Ат үстінен түспеген ана

Таңмен таласа оянып, балалары үшін тынбай тірлік істеп жүретін жанның бірі – Алтынкүл Дүйсенбайқызы. 1974 жылы еңбек жолын әртүрлі жұмыс түрінен бастаған жан сиыр да сауғанын, қой да қырыққанын айтып өтті.
– Жастайымнан еңбекке араластым. Жұмыстың үлкені, кішісі деген жоқпын. Күріш алқаптарын дайындауға да бардым, дәнді-дақыл піскеннен кейін күзде комбайнмен күріш жинаудан да қалған емеспін. 1976 жылға дейін әртүрлі жұмысқа бейімделдім. Оқу бітіргеннен кейін сол кездегі Қоғалыкөл совхозында төрт жылдай кітапханашылық қызмет атқардым. Сөйтіп жүріп өмірлік жолдасым Ибрагим Белгібаевты жолықтырып, қазіргі Бесарық ауылына келін болып түстім. Отағасы ауылдың совхозында механизатор болып еңбек етті. Мен үй тірлігімен айналысып, ата-енеге қарайладым, – дейді аяулы жан.
Төрт баланы өмірге әкелген еңбекші әйел отбасымен мал шаруашылығын дамытуға атсалысады. 1984 жылы үкіметтен қошқар қабылдап, тұқымын көбейтуге жұмыс жасады. Одан әрі 1985 жылы сол кездегі мал шаруашылығын дамытуда ұйымдастырылған «100 жылқыға – 100 құлын» үкіметтік бағдарламасына қатысып, жылқы қабылдады. Солай жолдасы Ибрагим Төлегенұлымен бірге жылқы тұқымын көбейтуге атсалысып, қасында сауыншылық қызмет пен табын көмекшісі жұмысын қатар алып жүрді. Сол кездегі басынан өткен қиыншылық пен қызықты сәтті Алтынкүл Жүсіпова есіне алып, бөлісті.
– 1984 жылы қошқар қабылдаған уақыт еді. Қошқар мен саулықты бөлек ұстайтын жаз мезгілі болатын. Жолдасым екеуміз бір-бір жылқыны мініп алып, екі қошқарды жетектеп суға тоғытуға апара жатқанбыз. Көлге жетер жарты жолда шөлдеп, бір ағаштың астына су ішіп, жүрек жалғап алайық деп тоқтадық. Ас-ауқатымызды жеп отырғанда ғана жаңағы жетектеген екі қошқардың жоқ екенін байқаймыз ғой. Сол жерде бір қолыма жеп отырған асымды ұстап, анау жайылып жүрген саулық жеткізбей, екі сағат деген де әзер ұстағаным есімде. Саулыққа қосылып кететін болды деп, ебіл-дебілім шығып жылағаным тағы бар. 40 жыл өтсе де әлі есімнен кетпейді, – дейді еңбек адамы күліп.
Мал шаруашылығының бейнетін тек шыдамды, еңбекқор адамдар ғана істей алады. Шаруаға икемделген келіншек мен жолдасы жылқы бағуда 1996 жылға дейін еңбек етіп, «100 жылқыға – 100 құлын» жоспарын орындап, чемпион болған. Кейіннен жолдасы 2007 жылға дейін ауылдың белді механизаторы қызметін атқарған. Сол жылдары жолдасының қан қысымына байланысты отағасына қарайлап үйде болған.
Зейнетке сол еңбегімен шығып, қазіргі таңда ақ жаулықты әже болып отыр. Көпті көрген Алтынкүл Жүсіпова бүгінде жетпістің үстінде. Бар білгені мен түйгенін ұрпақтарының санасына сіңіруде өзіндік орны ерекше. Төрт баладан тараған немерелерінің қызығын көріп отырған аяулы әже – мал шаруашылығының дамуына үлес қосқан нағыз еңбек адамы.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ