Сапалы білім ақылы курста ма?
Жыл сайын мектеп бітіруші түлектерден мектеп мұғалімдері мен ата-аналар үлкен үміт күтеді. Оқушының алдында ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жоғары балл алу мақсаты тұрса, ата-ана үкілеген үмітінің грант арқылы жоғарғы оқу орнына түскенін армандайды.
Қазір баласының ҰБТ-да жоғарғы нәтижеге жетуіне бүгіннен бастап алаңдаған ата-ана мектеп беретін білімді місе тұтпай, қосымша оқу курстарына оқытуда. Бұл жылдағы дәстүр. Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманында мықты деген оқу орталықтарын табу да қиынға соқпайды. Ұстаздардың өзі ақылы оқытудың бірнеше түрін атап көрсетіп береді. Сондықтан ата-ананың қалтасы көтеретін болса «балаңыз міндетті түрде грант иегері болады» деп сендірген ақылы курсқа ойланбастан оқуға береді.
Негізінен оқушы мектеп бағдарламасын мектептегі ұстазынан алуы керек. Білім сынағы кезінде тест сұрақтары мектеп бағдарламасы бойынша келетіндіктен оқушының сырттан білім іздеуінің қажеті жоқ. Бірақ ата-ананың үлкен кемшілігі – баланың сабағын тек бітіретін кезде қадағалайтынында. Соңғы жылы ғана баласының қандай пәнге қабілеті бар екенін біліп, бар білімді бір жылдың ішінде алуын міндеттейді. Мектеп ұстаздарының беретін сабағын қанағат тұтпай, ақылы мұғалім, ақылы курс іздейді. Бұрын ақылы оқу тек қала балаларына берілетін мүмкіндік деп ойласақ, қазір бұл артықшылыққа ауыл балалары да ие. Бірақ ауыл адамдарының барлығының жағдайы ақылы курс оқытуға келе бермейтіндіктен, мектеп бітірушілер білімді тек ұстаздарынан алуға ұмтылады. Негізінен бұл өте дұрыс. Мұғалім оқушымен тікелей байланыс орнатып, сапалы білім бере алады. Ауыл балалары ешқандай ақылы курс оқымай-ақ тыңғылықты дайындықтың арқасында ҰБТ сынағын тапсырып, жақсы көрсеткішке ие болып жатқанын көзіміз көріп жүр.
– Ауыл мектебінің оқушыларының дені ұстаздарынан ғана білім алады. Сапалы білімді қосымша курстардан іздейтін ата-аналар да бар. Негізінен шәкірттердің жақсы білім алуына мектепте жағдай жасалған. Пән мұғалімдері сабақ кестесінен бөлек бітіруші түлектерге қосымша сабақ береді. Жалпы барлық ата-ана баласын ақылы курсқа береді дегенге келіспеймін. Өз бетінше ізденіп, ұстаздарымен тыңғылықты дайындалып оқитын оқушы жақсы нәтиже көрсетеді, – дейді №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің мұғалімі Бекзат Сағидоллақызы.
Жалпы осы күні JUZ40_online, joo.kz, daryn online, arystan_online_academy секілді қосымша ақылы оқу орталықтары еліміз бойынша танымалдыққа ие. Мектеп бітірушілердің оқу орталықты таңдауға да көп мүмкіндігі бар. Бір-бірінен жарнамасы өтетін оқу курстарына ай сайын қабылдау, тіркелу жүргізіледі. Бұл балаңыздың сабағынан тыс қосымша білім алуына, ҰБТ дайындығына жасалған жағдай. Яғни онлайн курста білім аламын деушілерге барлық жағдай қарастырылған. Курсқа қатысушыны күнделікті дайындығын қадағалайтын арнайы кураторларының да жауапкершілігі бар.
Бірақ осындай курстар баланың білім деңгейін көтеруге бағытталғанымен осы білімді мектеп мұғалімі неліктен бермейді деген сауал әрбір ата-ананың көкірегінде тұр. Бұл пікірді ата-аналар жиі талқылағанымен, жыл сайын ақылы оқитындардың қатары көбеймесе азаймай тұр.
– Осы уақытқа дейін балаларымды ақылы курстарға бермей-ақ жоғарғы оқу орындарына түсіп, студент атанғанын айтқым келеді. Ал енді немерелерімнің алды мектеп бітіруде. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Немерелеріміз мектеп мұғаліміне емес, ақылы курстағы білімге арқа сүйейді. Сол курстан білім алмаса, грант алмайтын секілді көрінеді. Ата-анасы баласынан ештеңе аямайды. Ақшасын тауып айына мыңдаған қаржыны курсқа төлейді. Сол курстан алған білімінің арқасында қалаған мамандығына оқуға түседі. Шын мәнінде мұғалімдердің жағдайы жақсы. Елімізде жоғарғы жалақыны алатын да – мұғалім. Сондықтан «мұғалімдер неліктен оқушыға өз деңгейінде білім бермейді» деген сауал мазалайды. Бір сыныпта қазір бала саны да аз. Таңдаған пәндері бойынша бөліп тастағанның өзінде мұғалімдерге санаулы баламен ғана жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Ата-аналардың барлығының қалтасы қалың емес. Сабақтан тыс уақытта балаларды қосымша дайындыққа шақырса, білім іздеген бала міндетті түрде барып оқиды, – дейді ата-ана Алма Жұмабекова.
Шын мәнінде мұғалім – ең қажырлы мамандық иесі. Оқимын, жоғары балл аламын дейтін оқушы мұғалімнің соңынан қалмай ізденіп оқиды. Мектеп әкімшілігі де қосымша сабақ кестесін әзірлеп, оқушылардың дайындығын тыңғылықты жүргізуде. Ай сайын дайындықтарын пысықтайтын тестке барып қатысуға да жағдай жасалған. Сондықтан бүгінгі түлектің алдында бір ғана мақсат бар. Ол – жақсы білім алу және дайындықты күшейту.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден