Жаңа дүкен – тұрғындарға жаңа мүмкіндік
Азық-түлік бағасының қолжетімді болуы қазіргі таңда халық үшін маңызды. Әсіресе баға шарықтап тұрған уақытында күнделікті тұтынатын жекелеген тауардың бағасы әр отбасының тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді. Осы ретте, аудан орталығында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ететін дүкендер желісі көбейіп келеді.Жақында Тереңөзек кентіне қарасты Ғани Мұратбаев көшесінен жаңа көтерме сауда дүкені өз жұмысын бастады. Халыққа қолжетімді бағада қызмет көрсететін сауда орны бұрынғы аудан тұрғындарына таныс «Бақытжан» азық-түлік дүкені. Бүгінде бұл дүкеннің аты, сыртқы келбеті мен ішкі құрылысы өзгеріп, ең бастысы аудан тұрғындарына қолжетімді бағада, көтерме сауда дүкен желісіне айналды. Ашылу салтанатына кент әкімінің орынбасары Темірлан Сәдуақасов, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Қозыбаева, АХАЖ саласының ардагері Әсия Масилова, аудан тұрғындары қатысты.
– Қазіргі таңда дүкеннің атауы «Арафат» көтерме сауда дүкені болып өзгерді. Аудан тұрғындарына бұрыннан қызмет көрсетіп келеміз. Өзіміздің тұрақты тұтынушынымыз бар. Халыққа қолжетімді болсын деген ниетпен азық-түлік дүкенін үлкейтіп, сыртқы көрінісін өзгертіп, көтерме сауда дүкеніне айналдырып отырмыз. Сауда-саттық саласына кез келген мәселені назардан тыс қалдырмау керектігі тағы бар. Дүкенге қажетті азық-түлік, тұрмыстық заттарды әр қаладан алдыртамыз. Қазіргі таңда 2 адам жұмыс жасайды. Алдағы уақытта бірнеше адамды жұмыспен қамту жоспарда бар, – дейді дүкен иесі Лена Төленова.
Көтерме сауда дүкенінен азық-түлікпен қатар, тұрмысқа қажетті тауарлардың сан түрін кездестіруге болады. Үнемі тұтынушыға жылы шырай танытып, қоғаммен етене байланыс орната білген Лена Дербісәліқызы саудамен 1999 жылдан бері айналысып, қаншама жыл ішінде сауда саласының түрлі кезеңін бастап өткеріп келеді. Әрине, саудамен айналысу бір жанға ауыр болады. Сондықтан әуел бастан өмірлік серігі Келес Келдібеков үнемі қолдау білдіріп, отбасылық кәсіпті дамытуда еңбегі зор. Бүгінде тәжірибелі кәсіпкердің балалары дүкеннің жұмысын жетілдіруге үлес қосуда. Отбасы мен кәсіпкерлікті алып жүрген асыл жар, аяулы ана, асыл әже дүниеге 4 перзент әкеліп, 8 немере сүйіп отыр.
«Еңбек пен табандылық – кәсіпкердің басты қаруы» демекші, саудамен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейтін дүние. Әр заттың бағасын біліп, оның есебін шығаруда іскерлік қажет. Сырттан келген тауарды қабылдап, басқа кәсіпкерлермен іскерлік қарым-қатынас орнату, халықпен етене жұмыс жасау оңай емес. Міне осындай қажырлы еңбек, қабілеттің арқасында кәсіпкер Лена Төленова өз кәсібін кеңейтіп, ең бастысы халыққа қолжетімді бағада ұсынуда.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА









