Оқушыларға оқу құралы берілді

Жақында аудандық емхана ұжымы осындай үлгілі үрдіс жасады. Мәжіліс залында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов, медицина саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Маханбетов қатысты.
Биылғы оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілетін «Мектепке жол» акциясы шеңберінде бірінші сыныпқа баратын медицина қызметкерлерінің балаларына мектепке қажетті құрал-жабдық тапсырылды. Негізінен, іс-шараға қолдау көрсеткен – медицина саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымы. Осы күні 60-қа жуық бүлдіршін мектепке қажетті сөмке және басқа да құрал-жабдығымен қамтылды.
– Денсаулық сақтау саласы жыл сайын балалардың қуанышына ортақтасып осындай акцияға атсалысады. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай сала мамандарының биыл бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерге қолдау білдірді. Кішкентай балалар биыл мектеп табылдырығын аттап, үлкен өмірге қадам басады. Біз қашан да медицина мамандарын барынша қолдауға дайынбыз. Алдағы уақытта балғын оқушылар үлкен азамат болып, ел үшін қызмет ететін білімді маман болатынына сенеміз. Баршаңызды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтаймын, – деді бас дәрігер Жалғасбек Үсенов.
Өз кезегінде балаларына қуаныш сыйлаған сала кәсіподағына ата-аналар да дән риза болды.
– Биылғы жылы отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Мектепке баратын баламызға қолдау білдіріп, қажетті құрал-жабдығымен сөмке берілді. Бұл біз үшін үлкен көмек. Айтар алғысымыз мол. Медицина саласының мамандары аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда аянбай еңбек етіп келеді, – дейді ата-ана Жанат Қалымбет.
****
«Мектепке жол» акциясына Сырдария аудандық әйелдер кеңесі мүшелері де өз үлесін қосты. Кеңес мүшелерінің қолдауымен ерекше балаларға мектепке арналған құрал-жабдықтар салынған сөмке таратылды.
– Жаңа оқу жылына дайындық қарқынды өткізілуде. Оқушылардың дайындығын пысықтау мақсатында ұйымдастырылған жұмыстарға аудандық әйелдер кеңесі мүшелері де атсалысты. Оқу жылы жақындады дегенмен барлық бала бірдей мектепке бармайды. Қоғамда ерекше балалар бар екенін де назардан тыс қалдырмаған жөн. Олар үйден оқып, білім алады. Бұл акцияның берері мол. Аз да болса көмек көрсетіп және оқушыларға мотивация болары анық. «Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің» дейді халқымыз. «Мектепке жол» акциясы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетуді мақсат етеді. Акция барысында кент орталығындағы мектеп балалары оқу құралдарымен қамтылды, – дейді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы.
Айта кетейік, балаларға арналған сөмкеде мектеп құрал-жабдықтары түгел қамтылған.
«Тт» ақпарат