдік тәжірибені зерделеу, көшпелі туризмді дамыту үшін әлеуетті нарықты анықтау, отандық туристік бизнестің мүддесі үшін бірлескен шаралар ұйымдастыру секілді бірқатар бағыттарды анықтап, бірге күш салып жұмыс істеуді мақсат тұтып отыр.
Ішкі туризм: ахуал қандай?
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2017 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда шығу (4,9%), кіру (18,1%) және ішкі туризмнің келушілерінің (25,0%) санының өсуі байқалған.
Сонымен қатар, Статистика комитетінің санағы бойынша елімізде келушiлерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының саны 2997 бірлікті құрап, ондағы орналастыру орындары саны 66555 бөлмеге есептеліп, олардың біржолғы сыйымдылығы 154625 төсек-орынды құрайды. Олармен 4107,9 мың адамға қызмет ұсынылып 84844,7 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте курорттық аймақтарда 858,3 мың ішкі және 15,8 мың кіру келушілері тіркелген.
Республиканы әр аймағында емдік-сауықтыру орындары жұмыс істеп, туристерге қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, Шортанды-Бурабай, Алматы, Баянауыл, арқаралы, Кендірлі, Сарағаш, Қостанай, Алтай, Алакөл, Зеренді, Балқаш, Бұқтырма, Шымбұлақ, Қатон-Қарағай курорттық аймақтары мен тау-шаңғы курорты жұмыс істейді.
Дегенмен елімізге турист ретінде келушілерден гөрі, іскерлік мақсатта жұмыс бабымен жолы түскендердің саны басым. Сондай-ақ 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде барлығы 4 107 907 адамға қызмет көрсетіл
Ал сапар мақсаттары бойынша курорттық аймақтарға орналасқан келушілер санына қарай Алматы (401 342) мен Шортанды-Бурабай (124 418) курорттық аймақтарының көрсеткіші жоғары. Сонымен қатар, Зеренді, Бұқтырма, Алакөл, Қарқаралы аймақтарына да қызығушылық танытқандар саны көз қуантады.
Мысалы Алматы курорттық аймағында тіркелген 401 342 адамның 397 924-і жеке келушілер болса, 3264-і іскерлік және кәсіби резиденттер, сонымен қатар 150 келуші резидент еместер. Осылайша курорттық аймақтарда демалушылар тірекелетінін байқауға болады.
Ой қорытқанда...
Дүниежүзіндегі туристік алпауыт елдердің қатарында ену үшін Қазақстандағы ресми статистика мыңдап емес, миллион, миллиардтап жүргізілу керектігі сөзсіз анық. Алайда ашық теңізде тек Каспий теңізінің болуы, инфрақұрылымның дамымауы, жол сапасының төмендігі, климаттық қолайсыздық пен қызметтің тым қымбаттығы шетелдіктердің ғана емес, өз отандастарымыздың қызығушылығын бәсеңдетері анық. Бұл саладағы реформалық шешімдер мен қордалаған мәселелердің түбегейлі шешілуі даму қарқынын үдетер. Ал оған дейін заң мен тәртіптегі ережелерді ыңғайлап, шағын және орта бизнестің дамуына қолдау білдіруге күш жұмсау керек-ті...
Қарлыға Телман
Пікір 3