Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ – БЕС ЕЛІ БАҒЫ

ЕСЕЛІ ЕҢБЕГІ – БЕС ЕЛІ БАҒЫ


«Бір қозы туса, бір түп жу­сан артық өсер» дегендей ықылым заманнан ата-ба­ба­­мыз мал шаруашылығы ар­қы­лы толағай табыстарға жеткен. Тарихы осыдан 10 мың жылдай бұрын жабайы жануарларды қол­ға үйрете бастаған уақыттан осы күнге дейін созылады. Адамдар ең бірінші кезекте мал шаруашылығын табиғи сипатта дамытқаны мәлім. Бұл орайда малдардың өнімділік бағыттары мен тұқымдарының санын ұлғайтуға жеткілікті жағдайлар болмаған. Дегенмен, еселенген еңбектің есесін берекесі тасыған шаруа кәдесіне жаратып отырған. Осыдан келіп малдың еті кисең – киім, жесең – тамақ ретінде қажетке жараған.
Осы ретте, ауданға қарасты Бесарық елді мекенінің тұрғындары мал бағуды қолға алып, қиындығын еңсерген. Бүгінде ауылдың түтіні түзу шығып, маңдай термен жұмыс күшін жеңілдету үстінде. Сондай-ақ, биылғы жыл аймақ бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы болып белгіленгені мәлім. Бұрыннан екі-үш төлін көбейтуге күш жұмсаған халық бірте-бірте кәсіпкерлік саласына бет бұрып, атадан қалған мұраны одан әрі жетілдіруге, табыс, кәсіп көзіне айналдыруда. Ауыл әкімдігі мен кәсіпкерлік палатасының кеңестеріне жүгінген шаруа иелері мал басын көбейтуге айтарлықтай машықтанған. Ендеше, ауылға арнайы барған сапар барысында мал шаруашылығы арқылы кәсіпкерлік көкжиегін кеңейткен тұрғындармен жүздестік.
Қарапайым ауыл жігіті Азамат бізге алдымен өзін таныс­тырып, ат қорасына қарай жол көрсетті. Ауласына кірген бойда мұнтаздай тазалыққа көзіміз түсті. Мұнда жылқылардың күтімі жасалғаны байқалады. Мал азығын сыртқа шықпай-ақ ауылдан алады. Жемін дайындап, шөбін арнайы құрылғы арқылы шауып береді. Бір жағынан аталмыш тәсілдің пайдасы зор. Өйткені, жылдың төрт мезгілінде жылқыға қажетті күнделікті азығын бере отырып, ысырапшылықтың алдын алады. Негізінен отбасылық кәсіпті игеріп әкеткен Азамат Белгібаев 2016 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының 2-ші бағыты ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша несие алып, мал басының санын арттырады. Бүгінде бір жылқыны 3-4 ай қорада ұстап, бордақылайды. Әкесі Мұхтар талай жылдан бері ағаш өндеумен айналысып, ұсталық шеберлігімен ауыл халқына белгілі. Ал, кәсіпкер жігіттің осы жолда жүргелі түсінгені жылқы малы тазалықты сүйеді. Текті жануар суды да талғап ішіп, жем-шөптің де кез-келгенін жей бермейді. Бүгінде жылқылардың тұратын жері де, қорасына дейін жинақы жасалған. Қыс мезгілінде қиналмай күтімін жасай алады. Әркез зиянкестен улап, мал дәрігеріне тексертіп отырады.

Ауылдың көркейіп келе жатқандығын сыртқы көріністен аңғардық. Жол бойында ауыл әкімі Назира Жүсіпова «Бесарық» ЖШС және «Абай-Дәулет» ЖШС-нің елді мекенге жасап жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Бүгінде жолдарды жөндеп, көше бойына темір қоршауларды жүргізген. Көркейту-көгалдандыру жұмыстарына өзіндік үлестерін қосып келеді. Алдағы уақытта халыққа тиімді тігін шеберханасы мен шаштараз ашуды қолға алмақ.
Осылайша берекелі Бесарықтағы жағымды жаңалық­тарды естіген біз жас кәсіпкер Ғабит Жұмаділдаевтың шаңырағына ат басын бұрдық. Мұнда үй алдынан үлкен мал шаруашылығының жұмысы толассыз жүріп жатқандығы айтпаса да түсінікті еді. Жамыраған төлдердің дауысы кәдуілгі кәсібін дөңгелеткен Ғабиттың еңбекқорлығына айқын дәлел. Былтыр «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы арқылы және «Сыбаға» бағдарламасы арқылы інісі Ғани екеуі несие алып, бүгінде мүйізді ірі қара бағытында мал бордақылау үстінде. 90-ға жуық ірі қара малын бағу үшін жұмыссыз есебінде тұрған екі азаматты жұмысқа алған. Күн сайын ауылдағы ағайын мен қала жұртшылығына сүт өнімдерін тасымалдайды. Асыл тұқымды бұқалар мен уақ малдардың күнделікті күтімі ерекше бақылауға алынған. Мал азығын жеткілікті ету жағы қарастырылған. Тек күні-түні еңбек етіп, мол өнімді межелеген уақытта үйлестіріп отыру басты міндет. Түнемелік малдарға қарауыл болатын алабай иті тағы бар. Кәсіпкерлікке әбден төселген бұлар отбасымен пайда табудың жарқын үлгісін жасап келеді.

Міне, ауылдағы соңғы аялдамамыздың бағыты белгілі еді. «Жылқы – малдың патшасы» деген сөзді берік ұстанған Қуаныш Бексейітов шаңырағына табан тіредік. Жылқының үстінде жастайынан ойнақтап өскен Қуаныш бірнеше жылдан бері мал шаруашылығына көңіл бөлген. Оның ішінде жылқы бағуды қолға алған. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы арқылы несие алып, кәсібін жүргізуде. Жылқы бабын келістірген ол үнемі тынымсыз еңбек етеді. Қолда барды бордақылап сатылымға шығарады. Осы күні кәсіпкерлікті қолдау арқылы жүзеге асқан бағдарлама шапағатын көруде. Алдағы уақытта шаруасын кеңейтуге бар күшін салуға ниетті екендігін байқатты.
Ауыл халқының қашанда белсенділігі көңіл қуантады. Үйде жұмыссыз отырып қалмай қолдан келер іске бейімделгені құптарлық. Біз тілдескен азаматтардан бөлек ауылда ірілі-ұсақты кәсіп ашқан азаматтар жетерлік. Бизнеске бет бұрып, алға қойған мақсаттары орындалған азаматтардың еңбегі жана берсін демекпіз.
Б.ОРДАБЕКОВ
30 шілде 2018 ж. 1 107 0