Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АУДАН АЖАРЫ АЙШЫҚТАЛА ТҮСТІ

АУДАН АЖАРЫ АЙШЫҚТАЛА ТҮСТІ


Апта ағымында аудан орталығы Тереңөзек кентіндегі «Тағзым» алаңында орналасқан ескі мешіт ғимараты аудандық музейдің «Еңбек Даңқы» филиалы ретінде жұмысын бастады. Сондай-ақ, «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы ашылды. Айтулы шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев, аудан әкімі Ғ.Қазантаев, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, «Нұр Отан» партиясы облыстық фил­и­ал төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев, аудандық мәслихат хатшысы е.әжікенов, облыстық мәслихат депутаттары Р.Есенов, Ж.Нұрымбетовтер қатысып, аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Ағымдағы жөндеуден өткен нысанның ашылу салтанатында аймақ басшысы құттықтау сөз сөйледі.
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ел мен жер тарихын қалыптастырып, ұрпаққа үлгі болған тұлғаларды дәріптеуге ерекше басымдық берді. Сыр өңірінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан елжанды азаматтар көп. Біз, әркез ғұмыры ғибратқа, тағдыры тағылымға, өмірі өнегеге толы азаматтарды мақтан етеміз. Олардың атқарған қызметтері, еткен еңбектері мен төккен терлері өскелең ұрпаққа өшпес өнеге. Бүгін аудан орталығында жаңа музей ашылу­да. Бұл музей – аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық. Ал, «Құрметті азаматтар» аллеясы – еңбек адамына деген ерекше құрметтің жарқын белгісі. Алдағы уақытта бұл орын аудан тұрғындарының және қонақтарының сүйікті мекеніне айналатынына сенім мол,- деген облыс әкімі музейдің ашылуына бастамашы болған азаматтарға зор алғысын білдірді.
Мұнан соң қоғам қайраткері Алмагүл Божанова сөз алып, Тереңөзек топырағы қасиетке, ырыс-несібеге толы екенін атап өтті. Ауданнан көптеген еңбек озаттары шыққанын айтқан ол соңғы жылдары атқарылған жасампаз жұмыстарға кеңінен тоқталды. Құттықтау сөзден кейін лента қиылып, нысанның ашылуына жиналған жұртшылық жаңа музейдің ішін аралады. Сонымен бірге, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алған 99 азаматтың есімі жазылып, арнайы төсбелгінің үлгісі қойылған аллеямен танысты. Айта кету керек, «Еңбек Даңқы» музейі негізгі үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім ауданнан шыққан қоғам қайраткерлерінің өмір жолынан сыр шертсе, екінші бөлімге Тәуелсіздік жылдарында жеткен жарқын жетістіктер қойылған. Ал, үшінші бөлім түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген үздік қызметкерлердің, атап айтқанда, спорт саңлақтарының, білім, өнер, мәдениет қайраткерлерінің, денсаулық сақтау саласы үздіктерінің еңбектерін қамтиды.
Нысанның ашылу салтанаты барысында аймақ басшысы қазақы үлгіде тігілген киіз үйлерді аралап, ұлттық құндылықтар, жәдігерлер, сондай-ақ, қолөнер шеберлерінің туындыларынан сыр шертетін көрмелермен танысты. Сонымен бірге, «Тағзым» алаңындағы мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, бабалар рухына тағзым жасалды. Соғыс және еңбек ардагері Я.Тасыров бата берді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
28 қараша 2017 ж. 2 285 0