Қос бүйірден қысқан қарыз: Несиеден қалай құтыламыз?
Қазіргі қоғамда несие алу күнделікті өмірдің үйреншікті дағдысына айналды. Бірі баспана алуға, бірі көлік мінуге, тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуге немесе күтпеген жерден туындаған қаржылық қиындықтарын шешуге несие рәсімдейді. Әсіресе, айлық табысы күнкөрісінен артылмайтын отбасылар үшін қарызға жүгіну кейде тығырықтан шығудың бір жолындай көрінеді. Алайда бүгінгі қажеттілікті өтеу үшін алынған несие ертеңгі күннің ауыртпалығына айналып жатқаны да жасырын емес. Бір қарызды екінші қарызбен жабу, ай сайынғы төлемді әрең өтеу, мерзімін өткізіп алу – бүгінде көпшілікке таныс мәселелер.Әсіресе, бөліп төлеу деген қызмет көп сұранысқа ие. Кейбіреулер киім-кешек пен күнделікті тамақтануды банктің бөліп төлеу қызметімен алуды әдетке айналдырған. Бұл дегеніміз – алдағы айларда алатын жалақыңды алдын ала жұмсау деген сөз. Әдетте, банктер несие бергенде: «Мынадай пайызбен алсаңыз, мынадай жеңілдік қарастырылады, мерзімінен бұрын өтесеңіз, тағы да несие алуға мүмкіндігіңіз бар» деп достық пейіл танытады. Бұл – олардың жұмысы, әрине. Бірақ, қарыз алушының алдымен қаржылық сауаттылығы болғаны жөн, одан соң «көрпеге қарап көсілуді» де ұмытпаған абзал. «Судың да сұрауы бар» дейді халық даналығы. Мұны ескермеген жағдайда, банк алдындағы берешегін өтей алмағандар кепілге қойған мүлкінен айырылып, мәселесі сотқа, майшаммен қарауға кететінін білгені жөн.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың банк алдындағы кредиттік берешегі 26,7 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 90 күннен астам уақыт төленбеген қарыздардың көлемі 1,2 триллион теңгені құрап, жалпы берешектің 4,6 пайызына тең болған. Бұл көрсеткіш халықтың қарыздық жүктемесі әлі де өзекті мәселе екенін аңғартады. Әсіресе, төлем қабілеті төмен азаматтардың мерзімі өткен берешегі қаржы жүйесімен қатар, әлеуметтік жағдайға да салмақ түсіретіні белгілі.
Несиеге қатысты мәселенің бір ұшы азаматтардың қаржылық сауаттылығына келіп тіреледі. Кей жағдайда тұрғындар қарыз рәсімдегенде оның жалпы құнынан гөрі ай сайынғы төлеміне көбірек мән береді. Ал пайыздық мөлшерлеме, қосымша шығындар мен төлем мерзімі ескерілмей жатады. Соның салдарынан бастапқыда қолайлы көрінген несие уақыт өте келе отбасы бюджетінің едәуір бөлігін алып қояды. Бірнеше қаржы ұйымынан қатар қарыз алған жағдайда бұл қиындық тіпті күрделене түседі.
Мұндай тәуекелдерді азайту мақсатында заңнамалық шектеулер де күшейтілді. Әр жылдары күшіне енген талаптар одан әрі қатаңдатылып, былтырғы қыркүйектен бастап банктік қарызы бойынша төлем мерзімі 30 күннен, ал микроқаржы ұйымдары алдындағы берешегі бір күннен асқан азаматтарға жаңа несие беруге шектеу енгізілді. Сонымен қатар ерте жастан борыштық тәуелділікке түсуден қорғау шаралары да қарастырылған. Атап айтқанда, 21 жасқа толмаған адамдарға тұтынушылық микрокредит беруге тыйым салынды. Ал соңғы бір жыл ішінде кредиттік міндеттемелерін орындау мерзімін 90 күннен астам уақытқа кешіктірген азаматтар үшін борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшері 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетілді. Яғни, адамның табысына шаққандағы кредиттік міндеттемесінің көлемі шектеліп, оның төлем қабілетіне басымдық берілмек.
Қарыз алушылар үшін тағы бір маңызды мәселе – несие құны. Агенттік банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттері мен микроқаржы ұйымдарының микрокредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Бұл бастама жүзеге асса, азаматтардың қарызды өтеу барысында төлейтін қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ «Стоп, кредит» қызметі де ретті-ретсіз қарыз алып қоюды азайту мақсатында жүзеге асырылған.
Бірде қасымдағы танысымның телефоны шыр ете қалды. Жедел ашып қараған әлгі ағам хабарлама жолдаған банк қызметкерінің атасын бір сыбап алды да, ұялысының үнін баса салды… «Қарыз күліп барып, жылап қайтады» дейді халық даналығы. Мемлекет тарапынан өз кезегінде қажетті шаралар атқарылуда, жасалуға тиіс істің де баршылық екені даусыз. Дегенмен алмақтың да салмағы барын ұмытпаған жөн.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Коллаж: Камшат Ерлепесқызынан









