Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос ішектен төгілген ұлт үні

Қос ішектен төгілген ұлт үні

Қазақ халқының рухани қазынасында күй өнерінің алар орны ерекше. Қос ішектен төгілген күмбірлі әуен – халқымыздың тарихын, тағдырын, арман-мұратын жеткізген асыл мұра. Күй – сөзбен айтып жеткізе алмаған сезімді әуенмен өрнектейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі өнер.

Шаған ауылдық мәдениет үйінің ұйым­дас­тыруымен, Қазақстанның халық әртісі, күйші Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толуына орай облыстық күйшілер байқауы өтті. Күйші мұрасын еске алу, оның есімін ұлықтау, шығармашылығын насихаттау және ұлттық күй өнерін дәріптеу мақсатында өткен байқау «Әсем күйдің ұстазы» тақырыбын арқау етті. Ұлттық өнерді ұлықтап, күйшілік дәстүрдің қадір-қасиетін дәріптеу мақсатында өткен күйшілер байқауы асыл мұраға деген құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. Өнер додасында домбыраның қоңыр үні күмбірлеп, қатысушылар шеберліктерін ортаға салып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Ауқымды байқау ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, күй өнерінің мәңгілік үнін келер ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы болды.

Байқауды ауылдық округ әкімі Қанат Несіпбаев ашып беріп, жас күйшілерге сәттілік тіледі.

– Күй – қазақтың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен мұңын, арман-аңсарын қос ішекке сыйдырған ұлы өнер. Домбыраның күмбірлеген үні арқылы ата-бабамыздың аманаты, ұлтымыздың болмысы мен рухы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Сондықтан күй өнерін қастерлеу – өткенімізді құрметтеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау деген сөз. Қазақтың қай ауылын алсақ та, оның тарихында өнердің, ән мен күйдің өзіндік орны бар. Ауыл – ұлттық дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, төл өнердің тамыры тереңге жайылған қасиетті мекен. Осындай өнерлі ортаның қалыптасуына, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіруге баршамыз атсалысуымыз керек. Өйткені күй бар жерде рух бар, домбыра бар жерде қазақтың үні бар. Бүгінгі байқаудың да басты мақсаты – күйшілік дәстүрді дәріптеу, талантты орындаушылардың өнерін таныту, ұлттық мұрамыздың өрісін кеңейту. Қатысушылардың әрқайсысына шабыт пен шабыс, өнер жолында толағай табыс тілеймін! Домбыраларыңыздан төгілген әрбір күй көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұлттық өнеріміздің мерейін үстем ете берсін! – деді ауыл әкімі.

Айта кетейік, тартысты өткен сайысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан жеті талапкер қатысты. Жас күйшілер екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде, талапқа сәйкес, Қаршыға Ахмедияровтың бір күйін орындаған талапкерлер екінші кезеңде өз қалаулары бойынша күй орындады. Тыңдарманның делебесін қоздырып, ұлттық өнерді дәріптеген байқауға Сарыбаевтар халықтық отбасылық ансамбілінің көркемдік жетекшісі Өмірбек Сарыбаев, аудандық мәдениет үйі халық театрының режиссері Гаухар Сәрсенбаева, Өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі Бауыржан Үсенов төрелік етті. Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені Қармақшы ауданынан қатысқан Мадияр Жасаңбаев, 1-орынды Сырдария ауданының намысын қорғаған Асқар Тоқмағанбетов ауылының қатысушысы Нартай Нұрмағамбетов, 2-орынды Жалағаш ауданының жас күйшісі Нұрдәулет Аманқос, 3-орынды Шаған ауылынан қатысқан Әли Өткелбай жеңіп алды. Ал жаңақорғандық Қожабек Нұрмұхаммед пен Қызылорда қаласынан Диас Марат арнайы жүлде иеленді. Жеңімпаздар дипломмен және арнайы сыйлықпен марапатталды.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
24 қараша 2026 ж. 25 0