Ауыл медицинасы – үміт шырағы

Отыз жылдан аса жұмыс тәжірибесі арқылы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Айгүл Тәуекелова ауылдағы емдеу мекемесінің халыққа қызмет етуіне көңіл бөлуде. Бұрын дәрігерлік амбулатория ғимараты ескіріп, сырқаты бар жандарға қызмет көрсету ауырлық соқтыратын. Осы олқылықты жою мақсатында 2018 жылы іргелі елді мекенде жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған дәрігерлік амбулатория саламатты өмір салтын ұстануда, ұлт саулығын жақсартуда ауыл халқының кәдесіне жарап тұр.
– Ауыл медицинасы – тек дәрігер мен науқастың арасындағы қарым-қатынас емес. Бұл – мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігі. Егер біз ауылдағы әрбір адамды лайықты медициналық көмекпен қамтамасыз етсек, онда еліміздің болашағы да, ұлттың денсаулығы да берік болмақ. Ақжарма ауылында қаншама жыл еңбек етіп, көптің алғысына бөленіп келемін. Дәрігер ретінде антыма адалдық танытып, көпшілік арасында қауіпті әрі созылмалы дертпен күресіп келеміз. Біздің ұжымда 13 адам жұмыс жасайды. Өз кезегінде химизатор, әлеуметтік қызметкер, зертханашы, ем-шара және жалпы тәжірибелік медбикелер күнделікті қызметті сауатты үйлестіруге күш жұмсайды. Сырқатына дәру іздеген кез келген адамға көмек көрсетуге дайынбыз. Осы салада қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан жандар қашан да құрмет төрінде, – деді тәжірибелі дәрігер.
Негізінен, Ақжарма ауылында 2348 адам дәрігер бақылауында. Оның ішінде, 619 адам «Д» есепте тұрады. Яғни, созылмалы дерті бар жандар ұдайы ем қабылдап, денсаулығын жақсартуға күш салатыны сөзсіз. Өткен жылы 224 науқас ауруханаға жатқызылса, күндізгі стационарда 62 адам ем қабылдаған. Акушерка ана мен бала денсаулығын жақсарту бағытын қарастырып, Айгүл Кемелбайқызымен үнемі кеңесіп отырады. Өйткені ана мен бала денсаулығын бақылауда аса мән беретін көптеген фактор бар. Былтыр Ақжарма ауылында 52 сәби дүниеге келген. Осы жылдың есепті мерзімінде 39 жүктілік тіркелген.
– Медицина саласында қызмет ететін кез келген адам бар жағдайға бейім болғаны дұрыс. Күнделікті жұмыс барысында қарт кісіден бастап, құндақтаулы сәбиге дейін тексеруден өткіземіз. Сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға тырысады. Жаңа санитарлық автокөлік өткен жылы табыс етілгенде қуанышымызда шек болмады. Себебі, қызметтік көлік арқылы біз әрқашан көпшіліктің шақыртуларына жедел жетіп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Тегін дәрі-дәрмекпен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп, созылмалы дертті жандарды профилактикалық тексеруден өткізуді назардан тыс қалдырмаймыз, – дейді Айгүл Кемелбайқызы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ