Еңбегімен елеулі Сәуле

Сәуле Құрманбекова 1974 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын аймақта орналасқан мектеп-интернаттың кіші буын қызметкері ретінде бастаған. 1991 жылы өмірлік жолдасы Амангелді Асқаровпен бас қосып, Ақжарма ауылында шаңырақ көтереді. Өнегелі тәрбиесімен отбасын шаттыққа бөлейді. Сөйтіп өмірге 5 қыз, 1 ұлды әкеледі. Тұрмыстың тіршілігімен қатар жұмысқа да үлгеріп жүрген аяулы ана көпке үлгі.
– 2011 жылы жолдасымның жұмысына байланысты ауылға, қарашаңыраққа көшіп келдік. 2013 жылы ауылдық амбулаторияға кіші буын қызметкері ретінде жұмысқа орналастым. Ақ халатты абзал жандармен жұмыс істеу нағыз жауапкершілік. Өйткені жаны қысылған науқасқа қарайлау, медбикеге қолғабыс ету – біздің міндетіміз. Мекеменің тазалығы ғана емес, емделушінің жағдайын жасау шыдамдылық пен жауапкершілікті талап етеді. Ауылдық амбулатория – елді мекен халқының алғашқы медициналық көмек алатын орны. Сондықтан күнделікті мекеменің тазалығын бақылап, барлық жерді залалсыздандырып отырамыз, – дейді Сәуле Мейрамқызы.
Таңертеңмен жұмысына асығатын Сәуле Құрманбекова – нағыз өз ісінің маманы. Амбулаторияны мұнтаздай таза әрі жинақы ұстау, сондай-ақ науқастардың жағдайын жасап, уақытында залалсыздандырып отыру – оның күнделікті әдетіне айналған. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы, жаңбырлы күннің балшығына да қарамай міндетін қалтқысыз атқарады. Ардақты жан бүгінде 5 жиеннің әжесі. Жуырда дүние есігін ашатын сәбидің сыңғыры Сәуле Мейрамқызының шаңырағынан естілетіні анық.
– Құдай қаласа балам мен келінімнің шағын отбасы үлкейгелі отыр. Бұйырса, немерелі боламын. Екі үлкен қызым тұрмыс құрған. Сол қыздардан 5 жиен бар. Шүкір! Одан кейінгі қызым студент, сосын мектеп оқушылары. Осы балаларымыздың болашағы үшін деп жолдасым екеуміз талмай еңбек етіп келеміз. Бірнеше жыл бұрын жайлаған «COVID-19» инфекциясының салдарынан қаншама адам көз жұмды. Ауылда да біршама адам тіркеуде тұрып, емделді. Ауыр жағдайда түскен науқастар болды. Ол кезде «мен медбикемін, сен кіші буын қызметкерісің» деген әңгіме болған жоқ. Ауыр кезеңде бір-бірімізге көмектесіп, қарайласып, жәрдем беріп, ол жағдайдан да өттік. Сондай ауыр тұста ұйымшыл, берекесі мығым әріптестер болғаны жүректі жылытады, – дейді маман.
Әр қызметтің жеңілі мен ауыр тұсын әріптестер бірге көтереді. Тек ұжымда ауызбіршілік басым болса болғаны. Бүгінгі кейіпкеріміз Сәуле Құрманбекова отбасы мен қызметіне берік аяулы ана. Осындай жандардың адалдығы мен еңбегі – ауылдың ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі.
Г.ТАБЫНБАЙ