КӘСІПКЕРЛІККЕ КЕҢ ӨРІС
Елді мекендердегі шағын және орта бизнестің даму барысын бірінші болып А.Тоқмағанбетов ауылының әкімі Ғ.Алданазаров таныстырды. Бүгінгі күнге ауылда тіркелген кәсіпкерлер саны – 180, оның ішінде жұмыс жасап тұрғаны – 156. Осының нәтижесінде, 298 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ал биылғы жылғы наурыз айынан бастап 35 кәсіпкер тіркеліп, жұмысын бастаған. Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағытына сәйкес «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы «Игілік Береке» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі «Мал бордақылау және көбейту» жобасы бойынша 14,0 млн. теңге несие алып, 5 адамды жұмыспен қамтыған. Үстіміздегі жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының грант бөлу тетігі бойынша жеке кәсіпкер «Айзеренің» құны 300,0 мың теңгені құрайтын «Шаштараз ашу» жобасы қаржыландырылыпты.
Мұнан соң Аманкелді ауылының әкімі Қ.Құлымбетов биылғы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының грантымен құны 3450,0 мың теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылып, 8 адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Қоғамдық монша ашу», «Тігін цехын ашу», «Омарта ашу» және «Кондитерлік цех ашу» жобалары қолдау тауып, халық игілігін көруде. Бұл жылы елді мекенде 15 кәсіпкер тіркеліп, 17 жұмыс орны ашылған. Ал жалпы алғанда Аманкелді ауылында 110 кәсіпкер тіркелсе, оның 106 жұмыс жасап тұр.
Келесі кезекте Қоғалыкөл ауылының әкімі Б.Рахымбеков үстіміздегі жылы 24 жаңа жұмыс орны ашылып, 17 кәсіпкер тіркелгенін атап көрсетті. Оның ішінде, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бағытына сәйкес қысқа мерзімді оқуда кәсіби білім алған 7 азамат жұмысқа орналасқан. Осы айда жеке кәсіпкер «Досжанованың» жеке қаражат есебінен «Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсететін орталық ашу» жобасы жүзеге асырылып, шаштараз, тігінші, аяқ киім жөндеу, массажист және компьютерлік қызмет түрлері көрсетілуде. Бүгінгі таңда Қоғалыкөлде тіркелген 135 кәсіпкерлік субъектінің 125-і жұмысын жасап тұр.
Аймақ басшысына Айдарлы ауылының әкімі Ғ.Дүйсебеков те есеп берді. Елді мекенде осы жылы біршама ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Жан-арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі «Сорқұдық» көліне 10000 бас қаз асырау жобасын қолға алған. «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС қаржыландырған жоба құны 90,0 млн. теңгені құрайды. Аталған жоба жылына қуаттылығы 60 тонна құс етін өндіруге қауқарлы.
Мұнан бөлек, «Орда» шаруа қожалығы жеке қаражаты есебінен құны 20,0 млн. теңгені құрайтын «Жүгері егу» жобасын жүзеге асырған. Ағымдағы жылы 300 гектарға дәнді жүгері егіп, 600 тонна өнім алыпты. Сонымен қатар, «Орда» шаруа қожалығы өз қаражатына жаңа технология бойынша 100 гектарға «Торпедо» сортты қауын егіп, 2000 тонна өнім жинаған. Өнім өз елімізбен қатар, Ресей мемлекетіне (100 тонна) экспортталған. Аталған үш жобаның нәтижесінде 32 айдарлылық жұмысты болған.
Бүгінде елді мекенде тіркелген 71 кәсіпкер жұмысын жандандыруда. Оның ішінде 15 кәсіпкер үстіміздегі жылы жұмысын бастаған.
Жетікөл ауылында да ағымдағы жылы серпіліс бар. Ауыл әкімі Ж.Қожахметов елді мекенде ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің өндірген көкөніс, бақша, ет, сүт өнімдерін сататын азық-түлік дүкені ашылғанын айтты. Оған қоса, биылғы жылы ескі ауылдық клуб ғимараты қайта жөндеуден өткізіліп, халыққа қажетті шаштараз, аяқ киім жөндеу шеберханасы және фотосалон ашылғанын жеткізді. Нәтижесінде, 2017 жылы 23 кәсіпкер тіркеліп, 28 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жалпы ауылда 67 кәсіпкер кәсібін дамытып, 92 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауыл әкімдері есебінің барысында аудан басшысы Ғанибек Қонысбекұлы саланы дамытуда өзге аймақтармен келісімге келіп, біріге жұмыс жасауды жандандырып жатқандығын айтты. Ал аймақ басшысы елді мекен әкімдеріне кәсіпкерлікті өркендету үшін тынымсыз еңбек ету керектігін ескертті. Аталған сала ауылда дамыса, халықтың жағдайы жақсы болатынын атаған облыс әкімі ауыл әкімдері кәсіпкерлік саласының қыр-сырын жетік меңгеруі тиістігін тілге тиек етті.
Мұнан соң аймақ басшысы Ақжарма ауылында ашылған «Толғанай» дәмхана және дүкен кешенін аралап, жеке кәсіпкер Нұрсұлу Дүйсенованың жұмысына табыс тіледі. Ауылға кіреберісте орналасқан 80 адамға арналған дәмхана мен дүкен кешенін жеке кәсіпкер осы жылы жаңадан салып, қараша айында іске қосты. Тамақтандыру орны ауыл тұрғындарына шағын мерекелік той, ас беруге және тағы да басқа іс шараларды өткізуге қолайлы. Мұның ішінде Нұрсұлу Дүйсенова кәсіпті дөңгелетуге жасалып жатқан қолдауға өз алғысын жеткізді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты, «Ақжарма-2» ШҚ төрағасы М.Бисенов ата кәсіптен мол өнім жинап, қамба қызылға толып, еңбеккерлердің мерейі үстем болғанын жеткізді. Олбыс әкімі Қ.Көшербаев «елде болса, ерінге тиетінін», ел азаматтары, жомарт жандар барда ауыл өркендеп, дами беретінін атап көрсетті.
Осы күні өңір басшысының төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында елді мекендердегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған көшпелі жиын өтті. Жиында кәсіпкерлікті өркендету, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне қолдау көрсету мәселелері талқыланып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Е.БЕРКІНБАЕВ