Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала қабілетінің үлгіріміне әсері

Бала қабілетінің үлгіріміне әсері

Қазір қоғамда орын алған түйіткілді мәселе көп.­ Бірі жалақы аздығын айтып айқайласа, енді бірі денсаулық, білім саласындағы сыбайлас жем­қорлық туралы дабыл­ қағады. Негізінен, олқы­лықтың барлығы айналып келгенде тәрбиеге бай­ланысты. Адам ұрпағына қандай тәр­бие берсе, оның жемісін де өзі көреді. Ал балаға тәр­бие мен білім беретін алғашқы баспалдақ – мектеп қа­­быр­ғасы. Білімнің негізі қаланатын бастауыш мектептен бастап бала әріп танып, оқуды, сызуды, есеп­теуді үйренеді. Ол үшін ұстаздар қауымы тер төгіп, баланың құлағына ілім нәрін құяды.

Бүгінгі біздің қозғайтын мәселе­міз үлгірімі нашар оқушы төңірегінде болмақ. Үлгірімі төмен оқушы қай­дан шығады? Бұл сауалға бір жақты жауап іздеу дұрыс емес, әрине! Бұл жерде мәселенің шешімін мектеп­тегі ұстазынан, үйдегі ата-анасынан немесе айналасындағы қоршаған ортадан іздеуге болады. Алдымен ұстаз­ға неге байланысты екенін тарқа­тып талдасақ. Біздіңше, мектепте, ба­йыр­ғы ұстаздардан бері қалып­тас­қан әдет бар. Нақтырақ айтқанда, әдіс-тәсіл деуге болады. Яғни мұға­лім­нің көпшілігі алдындағы бар оқу­шының ішінен алғырына, білімге деген құлшыныс танытатындарға ғана аса көңіл бөледі, солармен ғана жұ­мыс істейді. Басқаларының партада отырғаны болмаса, әркім өз ісі­мен айналысып, мұғалімге кедергі келтірмесе болғаны. Әрине алдында отырған барлық баланың бірдей талантты, дарынды болмайтыны анық. Араларында оқуға зерек неме­се есепке жүйріктері болады. Ал мұға­лімнің негізгі міндеті – баланың барлығына бірдей білім беру. Қазір оқытудың бірнеше әдіс-тәсілі бар екен­­дігінен де хабардармыз.

Бір сыныптағы оқушыларды 2-3 топ­қа бөліп, қабілеттіне қарай тапсырмаларды бөліп орындату. Осы ретте бұл әдістің өзі бала санасын бұзатынын, ондай кезде өзін өзгеден төмен санап, онсыз да үлгірімі төмен оқушының ештеңеге құлқы болмайтыны айдан анық, яғни оқушыны жікке бөлу арқылы оның одан әрі білім алуына мұғалімнің өзі кедергі жасап тұрған сыңайлы. Керісінше үлгірімі төмен оқушыны алға сүйреудің орнына оны өзгелердің алдында төмендетіп, психологиясына әсер етуі мұғалімнің тә­жірибиесіздігінен. Осыдан кейін бір сы­ныптың оқушылары арасында бөліну, үлгірімі төмен оқушыларды менсінбеу се­кілді алалау пайда болатыны бар.

Негізгі әңгіменің өзегі нашар оқу­шы­ның үлгірімі туралы болғандықтан алдымен ардагер-ұстаздан пікір білуді жөн көрдік.

– Саналы ғұмырымды ұстаздыққа арнадым. Бастауыш сыныптың мұғалімі ре­тінде буыны қатаймаған, тілі де дұрыс шықпаған балалармен жұмыс істедім. Әри­не алғыр оқушы да, жәй қабылдайтын оқушы да болады. Тәжірибемде тәрбиесі қиын оқушылар да кездесті. Дегенмен мұғалімге ата-ана баласын сеніп тап­сырғаннан кейін онымен дұрыс жұмыс істеу мұғалімнің шеберлігіне байланыс­ты. Ерінбей-жалықпай, уақытпен санас­пай оқу үлгірімі төмен баламен қосымша бір-екі сағат артық жұмыс жасаса, балаға қолдау білдірсе, өзгермейтін оқушы болмайды. Білім саласында бастауыш сынып мұғалімдеріне жетекшілік жасадым. Сонда небір тәжірибелі мұғалімдер болды. Сабақтың алдында ертерек келіп, оқуы төмендеп кеткен оқушылардың оқуын түзеп, қайта-қайта баламен жұмыс істеп, нашар деген оқушының өзінен үздік оқушы шығарғандар болды. Кейде түгел бір сыныптың өзінде ылғи бес­тікпен оқитындар болатын. Ал кейбір сыныпта керісінше, ылғи үлгірімі төмен оқушылар отыратын. Осындай сәттен өту үшін ұстаздың өзіне көп іздену керек, әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, баланың қызығушылығын анықтап, қандай жағдайда баланы қызықтыруға болатынын зерделеп, біліп, содан кейін сол әдіспен, қызығушылығын оятып оқыту керек. Мықты ұстаздан нашар оқушы шықпайды. Ұстаз ол баланың екінші анасы іспетті жай сөзбен түсіндіріп, жақсы көріп тұруы керек. Сонда ғана бала мектепке, ұстазына асығып тұрады, – дейді ардагер-ұстаз Ұлтуған Бимырзаева.

Шын мәнінде бастауыш мектепте жақсы оқыған бала, негізгі мектепке көш­­кенде оқу үлгірімінде өзгеріс болатыны рас. Оны мұғалімдер жаңа пәндердің қо­сылуымен, жаңа ұстаздардың келуімен байланыстырады. Оқу пәндерінің бағ­дар­ламасы да күрделене түсіп, тағы да талабы барлар алға жылжып, үлгірімі төмен оқушылар бұрынғысанан да төмендеп ке­теді.

Кез келген ата-ананың басында бар мәселе – баласының сабақ үлгірімі туралы сөз қозғағанда алдымен ұстаздарды кіналау оңай сияқты. Десек те оған ата-ана да жауапты екенін ұмытпайық. Күні бойы қолынан ұялы телефонын тастамайтын баладан сабақ сұрамақ түгілі, оның бос уақытында немен айналысатынан бей­хабар ата-аналар да жоқ емес, бар. Үйде баласының сабағын қадағалайтын ата-ана баласының үлгірімін қадағалап жүреді. Төмендеп кеткен жағдайда мұ­ғалімдермен байланысып, мән-жайды бі­луге тырысады. Сондықтан бізде бір жақ­ты пікір білдірмей ата-аналардың да ойын білуге тырыстық.

– Қазіргі кезде балалардың сабаққа деген ынтасы нашар екенін мойындауымыз керек. Бірақ барлық бала бірдей емес. Алғыр, дарынды, балалар да бар. Менің қызым сабағын үздік оқымағанымен, күнделікті қадағалаудың арқасында қа­тарынан қалмай келеді. Қазір алтыншы­ сыныпта оқитын қызымның сабақ үлгірімі туралы ойлансам, ертеңгі күні осы біл­генінен де айырылып қаламыз ба деген ой келеді. Дегенмен сыныптағы оқу­шылардың деңгейін қаншалықты екенін мұғалім бі­леді емес пе? Сондықтан оқы­тудың бас­қа да әдістерін пайдаланып, қайткен күнде де жаңа тақырыпты оқу­шыларға түсінікті тілде түсіндіруге тырысу керек деп ойлаймын. Одан бөлек оқушылар кейбір мұғалімнің сабақ сұра­майтынын біліп алған. Соның салдарынан уақыт өте олар сабақ үлгірімін нашарлатып алады, кейде оны түзетуге құлықтары да болмай жатады. Оған демеу болып, түсінбеген тақырыптарын қай­тадан түсіндіріп жатқан мұғалімдер кейде кездеспей жатады. Елдің баласына жаны ашитын мұғалімдердің азайып кеткені қынжыл­тады.

Қазір мұғалім­дердің жағдайы жақ­сарды. Ел Президенті жалақыларын жыл сайын көтеріп жатыр. Тіпті жағдайы тө­мен мұғалім жоқ десем қателеспеймін. Әлеуметтік жағдайларын жақсартып, жо­ғары жалақыларының ар­қа­сында көбі­сі жаңа қоныс салып тұрмыс-жағдай­ларын да жақсартып алуға тырысып жатыр. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Десе де алдындағы оқушының сабағына жа­уапкершілікпен қарап, қосымша сабақ­қа шақырып, қадағалау болса, ертеңгі күні сол мектептің, ұстаздың да абыро­йын көтеретін шәкірті емес пе? Сондықтан мұ­ғалімге бөлінетін факультатив сабақ­тарынан бөлек үлгірімі төмендеген пән­дерден қосымша сабақ ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқым келеді, – дейді ата-ана Н.Ғаниқызы.

Орынды ұсыныс, таңертеңнен кешке дейін ешқандай мұғалім қазір мектепте жүрмейді. Әркім сабағына қатысып, тиісті сағатын беріп кетеді. Қазір қосым­ша қоғамдық жұмыстардан да босатылды. Сондықтан қосымша сабақ беріп, оқу­шының сабағын жақсартуға көмек­тесу мұғалімнің өзіне байланысты. Қазір қалтасы көтеретін ата-ана баласын ақы­лы оқытып жатыр. Осындайда заңды сұ­рақ туындайды. Неліктен мектептегі пәнді ата-ана ақылы түрде өзге мұғалімге баласын оқуға беруі керек? Неліктен бала мектеп қабырғасында жүріп, мұғалімнің сабағынан білім үйренбейді? Мұғалімге берілетін жалақы осындай олқылықтың орнын толтыруға жетпейді ме, әлде мұ­ға­лімнің көздегені тек материалдық жағ­дайды жақсарту ма? Онсыз да оныншы мен он бірінші сыныпта оқитын баласы барлар таңдау пәні бойынша баласын ақылы оқытып жатыр. Бала грантқа түсуі үшін міндетті түрде осындай ақылы оқуды оқыса ғана жоғарғы балл алады деген оймен жүрген ата-аналар жетерлік. Осы жағдайды пайдаланып мықты деген мұғалімдер жеке курстар ашып, ақылы оқытуды кәсіпке айналдырып ал­ды. Мей­лі ғой, баласынан ештемесін ая­майтын ата-ана қанша ақша берсе де баласын оқытып алады. Дегенмен мұға­лімнің еңбегі алдындағы шәкіртінің жетіс­тігімен бағаланатындығын ұмытпай, із­деніс пен шығармашылықты серік етіп, ұстаздар қауымы шәкіртерін мақсатына жетуіне себепкер болып жатса нұр үстіне нұр болар еді.


Бибісара ЖАНӘЛІ
15 сәуір 2023 ж. 395 0