Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК ЕРЛЕРІ ШЫҚҚАН МЕКЕН

ЕҢБЕК ЕРЛЕРІ ШЫҚҚАН МЕКЕН


Соғыс ауыртпалығы артта қалды десек те, ел көші бірден түзеліп кеткен жоқ. елге майданнан жаралы, мүгедек болып оралғандардың өзі халық ба­сындағы қиыншылықты көрген кезде, денсаулығына қа­рамастан, еңбекке араласты. «Қара қағаз» алып көкірегі шер мен мұңға толған ана мен жесір, ата мен бала тіренішті еңбектен тапты. Таңның атысы, күннің батысы еңбек майданында жүргендер 1950 жылдың ортасына дейін сол соғыс жылындағы тәртіппен, сол тұстағы нормаға сай жұмыс істеді.
Соғыс кезінде тұралаған шаруашылықтар қалпына келе бас тады. Ауданда 1946 жылы егістік жер көлемі 10425 га жеткізілді немесе 1944 жылмен салыстырғанда 3026 га артық егілді, егілген бидайдың әр гектарынан орта есеппен 8,4 ц өнім алынды.
1946 жылы егін және мал шаруашылығындағы жоғары табыс тары үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен аудан бойынша 17 адам Үкімет наградаларын алды. Аудан еңбекшілері үшін 1947 жыл да ерекше табысты болды. Бұл жылы егістік жер көлемі 10282 гектарға жетті. 880 га тың жер игерілді.
1947 жылы «Қызыл диқан» ұжымшары ауданда бірінші болып электр станциясын іске қосты. Келесі жылы осы станциядан аудан орталығына жарық берілді. Ауданға келген алғашқы 1,5 тонналық машинаға 1950 жылы «Қызыл диқан» ұжымшары ие болды. Бұл шаруашылықта нақ сол кезде диірмен, күріш ақтайтын цех жұмыс істеді. Аудандағы 18 ұжымшар түліктің барлық түрін өсіру жоспарын орындады. Оның ішінде «Қызыл диқан», «Кантон коммунасы», «Аққұм» және басқа ұжымшарлар үлкен жетістікке жетті. Аудан бойынша 10 клуб, оның ішінде ұжымшарларда 8 клуб, бір киноқондырғы, 2 көшпелі киноқондырғы халыққа қызмет көрсетті.
1944 жылы ауданда 700 дана кітап болса, 1947 жылы 3000-ға, ал 1948 жылы 9900-ге жетті. Ауданда 1 аурухана, 1 амбулатория, 12 медпункт жұмыс істеді, оларда 5 дәрігер, 16 фельдшер, 3 медбике қызмет атқарды.

1947 жылы ауданаралық орман шаруашылығы мекемесі құрылып, кеңсесі Тереңөзекте орналасты. Тереңөзек, Жалағаш, Қармақшы аудандарының орман қорын қамтитын бұл мекемеге Майжарма каналының бойынан ағаш көшетін өсіру үшін 1 га жер бөлініп, берілді. 1948 жылы егін шаруашылығының қорытындысы бойынша мол астық жинағаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен аудан бойынша 4 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды.
Күләнда Әбдіраманова 1920 жылы Тереңөзек ауданында туып, 1938-48 жылдары қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауылда жұмысшы болып еңбек етті. Соғыс жылдарында әуелі диқан, сонан соң звено жетекшісі болған қазақ әйелі тер төге жүріп, мол өнім жинауда тәжірибе де жинақтады. Соның нәтижесінде 1948 жылы оның звеносы 18 га егіннің әр гектарынан 34 ц өнім жинап, ел қамбасына мол астық құйды. Бұл сол кезең үшін өте жоғары көрсеткіш болатын. 1949 жылы 20 мамырда оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді, звено мүшелері ордендермен марапатталды.
Бұрынғы Құндызды ауылында 1885 жылы дүниеге келген «Қызыл диқан» ұжымшарының диқаны Дүйсенбай Керейтбаев төңкеріске дейін мал бақты, бертін келе диқандық кәсіпке бет бұрды. 1941-42 жылдары күріш өсіруге көшкен диқан 10 га күріштің әр гектарынан 95 ц, 1943 жылы 101 ц өнім алды. Соғыс жылдарында ол жеке өз есебінен Отан қорғау қорына 150 пұт астық, Қазақстан танк колоннасын жасауға 145 мың сом қаржы қосты. Осы еңбегі үшін 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Ибадулла Ақниязов 1929 жылы Тереңөзек ау­да­нының «Қызыл диқан» ауылында туған. Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбекке ерте араласып, 18 жасында-ақ звено жетекшісі болды. 1948 жылы оның звеносы 18 га егістіктің әр гектарынан 34 ц бидай алды. Сөйтіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1949 жылы 20 мамырдағы Жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Цой Ги Хва 1911 жылы Солтүстік Кореяда туған. Кеңестік саясаттың қыспағымен 1937
жылы туған жерінен Сыр өңіріне қөшірілген көптеген кәрістермен бірге келген ол, бұрынғы Тереңөзек ауданына орналасты. 1938-39 жылдары «Контон коммунасы» ұжымшарына кірген ол өзінің еңбекқорлығымен, іскерлігімен ел құрметіне бөленді. 1940 жылдан күріш звеносын басқарып, еңбек өнімділігіне ерекше назар аударды. Цой Ги Хва басқарған звено 1948-49 жылдары күріштің әр гектарынан 96-98 ц өнім алды. Осындай жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін оған 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Ауданда күріш өсіруден Ыбырай Жақаев дәстүрін жемісті жалғастырған Қасым Бөдеев 1900 жылы Қарағанды облысындағы Байқоңыр ауданында дүниеге келді. Ашаршылық кезінде 1932 жылы оның әке-шешесі Тереңөзек ауданына қоныс аударды, ол еңбек жолын осы Аманкелді атындағы ұжымшардан бастады.
1952 жылы оған күрішшілер звеносын басқару жүктелді. 1956 жылы Қасым Бөдеев басқарған звено 40 гектар күріштің әр гектарынан 51 ц өнім жинады. 1956-66 жылдар арасында, яғни он жыл бойы жоғары көрсеткіштерге ие болды. 20 га алқаптың әрбір гектарынан 107,6 центнерден «Ақ маржан» алды. Оған осы еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Аудан өмірі мен шаруашылығында Қараөзек арнасының маңызы ерекше. Өйткені, Қараөзек Сырдария өзенінің негізгі арнасы және бұрын Сыр суының 75 пайызы Қараөзек арнасымен ақты. Арнаның екі жағалауындағы жүздеген ірілі-майдалы көлдер және 50 мың га жуық жайылымдық-шабындық жер суға толып, жайқалып жатты. Кеңес дәуіріндегі Сырдария ауданының көкөніс, бақша, картоп дақылдарының басым бөлігі Қараөзек арнасының бойында егілді. 1950-1960 жылдары Қара-Арын көлдер жүйесінің маңында 1 Май атындағы балық ұжымшары жылына 547,5 тонна түрлі балық аулап, Қызылорда қаласының балық зауытына жіберіп тұрды. Табиғат құбылысынан және адамның осы ресурстарды дұрыс пайдаланбауынан Арал теңізі құрғап, оның салдары Қараөзек арнасына да кері әсерін тигізді.

Қараөзек станциясы маңындағы «Қараөзек» кеңшарында 1939 жылы өмірге келген Балдырған Мұстапаева жастайынан диқандық кәсіппен айналысқан ата-ана еңбегін көріп өсті. Оның күрішші болуына 1964 жылы облыста бастау алған Жақаевшылар қозғалысы тікелей ықпал етті. 1970 жылы «Шіркейлі» кеңшарына көшіп келіп, 1971 жылы «Құмкөл» учаскесінде 45 га алқапқа күріш егіп, оның әр гектарынан 58 ц өнім жинады. 1977 жылы күріштің әр гектарынан жиналған өнім 103,6 ц келді. Бұл Б.Мұстапаеваның ел алдындағы еңбегі лайықты бағаланды. Ол Қазақстан Компартиясының ХV съезіне делегат болып қатысты. Республика Компартиясының Орталық Комитетіне мүшелікке сайланды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталды. 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері құрметті атағына ие болды.
Аудан малшыларының көшін бастаған, аға шопан, Социа­листік Еңбек Ері – Ахмет Халықов. Көп жылдар бойы ауданда қой шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосты. 1963 жылы қаракөл қойының әр жүз саулығынан 160 қозыдан, 1965 жылы 185 қозы алды. Әр қойдан 3,1 кг жүн қырқып, қаракөл елтірісінің 82 пайызын бірінші сортпен өткізді. Осындай үздік жетістігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1965 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Еңбектің тайқазанын тасытып, осылай Еңбек Ері атанған аға-апалардың ізін Тәуелсіздік алғаннан кейін Нағи Ілиясов ауылының тумасы Абзал Ералиев жалғады. Ол «Абзал және Компания» толық серіктестігін құрып, ата кәсіп күріш өндірісімен айналысуда. Сыр дақылынан мол өнім алып, өндіріп, өңдеуде айтарлықта жетістікке жетті. Елге жасаған ерен еңбегі үшін 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Абзал Ералиевке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.





















































































































«Сырдария» кітабынан


28 шілде 2018 ж. 3 192 0