Жемқорлықпен ымырасыз күресу – құқықтық сауаттылық

Жемқорлықтың салдарынан күнделікті өмірде қарапайым халық зардап шегуі мүмкін. Әртүрлі нысандардан көрініс тапқан жемқорлық факторлары ел экономикасының өсуіне едәуір әсер етеді. Сондықтан кез келген адам құқықтық тұрғыдан сауатты болғаны абзал. Бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресті заңмен ұдайы жетілдіріп отыру көзделеді. Жазаны қатаңдатқан жағдайда әрбір адам өзінің жасаған іс-әрекетіне байланысты әділ жауап береді. Жалпы мемлекеттік қызметте ашықтықты қамтамасыз еткен қолайлы. Адам факторын азайту үшін цифрландыру саласын жандандырған жөн.
Қоғамның айықпас кеселіне айналған дерт – кез келген елдің тұрақты дамуына тікелей қауіп. Онымен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әр азаматтың адал ұстанымы мен белсенділігі бұл күресте шешуші рөл атқара алады. Қоғамның тынысын тарылтатын, әділеттілікті жоятын, елдің болашағына балта шабатын жемқорлықты болдырмау – маңызды. Жемқорлық кейде ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Мәселен, «біреуге тезірек қызмет жасатып алу», «бағаны реттеп алу» немесе «таныс арқылы жұмысқа тұру». Алайда мұның барлығы – шын мәнінде әділетсіздікке жол ашатын іс-әрекет санатында. Уақыт өте бұл «түсінікті» жағдайлар қалыпты өмір дағдысына айналады. Ең қауіптісі де – осы.
Ел болам десек, жемқорлықпен ымырасыз күресуіміз керек. Бұл күресте заңмен бірге ар-ұят, тәрбие, мәдениет, адалдық ұғымдары қатар жүруі тиіс. Әр адам «адал болу – әлсіздік емес, ерлік» екенін түсінгенде ғана қоғамда айрықша серпіліс болуы мүмкін. Жыл көлемінде республикадағы үздік ауылдар санатына кіретін Нағи Ілиясов елді мекенінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асуда. Ауыл әкімшілігінің мамандары көпшілікке құқықтық, заң тұрғысынан түсіндірме жұмысын жүргізуде. Елді мекендегі әлеуметтік саланың өкілдеріне жемқорлық факторларын болдырмау мақсатында кеңінен ақпарат ұсынылуда.
Қазіргі уақытта Нағи Ілиясов ауылында әлеуметтік нысандар бой көтеріп, елді мекеннің айшықты келбеті қалыптасқан. Қашанда ауылды көркейте отырып, заңға қарама-қайшы іс-әрекетке бармау – азаматтық борыш саналады. Елдің мызғымас бірлігін сақтап, жастарды жемқорлыққа бармауға үйрету – негізгі міндетімізге кіреді.
Сағдат НҰРМАҒАНБЕТОВ,
Нағи Ілиясов ауылдық округінің әкімі
Фото: Ашық дереккөзден