Ақылы оқудың артықшылығы неде?
Бауыр еті баласына жақсы тәрбие мен білім беруді армандамайтын ата-ана кемде-кем. Қабілетті бала мектеп қабырғасында жүріп-ақ сапалы білім алады. Бірақ барлық бала туа бітті алғыр болмайтыны белгілі. Сондықтан шамасы келетін, қалтасы көтеретін ата-ана баласының оқуына бастауыш сыныптан бастап қосымша мұғалім жалдап, үйден оқытуға тырысады. Ал көпшілік ата-ана баласы он бірінші сыныпқа барғанда жан-жақтан ақылы оқу курстарын немесе жалдамалы мұғалім іздей бастайды.
Қосымша оқу үлгірімге әсер етеді ме?
Қазір аудан түгілі ауылдық жерде мұғалімдер ақыға балаңызға қосымша сабақ беруге дайын. Әсіресе жоғарғы сынып оқушыларының дені сабақтан тыс уақытта мұғалімге кезекке тұрып қосымша дәріс алуға асығады. Осыдан он жыл бұрын мұндай үрдіс бірең-сараң болса, қазір тіпті көбейді. Екінің бірі қосымшаға барады. Негізінен мектепте кейбір пәндер факультатив ретінде оқытылады. Мұның мәнісін көп ата-ана түсіне бермейді. Ата-ананың түсінігінде сабақ үлгірімі төмен немесе тақырыпты меңгере алмаған оқушыларға өткен сабақты толыққанды түсіндіру үшін қосымша жүретін сабақ. Сондықтан факультатив деп айдар таққан дәріс оқушы үлгіріміне байланысты өтілсе, ата-ана қосымша ақыға мұғалім іздемейді. Қосымша сабақ бергені үшін мұғалімге толыққанды сағат жазылатыны айдан анық. Осы күні білім саласындағы реформалардың кейбірі тиімсіз екенін уақыт өзі көрсетіп келеді. Мәселен, қазір мұғалімдер қағазбастылықтан арылды деп айтамыз. Шынтуайтында мұғалім қағаз жазудан жеңілдеген түгі жоқ. Күн сайын құжатты электронды толтыруға асығатын мұғалім сабақ берудің сапасын әлсіретіп, керісінше қағазбастылыққа көп көңіл бөледі. Қазір кез келген ата-ана баласының қағаз күнделігін қараудан гөрі электронды күнделігіне кіруге міндетті. Оны оларға мідеттейтін сынып жетекшісі. Ал сынып жетекшісін қадағайлайтын директордың тиісті орынбасары. Күнделікті уақыт тауып электронды күнделігін қарап қоятын ата-ана көп те емес. Ал күнделікті аша қалсаңыз балаға қойылған баға мен баланың сабағы туралы жазба уақытылы жүктелмейтініне көзіңіз жетеді. Бұл бір жағынан түсінікті жағдай. Себебі мұғалім сабақ берумен қатар осы міндетін жүргізуге үлгірмейді. Қосымша сабақтың оқушы үлгіріміне әсер етуі сабақтың өз деңгейінде өтуіне байланысты екені анық.
Жалдамалы мұғалім немесе ақылы қызметтің бір түрі
Негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Қосымша оқуға ата-ана неліктен беруге мәжбүр? Бұл сауалдың жауабын мұғалімнен гөрі ата-ана жақсы біледі. Себебі бала мектептегі сабақтан тақырыпты толық меңгере алмайды. Мұғалім балалардың қабілетіне қарай нашар оқитындарға аса мән бермей, сыныптағы 2-3 баламен ғана жұмыс істейді. Бұл шындық. Әрі бұрыннан бар тәжірибе. Ал баласының сабағына көңілі толмайтын ата-ана жеке мұғалім жалдайды. Ата-ана «жеке дара баламен жұмыс жасағанда сабақты толық меңгереді» деген сеніммен қосымша оқуға береді. Жалдамалы мұғалім ақысын алған соң оқу сапасын арттыруға барын салады деген үмітпен.
Мақала тақырыбына арқау болған сауалға жауап іздеп, бірнеше мұғалімнен пікір сұрағанымызда олардың дені мәселені ашық айтуға тырыспады. Шыны керек, мемлекеттен жалақы алып отырған мұғалім нанынан айрылып қаламын ба деп қорқады. Дегенмен бір мұғалім өз ойын ашық білдірді.
Алмат, ауыл мұғалімі:
– Мұғалім – ең қадірлі мамандық. Соңғы жылдары жалақы мәселесі де шешілді. Ең жоғарғы жалақы алатындардың қатарындамыз. Осыған орай талап та күшейді. Шығармашылықпен айналысу, аттестациядан өту, комиссияның тексеруінен сәтті шығу бірінші кезекке шықты. Мұғалім балаға сабақ беру керек. Білім нәрімен жақсы сусындаған оқушы қосымша сабаққа бармайды. Мұғалімнің берген бағытымен әрі қарай өзі ізденіп оқиды. Негізінен ата-ана мектеп мұғалімдерінен гөрі қосымша курстарда оқытып, сабақ үлгірімін жақсартамыз дейді. Бұл дұрыс та шығар. Әркімнің өз қалауы. Бірақ барлығының жағдайы бірдей емес. Балаға қажет болса мектепте қосымша сабақты мұғалімнің өзі береді. Менің балаларым ешқандай ақылы оқусыз-ақ оқуға түсті. Мүмкін ауылдық жер болған соң шығар. Қазір ауданда, қалада балалар мектептен гөрі қосымша оқудан қалмайтын сияқты. Мұғалімге мемлекет жалақы төлеп отыр. Соған сай мұғалім де сабағын сапалы беруі тиіс. Ұрпағымыздың саналы болуы ұстаздан. Қазір қолында дипломы бар мұғалімдер өте көп. Оларды белгілі аттестация арқылы жұмысқа қабылдау дұрыс. Білім деңгейін анықтап, конкурс арқылы жұмысқа тұру жолға қойылды. Кімнің білімі терең сол мықты мұғалім бола алады. Жалдамалы мұғалімнің қосымша табыс көзі саналатын ақылы оқыту нәтижелі болады дегенге сенім аз.
Соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектер болашақ мамандығына қажетті белгілі пәндерді ғана оқуды үрдіске айналдырған сыңайлы. Мұны оқушылардың өзі мойындайды. Олардың пікірінше таңдаған мамандығына еш қатысы жоқ пәнді оқуға уақыт бөлмей, ҰБТ-да таңдаған пәні бойынша тест тапсыратын пәнді меңгеру қажет. Бірақ оқу бағдарламасы бойынша оқушылар барлық пәнді оқуы тиіс. Оның нәтижесі бойынша орта білімі туралы аттестатқа баға түседі. Алайда мектеп рейтингі түлектің мемлекеттік грантқа түсуімен белгіленетіндіктен, мұғалімдердің оқушы таңдауына орай тиісті пәнді тереңнен оқытуға басымдық береді.
– Менің таңдауым құқық саласы. Сондықтан мен дүниежүзі тарихы мен адам, қоғам, құқық пәндерін тереңнен оқуым керек. Мектепте мұғалімдер барлық пәнді оқытып, уақытты босқа өткізетін тәрізді. Өзге мемлекеттерде мүмкін осылай шығар. Бірақ болашақ мамандыққа ешқандай қатысы жоқ пәнді жоғарғы сыныпта оқыту артық деп ойлаймын. Ал қосымша сабақ алу туралы өз ойым, ол оқушыға байланысты. Мұғалімнің соңынан қалмай қосымша сабақ беруін сұраса, ешқандай мұғалім қарсы болмайды. Мектеп бағдарламасы бойынша өз бетіңше үйден де дайындалуға болады. Қосымша ата-анаңа салмақ салып, курс оқу қосымша шығын. Бұл өз ойым, – дейді Ғалым есімді мектеп түлегі.
Шын мәнінде он бірінші сыныпта сабақтан бас алмай немесе ақылы курс оқыған оқушы міндетті түрде мемлекеттік грант иесі болады дегенге сену қиын. Ал қажет емес пән деп кесіп айту мүлдем дұрыс емес. Мүмкін мамандығы талап етпес, ал өмір атты үлкен мектепке қажеттігі болары анық.
Түйін:
Білім саласы тағы бір жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Ал елімізде қосымша оқу курстары, жеке мектептер мен жеке сабақ беретін мұғалімдер жұмысына әлдеқашан кірісіп кетті. Сұранысқа сай қызметін ұсынатын мұғалімдердің қосымша табыс көзіне айналған ақылы оқуға кезекке тұрушылар қарасы қалың. Ғаламторда саны көп ақылы курстардың жарнамасынан көзің сүрінеді. Қайсысы дұрыс, әрі тиімді екенін сараптап жатқан ата-ана жоқ. Көбі баласының таңдауын дұрыс деп есептейді. Кейінгі нәтижеге қазірден басын ауыртпауға тырысады. Ақылы курс жәй ғана бизнес көзі десек сөзімізді теріске шығаратындар табылар. Әйтсе де «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керектігін есте ұстағаныңыз абзал.
Бибісара ЖАНӘЛІ