Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЫРЫСЫ ОРТАЙМАҒАН АМАНКЕЛДІ

ЫРЫСЫ ОРТАЙМАҒАН АМАНКЕЛДІ


«Ел – иесіз, жер киесіз болмайды», – деген қазақ даналығы қашанда мән-мағынасын жоғалтқан емес. Әр адамға ауылын көркейтуге үлес қосу абыройлы іс. Туған жер перзенттері адалынан қызмет етіп, көктеп-көгеруге, құлашын кеңге жайған елді-мекен азаматтары болуға талпынады. Барлығына өзі туып өскен жердің топырағы ыстық көрінеді. Бүгінде ауылдар тіршілігіне қан жүгіріп, бұрынғы тұралап қалған тіршілік көздері қайта жаңданып келеді. елді-мекендердің жыл сайынғы әлеуеті артып, серпінді істерге инвестиция тартылуда. Жақында ауданға қарасты Аманкелді ауылында болып, қазіргі таңда жүзеге асып жатқан ілкімді істерді көзімізбен көрген болатынбыз.

Тарихы өткен ғасырдан бастау алатын ауылда осы уақытта екі мың сегіз жүзден аса жан басы тұрады. Экономикалық белсенділігі жоғары халық арасында анық мақсат қалыптасқан. Олар ауылдың көштен қалмай жаңа заманға лайық өсіп-өркендеуіне мұрындық болады. «Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін» тынымсыз еңбек етіп, күн-көріс қамын күйттейді. Жас­тар түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жан-жақтылығымен дараланады. Ауыл ақсақалдары жазылмай қалған том-том дас­тан секілді. Халық ауыз әдебиеттерін жатқа айтьп, ұрпақ санасына сәуле құяды. Алғашқыда Аманкелді шағын кеңшар ретінде құрылып, сол кезеңде шаруашылықты айтулы азаматтар алға сүйрегендігі арқасында елді-мекеннің тасы өрге домалап, республикаға білгілі қаракөл елтірісін өндіретін ірі өндіріс орнына айналды.
Орталықтан алыс жатқан ауыл биыл 90 жылдығын тойлайтын ауданымыз үшін берекесі қазанында қайнаған, қасиетті мекен. Бүгінде ауылда халыққа бір мектеп-лицей, балабақша, аурухана, ауылдық мәдениет үйі, кітапхана, қазпошта бөлімшесі, ветстанция, ауылдық әуез мектебі, спорт мектебі қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ауылда 21 тыл ардагері, 31 «Алтын алқа» және 71 «Күміс алқа» иегерлері тұрады. Ал, ауыл шаруашылығы саласы бойынша былтырғы жылы ауыл тұрғындарының есебі негізінде (шар­уа қожалықтарындағы малды қоса алғанда) 2908 бас ірі қара, 2080 бас уақ мал, 1574 бас жылқы, 269 бас түйе және 752 бас құс өсірілсе, егін егуде жеке қожалықтармен барлығы 219 га егін, атап айтқанда: 8 га картоп, 5 га бақша, 6 га көкөніс, 30 га жүгері, 50 га бидай егіліп, ауданда орта көрсеткіші деңгейінде өнім алынған. Тұрғындар денсаулығын жақсартуға байланысты тың бастамалар жүзеге асады. Әр кезеңде Аманкелді ауылдық ауруханасының қызметкерлері бас дәрігердің тапсырмасына сәйкес 5 орындық күндізгі, 10 орындық тәуліктік мерзімде адамдарды қабылдап, емдеп жазады. Бүлдіршіндерді 1980 жылы типтік жобада салынған «Айгүл» балабақшасы 6 топ бойынша 125 баланы тәрбиелейді. 13 педагог мектепке дейінгі білімнің негізін қалайды. Мәдениет саласында да жыл сайын жаңалықтар легі толас­тамай өз қарқындарына дем береді. Аудандық, облыстық, республикалық халықаралық байқаулардан ауыл өнерпаздары топ жарып, аудан мерейін асқақтатады. Бұдан бөлек басқа да салалар өз қарқынның жоғалтпай ауыл тіршілігін жандандырмақ. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларға қол жеткізіп, бағдарламалар бойынша оңалту шаралары айрықша маңызға ие. Ауылдағы кез-келген мәселелерді Қоғамдық кеңес мүшелері өзара талқылап, бір шешімін шығарады. Көпті көрген қариялардан ақыл сұрай барғанда мол тәжірибесін айтып, айқын бағытты сілтеп отырады. Үкіметтік емес ұйымдардар да өз кезегінде жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіреді. Имандылық жолында әркез ауылдық мешітке келіп, діни уағыздарды тыңдайды. Рухани азық алып, жастар мен ересектер жұма намазда жүздесіп, елдің амандығын бір Алладан сұ­райды.
Биылғы жыл облыс бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы болып белгіленгені мәлім. Ендігі кезекте бизнес саласындағы ауыл жаңалықтарына тізгінді берсек. Негізінен кәсіп ашу жұмыссыздық деңгейін бәсеңдетеді. Тұрғындардың кәсіп ашуына «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары айрықша мәнге ие. Ауылда жекелеген кәсіпкерлер жұмысын дөңгелетіп, тиімді қызмет түрлерін тұрғындарға ұсынуда. Арнайы ауыл әкімдігі ғимаратында «Кәсіпкірлікті қолдау» бөлмесі ашылған. Мұнда жаңадан кәсіп ашқан азаматтар келіп, бизнес жоспардың қыр-сырын үйреніп, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының қызметкерлерімен тікелей байланысқа шығып, өзіне керекті ақпараттарды ала алады. Сондай-ақ, негізгі бағытымыз кәсіпкерлік саласынының ауылдағы ахуалын зерделей келе көпшілікке арналған сауда-саттық дүкендер, шаштараз, наубайхана, қоғамдық монша жұмыс жасап жатқандығын аңғардық.
23 мамыр 2018 ж. 1 388 0