ЖАҢА ҚҰРЫЛЫМ ІСІ ЖАНДАНБАҚ
Биыл аймақ бойынша кәсіпкерлікті қолдау жылы. Кәсіпкерлік өз кезегінде экономиканың қозғаушы күші. Ауданда жеке кәсібін ашып, егін егіп, мал өсіріп ауылдастарын жұмыспен қамтып отырған шаруа иелері де бар. Солардың бірі асқарлық Рашид Сқақов.
А.Тоқмағанбетов ауылдық округі бойынша 2017 жылы бес шаруа қожалығы атап айтқанда, «Мырзабек» ШҚ, «Ернияз» ШҚ, «Ақзамбек» ШҚ, «Бибарыс» ШҚ, «Азамат» ФҚ бірігіп, «Игілік – Береке» ауылшаруашылық кооперативін құрды. Төрағалығына шаруашылық басқарудан тәжірибесі бар Рашид Сқақов сайланды. Қазіргі таңда кооператив 20 жергілікті азаматты жұмыспен қамтып отыр. Жаңа ауылшаруашылық құрылымының бағыты: егін, мал, құс шаруашылығын дамыту, малды асылдандыру, бордақылау және бау-бақша егу. Биылғы көктемде шаруашылық бойынша 159 га күріш, 35 га бидай, 29 га ескі жоңышқа егілген.
Жаңа өндірістік құрылым 2017 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы 14 млн. теңге несие алып, мал басын көбейту, асылдандыру жұмыстарын қолға алды. Бұл орайда кооперативте 230 ірі қара, 5 асыл тұқымды бұқа, 110 бас жылқы күтімге алынған.
– Жаңа құрылымды құрып, жұмысымызды бастап жатырмыз. Мемлекеттен 14 млн. теңге несие алып, шөп тайлағыш, оның шөп орғышын, тырмасын алдық. Соның нәтижесінде ешкімге тәуелді емеспіз. Малға қажетті шөпті өзіміз әзірлеудеміз. Одан бөтен күріш егумен де айналысып жатырмыз. Оған да мемлекеттік қолдау бар, – дейді Р.Сқақов.
Мал тұқымын асылдандырумен және малды бордақылаумен айналысатын кәсіпкердің ендігі жоспары құс шаруашылығымен айналысу. Ол үшін жер дайындап, қорасын да салып қойды. Тауық фермасы 5 мың басқа арналған. Енді қажетті құрал-саймандарын алып келіп, іске қосу. Мал соятын алаң ашу да ойында бар. Малды асылдандырумен айналысып жатқан кооператив Орал, Ақтөбе қалаларынан және Аралдан асыл тұқымды бұқа алып келді. Р.Сқақовтың бұл жұмыспен айналысқанына 6-7 жыл болды. Малды асылдандырмай нәтиже күту қиын дейді, - кәсіпкер. Мәселен, бір жастағы өгізшені асылдандырсақ 150-160 келіге дейін ет беріп отыр. Бұл бағдарлама кәсіпкерге үлкен көмек көрсеткен.
Ауылда кәсіпкерлікті дамыту аудан экономикасына жаңа серпін бермек. Мұны асқарлықтар жақсы түсініп, көпшілікті берекелі істерімен қуанта бермекші.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ