Қызылордалықтар тұрғын үй, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді қозғады
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Қызылорда қаласының тұрғындарын қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жеке қабылдауға 100-ден астам адам келді.Еске салсақ, өткен аптада аймақ басшысы барлық ауданда осындай кездесулер өткізіп, жұртшылықтың талап-тілектеріне ден қойған болатын. Аудандардағы қабылдауларда негізінен әлеуметтік, инфрақұрылымдық түйткілдерді шешу жолдары талқыланды.
Бүгінгі қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі тұрғын үй алу, денсаулық, жолдарды асфальттау, әлеуметтік көмек және жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді.
Атап айтқанда, қала тұрғыны Марал ишан көшесінде қоғамдық көлік аялдамаларын көбейту, автобус тоқтайтын орынды көрсететін арнайы белгі орнату, жол бойына қоршау қою, жаяу жүргіншілер мен мал жүретін жолдарды қарастыру және көшені жарықтандыруға баса мән беруді сұрады. Қазір мұнда «РеалСтройСнаб» ЖШС қала көшелерінен алынған бұрынғы аялдамалардың бірін орнатқан.
Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен көше инфрақұрылымын жаңғырту жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. 6,8 млрд теңгенің жобасы аясында көшені төрт жолаққа дейін кеңейту, 424 жарық шамын, 10 аялдама орнату және жаяу жүргіншілер жолын салу көзделген. Мемлекеттік сатып алу конкурсында «УАД» ЖШС жеңімпаз деп танылып, қазір келісімшарт жасалуда.
Мүгедектер қоғамы ғимаратының пайдаланылмай тұрған бөлігін жөндеуден өткізуге және инватакси қызметін жетілдіру үшін қажетті автокөлік алуға қолдау сұраған облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Сағатбек Сиюовтің өтініші бойынша аймақ басшысы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тиісті тапсырма берді.
Басқарма басшылығы ғимараттың жағдайымен танысып, оны демеушілер көмегімен жөндеудің, қажетті автокөлік сатып алудың жолдарын қарастыруы тиіс.
Азаматтардың мәселелері жіті зерттеліп, шешімі заң талаптарына сүйеніп қабылданады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі









