Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алаяқтықтан сақтану – қауіпсіздіктің басты кепілі

Алаяқтықтан сақтану – қауіпсіздіктің басты кепілі

Қазіргі уақытта ақпараттық технологияның қарқынды дамуы адам өмірін едәуір жеңілдеткенімен, оның көлеңкелі тұсы да жоқ емес. Әсіресе интернет пен ұялы байланыстың мүмкіндігін пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіретін алаяқтардың әрекеті – қоғам үшін өзекті мәселе. Қаржылық сауаттылық пен киберқауіпсіздік талАбын білмеу кей жағдайда тұрғындардың жеке деректері мен жинаған қаражатынан айырылуына себеп болуда. Сондықтан алаяқтықтың алдын алу, тұрғындарға сақтық іс-шарасын түсіндіру және құқықтық сауаттылығын арттыру – құқық қорғау органдарының маңызды жобасына айналды.

Осы мақсатта Сырдария ау­дандық полиция бөлімінің мамандары тарапынан ауданда жүйелі профи­лактикалық жұмыс жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Сырдария аудандық полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Әнуар Сәруаров Тереңөзек кенті мен ауданға қарасты барлық ауылдық елді мекендерді аралап, тұрғындармен түсіндірме жұмысын жүргізді.

Кездесулер барысында сала маманы қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлеріне тоқталып, интернет кеңістігінде кездесетін қауіп-қатерден қорғану жолын жан-жақты айтты. Тұрғындарға күнделікті өмірде жиі кездесетін алаяқтық тәсілдері, қаскөйлердің азаматтарды алдау үшін қолданатын айла-шарғылары және олардың арбауына түсіп қалмаудың жолы қарастырылды.

Айта кетейік, түсіндіру жұмыстарының негізгі өзегі – әрбір азаматтың жеке деректеріне мұқият болуы, бейтаныс адамдарға сенім артпау және кез келген күмәнді ұсынысқа сақтықпен қарау қажеттігі. Себебі қазіргі алаяқтар өздерін банк қызметкері, полиция өкілі, пошта операторы немесе түрлі мемлекеттік мекемелердің маманы ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.

Әсіресе телефон арқылы хабарласқан белгісіз адамның сөзіне бірден сеніп қалмау керектігі ескертілді. Алаяқтар көбі­не орыс тілінде сөйлесіп, өзін Ұлттық банк, полиция, пошта, коммуналдық қызмет, салық бөлімі, «Қазпошта», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» немесе өзге де ұйымның өкілі ретінде таныстыруы мүмкін. Кей жағдайда азаматтарды қорқытып, шотындағы қаражаты қауіпте екенін немесе олардың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, асығыс шешім қабылдауға итермелейді.

Мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтап, телефон арқылы берілген ақпараттың шынайылығын тексеру қажет. Әңгімелесуші өзін мемлекеттік органның немесе қаржы ұйымының қызметкері ретінде таныстырғанымен, оның сөзіне күмәнмен қараған жөн. Ресми мекемелердің атауын пайдалану – алаяқтардың азаматтарды жаңылыстыру үшін қолданатын негізгі тәсіл.

Алаяқтар SIM-карта мерзімін ұзарту, пошта сәлемдемесін алу, банк шотындағы күмәнді операцияны тоқтату сынды түрлі сылтауды алға тартады. Осылайша азаматтардың жеке мәліметтеріне қол жеткізіп, қаржылық шығынға ұшыратуды көздейді. Сондықтан бейтаныс нөмірден қоңырау түскенде, әсіресе жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын сұраған жағдайда, әңгімені дереу тоқтатқан дұрыс.

Түсіндіру жұмысы кезінде Әнуар Сәруаров тұрғындарға SMS арқылы келетін растау кодтарының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Мұндай әрекеттің барлығы азаматтарды алдап-арбауға бағытталған болуы ықтимал. SMS кодты ешкімге айтуға болмайды. Сондай-ақ телефон арқылы сөйлескен кезде бейтаныс адамның нұсқауымен банк қосымшасына кіріп, ақша аударуға немесе несие рәсімдеуге асықпау қажет. Егер күмән туындаса, әңгімені тоқтатып, банктің ресми байланыс нөмірі арқылы өзіңіз хабарласқаныңыз жөн.

– Қазіргі алаяқтардың басты мақсаты – адамның сеніміне кіріп, оны асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлеу. Олар көбіне өзін банк, полиция немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде таныстырып, түрлі қауіп-қатерді алға тартады. Азаматтарды қорқытып, телефонға келген кодты айтуды, ақшаны басқа шотқа аударуды немесе банк қосымшасындағы әрекетті орындауды талап етеді. Ең бастысы – қандай жағдай болсын сабыр сақтап, бейтаныс адамның сөзіне бірден сенбеу. Жеке деректеріңізді, банк картасының мәліметтерін және SMS кодтарды ешкімге бермеңіз. Қауіпсіздіктің ең қарапайым жолы – сақтық пен ақпаратты тексеру, – деп түсіндірді полиция аға лейтенанты Әнуар Сәруаров.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде аз уақытта мол табыс табуға шақыратын жарнамалар да жиілеген. «Instagram», «Facebook», «YouTube» сынды платформаларда инвестиция, криптовалюта, түрлі қаржы жобалары арқылы ақшаңызды еселеп көбейтуге уәде беретін хабарландыру кездеседі.

Атап айтқанда, «ҚазАтомӨнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз» секілді ірі компаниялардың атауын пайдаланып, инвес­тициялық ұсыныс жасайтын жалған жарнамаларға сенбеу керектігі ескертілді. Алаяқтар белгілі компаниялардың атауын, басшыларының суреттерін және түрлі бейнематериалдарды пайдаланып, жалған инвестициялық платформаларға азаматтарды тартуы мүмкін. Олар бастапқыда аз мөлшерде қаражат салуды ұсынып, кейін табысыңызды көбейтуге болатынын айтып, қосымша ақша енгізуге үгіттейді.

Мұндай ұсыныстарға тап болған жағдайда жарнаманың шынайылығын тексеріп, қаржы салуға асықпау қажет. Әсіресе қысқа уақыт ішінде жоғары пайда табуға кепілдік беретін ұсыныстарға күмәнмен қараған жөн. Ақшаны белгісіз адамдардың шотына аудармау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және тек ресми қаржы ұйымдарының қызметін пайдалану маңызды.

Банк карталары мен жеке қаржылық ақпараттың қауіпсіздігіне де айрықша назар аударған абзал. Бүгінде интернет арқылы сауда жасау, түрлі қызметке төлем жүргізу күнделікті дағдыға айналған. Дегенмен кез келген сайтқа банк картасының деректерін енгізу немесе оны бөгде адамдарға беру үлкен қауіп төндіреді. Демек, банк картасының нөмірі, жарамдылық мерзімі, CVV/CVC коды, интернет-банкингке кіру деректері мен SMS растау кодтарын ешкімге хабарлауға болмайды. Белгісіз сайт пен сілтемеге қаржылық мәліметті енгізу арқылы азаматтар алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін.

Интернет арқылы сауда жасау кезінде де сақтық іс-шарасын ұмытпаған жөн. Әлеуметтік желі мен түрлі хабарландыру платформасында арзан бағадағы автокөлік, пәтер, тұрмыстық техника немесе өзге де тауарды ұсынатын көптеген жарнама кездеседі. Кейбір алаяқтар сатып алушының қызығушылығын оятып, тауарды басқа адам алып кетуі мүмкін деген сылтаумен алдын ала төлем жасауды талап етеді. Алайда ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай, хабарсыз кетуі мүмкін. Мұндай жағдай әсіресе арзан бағаға қызығып, ұсыныстың шынайылығын тексерместен шешім қабылдаған кезде орын алады. Сондықтан тауарды өз көзіңізбен көрмей, сатушының кім екенін анықтамай тұрып алдын ала төлем жасамаған абзал. Пәтер жалдау, автокөлік сатып алу немесе басқа да ірі сауда-саттық кезінде құжаттардың дұрыстығына көз жеткізіп, мәмілені заң талабына сәйкес рәсімдеу қажет.

Аудан көлемінде жүргізілген түсіндіру жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – тұрғындардың киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Себебі интернеттегі қауіп-қатерден қорғану тек құқық қорғау органдарының жұмысына бағытталмайды. Әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне де байланысты.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
Сурет ашық дереккөзден алынды
24 қараша 2026 ж. 24 0