Бала білімді неге ақылы курстан іздейді?
Соңғы жылдары елімізде білім алу жолдарының сан алуан түрі пайда болды. Бұрын білімді мемлекеттік мекемелер ғана берсе, қазір студенттерден бастап мектеп оқушыларының қосымша сабақтарға бару Қажеттігі туды. Яғни әртүрлі білім беру орталықтарына, ақылы курстарға қатысуы үйреншікті жағдайға айналды. Сұраныс бар жерде, ондай ақылы курстардың да саны артатыны заңдылық. Яғни бұл – бизнес. Кез келген кәсіпкер бизнес жасап, ақша табуға тырысады, ал әрбір ата-ана баласының сапалы білім алуы үшін қосымша қаржы шығаруға дайын. Енді «Неліктен бала жақсы білімді мектептен емес, ақылы курстан іздейді?» деген сұрақ төңірегінде сөз сараптап көрелік. Кез келген оқушы, ата-ана бұл мәселенің себебі – мектептегі білім мен оқушының жеке қажеттіліктері арасындағы алшақтық деген пікірде. Яғни бір сыныптағы оқушының көп болуы мұғалімнің барлық баламен жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. Керісінше, ақылы курстарда жеке оқушымен жұмыс жүргізу деңгейі жоғары, баланың білім деңгейі сараланып, тапсырма беріліп, түсінбеген тұстарын қайталап оқуға жағдай жасалады.
Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі бәсекелестік. Мектеп бітіруші түлектің Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратыны, жоғары оқу орнына түсу талабының ерекшелігі, түрлі олимпиадалар оқушыдан терең білім мен мықты дайындықты қажет етеді. Сондықтан ата-ана баласының болашағы үшін бір ғана мектеппен шектелмей, ақылы курстардан білім алуына жағдай жасауға тырысады. Бұл дегеніміз ҰБТ-ға дайындық басталғанда ақылы курстарға деген сұраныс арта түседі деген сөз.
–Балаларымның барлығын ақылы курстарға бердім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Оқуға түсіп, мамандықтарын алды. Қазір кенже балам да ақылы курсты оныншы сыныптан бастады. Бұл баламның мектептегі сабақ барысында тақырыпты толық меңгере алмағандығынан емес, оқу жүктемесінің көптігі, баламның жеке мұғалімнен сабақ алуға деген ынтасынан деген ойдамын. Ақылы курсқа қатысқалы заманауи технологияны еркін меңгеріп, интерактивті тапсырмаларды, түрлі оқыту әдістерін қолданғандықтан, білім алудағы жетістіктері де көбейді. Курстың артықшылығы – баламның білім алуға деген қызығушылығын арттырып, білімді жеңіл қабылдауына ықпал етті, – дейді ата-ана А.Балтабайқызы.
Дегенмен өмірін ұстаздыққа арнап, ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеген ардагер-ұстаз С.Шамшадинова білім сапасын тек ақылы курстармен байланыстыру дұрыс емес деген пікірде.
–Мектеп – баланың білім мен тәрбие алатын негізгі ортасы. Білікті ұстаздың еңбегі сапалы оқулық пен оқушының ізденісі үйлескен жағдайда мектептен де сапалы, терең білім алуға болады. Бұған біз білім берген шәкірттердің ешқандай ақылы курста оқымай-ақ мықты жоғары оқу орындарына түсіп, еліміздің түкпір-түкпірінде керемет маман болып еңбек етіп жүргені дәлел. Сондықтан ақылы курс мектептің орнын баспауы керек, керісінше, негізгі білімді толықтыратын қосымша мүмкіндік қана болғаны дұрыс, – дейді.
–Мектеп – баланың білім мен тәрбие алатын негізгі ортасы. Білікті ұстаздың еңбегі сапалы оқулық пен оқушының ізденісі үйлескен жағдайда мектептен де сапалы, терең білім алуға болады. Бұған біз білім берген шәкірттердің ешқандай ақылы курста оқымай-ақ мықты жоғары оқу орындарына түсіп, еліміздің түкпір-түкпірінде керемет маман болып еңбек етіп жүргені дәлел. Сондықтан ақылы курс мектептің орнын баспауы керек, керісінше, негізгі білімді толықтыратын қосымша мүмкіндік қана болғаны дұрыс, – дейді.
Қазір білім беру мекемелерінде материалдық жағдайдан бастап, оқу-құралдармен жабдықталуы, арнайы пән кабинеттерінің жасақталуы оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік беруде. Мұғалімдерді артық жұмысқа тарту мәселесі, қағазбастылықтан арылту жұмысына байланысты белсенді іс-әрекет жүргізілуде. Дегенмен басшылық тарапынан талап күшейгенімен, білім берудің сапасын арттыру қажеттігі оқу жылындағы басты талаптың бірі болып қала береді. Бұл ретте кез келген оқу ордасында ізденісі жоғары, тәжірибесі мықты мұғалімге сұраныс та жоғары болатыны айқын. Болашақтың тұтқасын, саналы азаматты тәрбиелеуге үлес қосып жүрген ұстаздар қауымы әр оқушының қабілеті мен қажеттілігіне назар аударып, өзінің де кәсіби дамуына уақыт тауып жүрген ұстаздар жетерлік. Ондай шығармашыл ұстаздар оқушымен жеке дара жұмыс істеуге дайын тұрады. Сонымен қатар ата-аналар да баласының білімге деген қызығушылығына ақылы курстар арқылы емес, үй жағдайында қолдау көрсетуі қажет.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, баланың білімді ақылы курстан іздеуі – қоғамдағы білімге деген сұраныстың артуымен қатар, мектептегі білім беру сапасына қатысты ойлануды қажет ететін мәселе. Білім ақшамен ғана өлшенбеуі тиіс. Себебі нағыз білімнің негізі – білікті ұстаз, ізденімпаз оқушы және қолайлы білім беру ортасы екені даусыз. Барлық бала сапалы білім алуға, тең мүмкіндікке ие болуы керек. Өйткені білім – сатылатын тауар емес, ұлт болашағына салынған ең маңызды инвестиция.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Сурет: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ










