Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін ауданға Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаттары Қ.Сұлтанов, Б.Ізмұхамбетов, А.Тасболатов, Б.Кесебаева, М.Ерман, А.Ералиев, Г.Шиповских іссапармен келіп, әлеуметтік нысандарды аралады. Халық қалаулыларын аудан әкімі Ғ.Қазантаев күтіп алып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Құрметті меймандармен бірге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов бірге жүрді.
ҚР Мәжіліс депутаттары, алдымен, аудан­дағы тіректі елді мекен Ақжарма ауылында болып, кәсіпкерлік нысандармен танысты. Ауылдағы «Ақжарма және К» ШҚ-ның күріш өңдеу зауытына барып, Сыр салысын ақтау жұмыстарын көрді және «Ақжарма Инвест» өндірістік кооперативінің жұмысымен таныс болды. Мұнда шаруашылық төрағасы Қ.Нұрсейітов атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді. Биылғы жылы мол өнім жинаған шаруашылықта 2012 жылдан бері күріш өңдеу зауыты жұмыс жасап келеді. Осы жерде өңделген өнім ауданды, аймақты күрішпен қамтып отыр. Бұдан бөлек, шаруа қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Солтүстік өңірден асыл тұқымды мал алынып, мал басын ірілендіру, асыл тұқымды мал асырау жұмыстары жолға қойылған. Осының нәтижесінде, бүгінгі таңда шаруашылық мал бордақылау алаңы және сүт өңдеу зауыты құрылыстарын жүргізуде.
Мұнан соң халық қалаулылары елді мекен тұсынан салынған «Нұрлы жол» сервистік кешені жұмысымен танысты. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан кешенде құрметті меймандар «Ақжарма-2» ШҚ (төрағасы М.Бисенов) жұмысына да қанық болды.
Іссапар барысында аудан орталығына келген депутаттар «Достық үйін» аралап көрді. Бұл жерде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы қоғамдық ұйымдар бір жерге топтастырылып, аудан ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға барлық жағдай жа­салғандығын жеткізді. Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің төрағасы республика бойынша алғаш Сырдария ауданында құрылған Қоғамдық кеңес жұмыстарымен де таныстырды. Бүгінде арнайы Заң болып бекітілген Қоғамдық кеңес ауылдардағы барлық мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп отырғандығын тілге тиек етті. Атап айтқанда, жұмыссыздық, елді мекендерге әлеуметтік нысандар салу, оның сапасы, халық арасындағы түйткілді мәселе, тіптен, отбасында орын алған олқылықтардың дұрыс шешілуіне септігін тигізіп келе жатқандығын атап айтты.
Ардагерлер бөлмесінде халық қалау­лылары бильярд, тоғызқұмалақ, шахмат ойнап жатқан ардагерлермен тілдесті. Бүгінде тоқсанның үстіне шыққан еңбек ардагері Р.Бәйменов ауданда қарияларға барлық жағдай жасалып, зор құрмет көрсетіліп жатқанын жеткізді. Ал аудандағы өзге ұлт өкілдерімен кездесуде Л.Махмурзаева ауданда көптеген этнос өкілдері тату-тәтті тұратынына тоқталды. «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» болған жандар осы жерде үнемі бас қосып, ұлттардың салт-дәстүрлеріне құрмет көрсетіп, айтулы мейрамдарды атап өтіп, мерекелік шаралар ұйымдастыратынын айтты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ауданда көптеген жұ­мыстар жасалуда. Солардың ең бастысы – өткен жылы ашылған «Сырдария ауданының Құрметті азаматтарының аллеясы» мен «Еңбек даңқы» музейі. Мәжіліс депутаттары бұл жерге де арнайы ат басын бұрып, ауданның тарихынан сыр шертетін музеймен танысып шықты. «Еңбек даңқы» музейінде аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова осы жерден шыққан дарынды тұлғалармен, қанды қырғында жаумен шайқасқан соғыс ардагерлерімен, еңбек майталмандарымен, жалпы ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық тұрғыдан дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалармен таныстырып, сырдариялықтардың жеткен жетістіктерін атап көрсетті. Құрметті меймандар рухани жаңғыру аясында салынған музей тұрғындардың рухани азық алатын орталығы екенін атап, бұған жоғары бағаларын берді.
Ауданға іссапарда мәжілісмендер «Амбу­латориялық-емханалық қызметі бар» ау­дандық орталық аурухана жұмысының барысымен де танысты. Аудандық емханада халық қалаулылары емдеу бөлмелерін аралап, заманауи техникалық құрал-жабдықтарды көр­ді. Орталық аурухананың жұмысымен ауданның бас дәрігері Н.Мырзағалиева таныстырды.
Жалпы, аудандық орталық аурухана құрамында аудандық емхана, 9 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет, 135 төсек орындық тәуліктік стационар, 105 төсек орындық күндізгі стационар қызмет көр­сетеді. Онда 81 дәрігер, 371 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Өткен жылы емдеу мекемелеріне 149245 тұрғын дәрігер қабылдауына келген. Аудандық емхананың заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2015 жылы 42,2 пайыз, 2016 жылы 72,3 пайыз, 2017 жылы 81,5 пайызға артып, жалпы 93,3 пайызға ұлғайып отыр. Емдеу мекемесін аралағаннан кейін Мәжіліс депутаттары медицина қызметкерлерімен кездесті.
Кездесуді аудан әкімі Ғ.Қазантаев ашып, елге арнайы атбасын бұрған қонақтармен таныстырды.
Алғашқы сөзді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қ.Сұлтанов алды. Мәртебелі мейман 2018 жылдан бастап іске асуы тиіс міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске асуы кейінге шегерілгенін атап айтты.
– Түсінгендер де, түсінбей жатқан кісілер де бар. Сондықтан әлі де үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүре береді. Мұндағы басты мақсат – медициналық мекемелер мен қызметкерлердің жұмысын барынша молырақ қамту, кейбір тұстарын жетілдіру. «Ақылдасып пішкен тон келте болмайды» дегендей биыл 3 жылға арналған ел бюджетін қабылдадық. Алда үлкен перс­пективалы жоспарлар бар. Әлеуметтік сұраныс өте жоғары. Осы тұста, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» атты мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі өте зор, - деген Қуаныш Сұлтанұлы Сыр өңіріндегі ілкімді істерге көңілі толатынын айтты. Сонымен қатар, рухани жаңғырудың астарында сананы, сапаны жаңғырту, ұлттық кодты сақтау, бәсекеге қабілеттілікті арттыру жатқанын, елімізде ауқымды жобалар іске асып, медициналық кластерлер жұмыс жасап жатқандығын, адам денсаулығы – қымбат байлық екендігін, ең ауыр деген оталардың елімізде жасалып жатқандығын, техникалық, технологиялық зор жетістіктерге жеткендігімізді атап өтті.
Мұнан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Б.Ізмұхамбетов, Б.Кесебаева, А.Тас­болатов сөз сөйлеп, аудан аумағында іске асырылып жатқан мемлекеттік бағ­дар­­­ламалардың игілігін халық көріп отыр­ғандығын, жасалған жұмыстарға көңілдері толатындығын жеткізді. Аудан дәрігерлері атынан Т.Раманқұлова ризалық сезімін білдірді.
Іссапар соңында халық қалаулылары «Әлеуметтік дүкенге» барды. Мұндағы көп балалы отбасыларға көрсетілетін жеңілдіктерді біліп, ауданда жасалып жатқан ауқымды жұмыстарға жоғары баға берді.

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ,
Е.СӘРСЕНБЕКҰЛЫ

05 қаңтар 2018 ж. 1 323 0