Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 62 газет

19 тамыз 2025 ж.

№61 газет

16 тамыз 2025 ж.

№ 60 газет

12 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Тәжірибесі мол зертханашы

Тәжірибесі мол зертханашы

Ақжарма ауылында Ғазиза Бекпенбетованы білмейтін жан кемде-кем. Ол ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда қырық жыл уақыттан бері жұмыс жасайды. Тәжірибелі зертханашы ұзақ уақыт ішінде өзінің жұмыс орнын өзгертпеген. Ардақты жан емдеу мекемесінде табан аудармастан абыройлы еңбек етіп, тұрғындардың алғысын алып келеді.

Жауапкершілігі жоғары зертханашы Ғазиза Бекпенбетова Түркістан қаласындағы медициналық училищеде оқыған. Еңбек жолын Қармақшы аудандық ауруханада медбике болып бастап, бір жылдан кейін Қызылорда облыстық ауруханада клиникалық-био­химиялық зертханада оқу-тәжірибеден өтеді. Зертханашы курсын тәмамдаған маман куәлігін алып, осы күнге дейін аудандық денсаулық сақтау сала­­сында, Ақжарма ауылындағы емдеу мекемесінде жоғарғы санатты маман қызметін атқарады.

– Өзіме бұл жұмыс ұнайды. Аса жауапкершілік­ті талап ететін қызметті мінсіз атқаруға тырысамын. Өйткені зертханашының талдауымен дәрігер науқасқа диагноз қояды, біз үшін қателік жіберу үлкен сын. Өзімді дәрігердің айнасы, әрі мамандығым арқылы көмекшісімін деп айта аламын. Талдау жасаудан бөлек, құжаттарға да ұқыпты қарау керек. Осы күнге дейін ескерту алмадым. Тұрғындармен де тіл табысып, барынша байыпты болып, еңбек етудемін, – дейді амбулаторияның ең тәжірибелі маманы.

Жұмысқа бірінші болып келетін зертханашы қырық жылдан бері қызметінен бір айныған емес. Қызметке алдымен келіп, соңынан шығуға қалыптасқан. Жастарға сонысымен де үлгі.

Зертханашы Ғазиза Амантайқызының жұмыс күні сағат таңғы 7.30-дан басталып, жұмысы аяқталғанша уақытпен санаспай жүреді. Жұмысқа кірісу үшін арнайы зертханадағы жабдықтарының жұмысқа дайындығын тексереді. Ал жұмыс күнінің соңында барлық медициналық құралдарын ертеңгі күнге дайын­дайды.

Аудан орталығынан бөлек ауылдық амбулаторияда жасалатын зерттеулерді жүргізіп, нәтижесінің дер кезінде дайын болуына күш салады. Бір емханада бір зертханашы маман болғандықтан жұмыс ауқымы да кең, әрі кемшіліксіз болуы да шарт. Әсіресе, талдауларды жасайтын құрал-жабдықтардың істен шықпауын, жабдықтардың тазалығы зертханашының жауапкершілігінде. Таң атқаннан басталатын жұмыс аяқталғанша екі аяқта жүріп, адам денсаулығының сақшысы ретінде зерттеу, талдау жасайды.

Өз әңгімесінде Ғазиза Бекпенбетова денсаулық сақтау саласына тосыннан келмегенін айтады.

– Медицина саласын таңдауыма ең алдымен өзімнің бала кезімдегі арманым себеп болды. Ата-анам да қолдау білдірді. Адам жанының арашасы болу, ақ халатты абзал жан атану, адамдардың алғысын алу жаныңды жадыратады. Бұл мамандыққа деген қызығушылығым зертханашы саласын таң­дауыма әкелді. Шын мәнінде жұмысымды қырық жыл атқарып келемін. Үстелімдегі микроскоппен, түрлі жабдықтармен жұмыс істеу, көру ерекше әсер қал­дырады. Зертханашыдан дәлдікті, сауаттылықты, шынайылықты талап ететіндіктен бұл талап үдесінен шықтым деп айта аламын, – дейді тәжірибелі зертханашы Ғазиза Амантайқызы.

Ауылдық амбулаторияда күніне 50-ге жуық талдау­ жасайтын зертханашы өз ісіне ыждағатты. Адам денсаулығының қандай жағдайда екенін зерттейтіндіктен, қателік жіберуге болмайды. Ем­хана­дағы өте маңызды жұмысты атқаратын зертханашы әріптестерінің арасында да құрметке ие.

– Ғазиза Бекпенбетовамен бірнеше жылдан бері әріптеспін. Емханадағы ең тәжірибесі мол маман. Медбикеліктен бастап, зертханашы болып еңбек ететін маман адал еңбегінің арқасында алғысқа бөленіп жүр. Ғазиза үнемі «әрбір маман өз ісін сүюі керек» деп айтады. Ақылын, кеңесін беруде аянбайды. Отбасында да аяулы ана, сүйікті жар. Балаларының барлығы жоғары білімді, өз мамандықтары бойынша қызметте, – дейді әріптесі Нұргүл Башарова.

2500-ге жуық ауыл тұрғынына қызмет ететін емханада абыройлы қызмет атқарып келетін Ғазиза Амантайқызы құрметті зейнет демалысына шығуына да бір жарым жыл уақыт қалды. Осынша ұзақ жылғы уақыт аралығындағы еңбегі үшін алған марапаттарының өзі бір төбе. Ол үшін әрбір алған марапат адал еңбегіне берілген лайықты баға. Бас­тысы, елден алған риясыз алғыс бәрінен қымбат.


Бибісара ЖАНӘЛІ
19 тамыз 2025 ж. 69 0