«Әділет»: Құтқарушылар күні қарсаңында кездесу өтті
«Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының ұйымдастыруымен Құтқарушылар күні қарсаңында кездесу өткізілді. Кездесуге Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Салтанат Джалмухамбетова, бөлімнің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Әділет Кенжеев, бөлімнің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлихан Мұхтар, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Әділет» партиясының мүшесі Ақмарал Қосмамбетова және жас құтқарушылар сыныбының оқушылары қатысты.Еркін форматта өткен басқосуда «Әділет» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ақтөре Ибрагимұлы құтқарушылардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегінің маңыздылығына тоқталып, олардың күнделікті қызметі үлкен жауапкершілік пен ерлікті талап ететінін атап өтті.
– Құтқарушы мамандығы – үлкен жауапкершілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы мамандық. Қиын сәтте адам өмірін сақтап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген құтқарушылардың еңбегі зор құрметке лайық. Бүгінгі кездесу арқылы жас ұрпаққа осы мамандықтың маңызын түсіндіріп, олардың бойында отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруды мақсат еттік. Құтқарушылар еңбегін насихаттау, жас ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және өскелең ұрпақты батылдық пен жауапкершілікке тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Салтанат Джалмухамбетова қызметтерінің ерекшелігімен бөлісіп, жас ұрпаққа қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ бөлімнің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау капитаны Әділет Кенжеев оқушыларға төтенше жағдайлардың алдын алу және қиын сәттерде дұрыс әрекет ету жөнінде пайдалы мағлұмат берді. Ал бөлімнің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әлихан Мұхтар құтқарушылардың жұмысы мен мамандық таңдаудың маңызы жөнінде айтты.
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, «Әділет» партиясының мүшесі Ақмарал Қосмамбетова Құтқарушы мамандығы үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтып, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар берді. Оқушылар сала мамандарына сұрақ қойып, құтқарушы қызметінің мәні жөнінде пікір бөлісті.
«Тт» ақпарат









