Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдаспан жырдың жампозы

Алдаспан жырдың жампозы

Қазақтың рухани әлемінде жыраулық өнердің орны ерекше. Сан ғасыр бойы халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған жыршылар елдің тарихын, тағылымын, арман-аңсарын жыр жолдары арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келді. Сөз өнерін биікке көтерген ақын-жыраулардың шығармасы – ұлттың рухани қазынасы, халықтың жадында сақталған асыл мұра. Осындай өнегелі өнердің өшпес ізін қалдырған тұлға – жыршы, жырау Рахмет Мәзқожаев.

Халық ақыны Рахмет Мәзқожаевтың туғанына 145 жыл және «25 қазан – Республика күні» аясында «Алдаспан жырдың жампозы» атты облыстық жас жыршылар фестивалі ұйымдастырылды. Аманкелді ауылдық мәдениет үйінде өткен өнер додасының басты мақсаты – жыраулық дәстүрді дәріптеу, халық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау және талантты жас жыршылардың өнерін қолдау.

Фестивальдің ашылу салтанатында Аманкелді ауы­лының әкімі Зейнұр Жаманқұлов пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, жырау, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Майра Сәрсенбаева сөз сөйлеп, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Өз кезегінде іс-шарада жыршылық өнердің ұлт мәдениетіндегі орны, дәстүрлі өнерді сақтау және оны жас буынға аманаттау маңыздылығы айқын көрініс тапты.

«Алдаспан жырдың жампозы» фес­тиваліне Қызылор­да қаласы мен облыстың аудандарынан келген жас жыршылар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Олардың қатарында Нұржан Дәрібаев, Әнел Айтжанбек, Ақдана Жанділдаева, Көркем Абдрахман, Нұрайым Жүсіпбек, Толғанай Алдан, Әбумансұр Ахмет, Олжас Алтынбек, Ақжан Темірбай және Ғасырбек Шапи бар. Жас өнерпаздар жыр додасында қабілетін танытып, ұлттық өнердің қадір-қасиетін көрерменге жеткізуге мүмкіндік алды.

Жыршылардың орындауындағы әрбір шығарма көрерменге рухани әсер сыйлап, елге де­ген сүйіс­пеншілікті, ерлікке құрметті, бейбіт өмірге деген тілекті дәріптеді. Жас таланттардың сахна төрінде жыр төгуі – ұлттық өнердің болашағына деген сенімді арттыратын көрініс. Өйткені жыраулық дәстүрді жалғастыру тек көне мұраны қайталау емес, оны бүгінгі ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, жаңа буынның рухани әлемімен сабақтастыруды білдіреді.

Өнер додасының қорытындысында үздік өнер көрсеткен жыршыларды марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне жырау Майра Сәрсенбаева, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, мәдениет саласының ардагері Жұмағазы Оразов және фестивальдің демеушісі, жеке кәсіпкер Нұрлан Кеңесұлы қатысты. Ұлттық өнерді ұлықтауға үлес қосқан ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға алғыс білдіріліп, жас жыршылардың еңбегі лайықты бағаланды.

– Рахмет Мәзқожаевтың 145 жылдығына арналған фес­тиваль – өткенге тағзым етіп қана қоймай, болашаққа бағдар берген тағылымды іс-шара. Өйткені халықтың рухани байлығы оның тарихи жадында, тілі мен дәстүрінде, жыр мен термесінде сақталады. Ал сол мұраны ұлықтап, келер ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Жыр – ұлттың жаны, жырау – халықтың үні. Сондықтан Рахмет Мәзқожаев сынды өнер иесінің есімін ардақтау, олардың мұрасын зерттеп, насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта түсеміз. «Алдаспан жырдың жампозы» атты фестиваль де осы ізгі мақсатқа қызмет етіп, Сыр бойындағы жыраулық өнердің жалғасын табуына жол ашты, – деді Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлзакира Аманжолова.

1881 жылы қазіргі Сырдария ауданының Аманкелді ауы­лында дүниеге келген ардақты азамат ғұмырын еңбек пен өнерге қатар арнаған. Ұзақ жыл бойы ұжымшарда өндіріс бригадирі болып қызмет атқарғанымен, оның жүрегінен жырдың оты бір сәт те сөнген емес. Өнер жолында ол – әйгілі Нартай Бекежанов басқарған концерттік-эстрадалық бригаданың құрамында болып, ел аралап, халыққа өнер көрсеткен. Соғыстан кейінгі жылдары облыстық және республикалық деңгейдегі сөз са­йысына қатысып, Е.Қандеков, Ә.Жүргенбаев, О.Жайлауов секілді танымал ақындармен айтысқан.

Рахмет Мәзқожаевтың жыршылық өнері – оның орындаушылық шеберлігімен бірге халықтық мұраны сақтап, кейінгі буынға жеткізуімен де құнды. Ол – көптеген жыр-дастан мен терме-толғауды орындап, ел арасында кеңінен насихаттаған. Бүкіл түркі әлеміне ортақ «Көрұғлы» дастанының бір нұсқасы 1973 жылы Рахмет Мәзқожаевтың айтуы бойынша жазылып, жеке кітап болып жарық көрген. Оның шығармаларынан жыраудың асыл мұраны сақтауға қосқан үлесінің айқын көрінісін байқаймыз. Оның өнер жолы мен шығармашылық мұрасы – Сыр өңіріндегі жыраулық дәстүрдің сабақтастығын танытады.


Б.АЯБЕКҰЛЫ
20 қазан 2026 ж. 75 0