КӘСІПКЕРЛІКТЕГІ ҚАРҚЫНДЫЛЫҚ
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші туған өлке дамуына зор үлес қосқан азаматтар қатары баршылық. Елім деп еміренген кезде ғана халықтың әлеуеті жақсарады. Қашанда тұрған жерді көркейту мақсатында елді мекендерде нәтижелі жұмыстар легі жалғасын табуда. Ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылы бүгінде жан-жақты дамуда. Соның ішінде кәсіпкерлік саласы да кенжелеп қалған емес. Оған дәлел инвестор «Абзал және К» толық серіктестігі ауылдың гүлденуіне, бұрынғы тозығы жеткен әлеуметтік нысандардың жаңаруына айтарлықтай үлес қосты. Қазіргі таңда қараса көркіне көз тоятын ауыл келбеті айшықты. Несібесін ауыл халқымен бөліскен «Абзал және К» толық серіктестігі былтырғы жылы «Азық-түлік немесе ауыл шаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығын алды. Міне, аталмыш алпауыт компанияның жұмысы ілгері басып, қазаны оттан түспеген ауыл тұрғындарының әлеуетін барынша көтеруде. Бұдан бөлек ауылда біршама кәсіпкерлік субъектілері қарқынды жұмыс жүргізу үстінде. Сауда-саттық бағытындағы дүкендер тұтынушыларды қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Ауыл орталығында халыққа тиімді қызмет ететін қоғамдық монша, тойхана, секілді кәсіпкерлік нысандар халық игілігіне жарап тұр. Сонымен қатар «нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының І-ші бағытына сәйкес қысқа мерзімді техникалық білім алу және қайта даярлау мақсатында Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде электр газбен дәнекерлеуші және шаштараз мамандықтары бойынша жас мамандар біліктіліктерін жетілдіруде. Бағдарламаның екінші бағытына сәйкес ауыл шаруашылығын қолдау қорынан жылқы малының басын көбейту бағытында ауыл тұрғындары несие алып, жұмыс жасауда. Сондай-ақ «Әлихан-Заңғар» өндірістік кооперативі өңірлік инвестиция орталығынан мол қаражат алып, мал басын көбейтуді қолға алған. Ал, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы негізінде кәсіп ашуға ниетті жандар баршылық.
Жұмыссыз бос жүргенді қолайлы көрмей, қолдан келер істі шағын кәсіп көзіне айналдырғандар енді кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде. Ауыл әкімшілігінде кәсіпкерлерге арнайы бағыт беруші мамандар аудан орталығында орналасқан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен тығыз байланыс орнатып, кәсіпкерлерге көмек көрсетуде. Оған себеп «кәсіп ашамын» деген әрбір азамат арнайы оқыту курстарынан өтіп, бизнес-жоспарды жасауды үйреніп, нәтижелі табыс табуға талпынады. Биыл аймақ басшысы өңірімізде «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялағаннан бері кәсіпкерлік субъектілері көбейіп, түрлі бағыттағы шағын және орта бизнес көкжиегі кеңейіп келеді. Кез келген тұрғын өзіне қолайлы кәсіпті игеруге икемделу үстінде. Шығын көзі аз, бірақ табысы мол кәсіппен айналысуға машықтанған тұрғындар ауыл халқын қажетті тауарлармен қамтамасыз етеді. Осы орайда Нағи Ілиясов ауылына ат басын бұрып, кәсіпкерлік жайымен танысып қайтқан болатынбыз.
Б.ОРДАБЕКОВ