АУДАН ТАРИХЫ – ЕЛДІКТІҢ ШЕЖІРЕСІ
Ауданда 4 малдәрігерлік учаске және пункт, бір малдәрігерлік емдеу орны болды, үш зоотехникалық учаскеге бір зоотехник қызмет көрсетті.
Аудандағы денсаулық сақтау жүйесінде 25 орындық аурухана, 2 амбулатория 4 фельдшерлік пункт, бір акушерлік пункт, бір әйелдер босанатын үй жұмыс істеді. Ауруларға қарсы алдын ала егу шаралары жүргізіліп, аудан халқының 60 пайызы қамтылды. Аудан медицина кадрларымен 50 пайыз қамтамасыз етілген, 3 дәрігер, 5 медбибі,1 фармацевт халыққа қызмет көрсеткен.
1943 жылы да аудан еңбекшілері үлкен табыстарға жетті. Аудан бойынша мемлекетке жоспардағы 48999 центнер орнына 54804 центнер астық тапсырылды. Аудандағы колхоздардың басым көпшілігі егінді ору, жинау науқанын ұйымшылдықпен өткізіп, мемлекетке астық тапсыру жоспарын артығымен орындады. «Ақарық» колхозының бригадирі Дүйсенбаев 65 гектар ақ егісті – 20, «Қызыл диқан» колхозының звено жетекшісі Керейтбаев 20 гектар егінді 15 жұмыс күні ішінде жинап алды. Атақты диқан Керейтбаев күріштің әр гектарынан 97,8 центнерден өнім келтірді. Мәлібаев басқарған «Қызыл диқан» колхозы дәнді егістің әр гектарынан – 10, күріштің әр гектарынан – 26, картоптан – 23, үпілмәліктен – 2,40, тарыдан – 7,2 центнерден өнім жинап, өзгелерге үлгі болды. Осы колхоз мемлекет алдындағы барлық міндеттемелерінен құтылып, 1944 жылдың есебіне 548 центнер, ал «Ақарық», «Көкжиде» колхоздары 744-709 центнер астық тапсырды.
Аудан бойынша «Қызыл диқан», «Ақарық», «Қызылөзек», «Қызылорақ» колхоздары малдың барлық түрінен өнім өндіру жоспарлары мен міндеттемелерін орындап шықты. Чапаев атындағы колхоздың жылқышысы Қызылбаев 16 биеден 16 құлын, «Айнакөл» колхозының түйешісі Нұрқожаев 17 түйеден 17 бота алып, өсірді. «Қызылөзек» колхозының шопаны Төлемісова, «Красная звезда» колхозының сиыршысы Сары Жәрімбетов, №13 ауылдық Кеңес төрағасы Боранбаева мал шаруашылығын өркендетуге сіңірген еңбектері, малдан төлді көп алып, аман сақтағаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталды.
Ауданның жергілікті басқару органдары 1944 жылы да жоғары табыстарға қол жеткізудің барлық мүмкіндіктерін жасады. Осы орайда Шолақарық, Аламесек, Жаңаауыл, Далакөл, Ақжарма ауылдық Кеңестері бірқатар жұмыстар жүргізді. Олардың арасында Шолақарық ауылдық Кеңесінің төрағасы Оралбаевтың басшылығымен ауыл активтері ортақ жұмысқа белсене араласты. Соның нәтижесінде егісті дер кезінде жинау қамтамасыз етілді.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ қорғаныс қорын жасау және оған үлес қосу патриоттық бастамалары кең өріс алды. Осыған байланысты Қызылорда облысының аудан орталықтарында қан майданның ортасында жүрген жауынгерлерге киім дайындайтын арнайы шеберханалар, тұрғындардан киім-кешек қабылдайтын комиссиялар құрылды. Тұрғындардан жиналған материалдардан жылы киім тігу үшін тігін машиналары бар үй шаруасындағы әйелдер қатыстырылды.
1942 жылы Тереңөзек ауданының еңбекшілері мемлекетке 208944 пұт астық өткізді. Қызыл армияға 43962 пұт, ал колхозшылар өздерінің астық қорынан 20718 пұт астық берді. Аудан еңбекшілері Тамбов облысы колхозшыларының танк колоннасын жасау қорына қаржы жинау туралы шақыруына үн қосты. Олар «Қызылорда колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға 2203231 сом, «Қазақстан комсомолеці» жауынгерлік самолет эскадрилиясын жасауға 119898 сом ақша жинап, мемлекет банкісіне өткізді. Майданға 8598 дана жылы киім, оның ішінде 559 тон,1947 жүн байпақ,770 жылы кеудеше, 810 құлақшын берді. Отан қорғау қорына 153839 сом, танк жасауға 89745 сом қаржы бөлді. 590 центнер күріш, 49 центнер қақ, 506 центнер бидай жөнелтті. Ал «Қызыл диқан» колхозының колхозшылары Отан қорғау қорына 2516 центнер астық, 185 центнер ет, 151 мың дана жылы киім, танк колоннасын жасауға 145 мың сом ақша берді.
Халықтың майдандағы қанды қырғын ортасында жүрген жауынгерлерге деген қамқорлығында шек болмады. Тереңөзек ауданының әрбір тұрғыны қолдарынан келгенше көмек беруге тырысты. Тіпті, ауыздағыларын жырып беріп, ішіп отырған азық-түліктерін де аямады.
«Қызыл диқан» колхозының звено жетекшісі, күріш өсіру шебері Керейтбаев Дүйсенбай 1942 жылы 15 гектар күріштің әр гектарынан орта есеппен 120 центнерден өнім алды. Д.Керейтбаев өзінің адал еңбегімен тапқан қаржысынан танк колоннасын жасауға 145 мың сом, Отан қорғау қорына 150 пұт астық берді. Осы колхоздағы атақты стахановшы Арғынбаев Қалмағамбет 690 пұт, «Бостандық жолы» колхозының қарт колхозшысы Аманбаев Бектас 250 пұт, «Шымбөгет» колхозының колхозшысы Күндәулетов Көбек 310 пұт, «Көкжиде» колхозының колхозшысы Досбенбетова Күлән 450 пұт астықты, осы колхоздың колхозшысы Төменбаева 32 келі күріш, 10 келі етті Қызыл Армиясының қорына өткізді. Соғыс жылдарында майдандағы жауынгерлердің тылда қалған отбастарына жәрдем беру Қызыл Армияға берген көмекпен бірдей есептелді. Мұндай көмектің маңызды болғаны соншалық, жергілікті кеңестер майданда етігімен қан кешіп жүрген жауынгерлердің отбастарына жәрдем ақының уақытылы берілуін қатаң бақылауға алды. Еңбекшілер депутаттары аудандық, қалалық Кеңестері жанынан комиссиялар құрылып, оның төрағасы қызметін атқару комитет төрағасының орынбасарлары немесе әскери комиссарлар мен әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушілері атқарды.
Жалғасы бар...
Пікір 2