Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас құтқарушылар жеңіс тұғырына ұмтылды

Жас құтқарушылар жеңіс тұғырына ұмтылды

Мектеп оқушыларын отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу мектеп қабырғасында қаланатыны мәлім. Ұстаздар қауымы шәкірттерінің бойына тәрбие мен білімді қатар сіңіре біледі. Жақында аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен «Жас құтқарушылар» сайысы өтті. Сайысқа №131 Т.Қозыбаев атындағы және №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Оқушыларды қолданбалы спорт түрімен шұғылдануға тарту, құтқарушы тәсілдерін үйрету, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған сайыста жас құтқарушылар 6 кезең бойынша бақ сынады.

Сайысқа Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері азаматтық қорғау лейтенанты Ә.Мұқтар мен аудандық жастар ресурстық орталығы кеңесшісі Н.Сейітжан қазылық етті. Сайыс қорытындысында №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп командасы қарсыластарынан басым түсіп, жарыс жүлдегері атанды. Жүлдегер командаларға диплом мен бағалы сыйлықтар табыс­талды.

– Жастар ресурстық орталығы жыл бойына жастармен түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Соның бірі – бүгін өткізген «Жас құтқарушылар» сайысы. Жастардың арасында әсіресе, ер балалардың құтқарушылық мамандығына қызығушылық танытатындар баршылық. Ерте жастан спортпен шұғылданып, күнделікті дене жаттығумен айналысатын жасөспірімдердің өмір салты да қалыптасады. Саламатты өмір салтын ұстанатын жастарымыз еліміздің болашағы. Білім мен тәрбиені ұштастыра бос уақытын тиімді өткізетін жастарға артар сеніміміз мол. Өткізілген сайыс барысында құтқарушылардың қаншалықты қиындықпен бетпе бет келетіні және физкалық дайындықты қажет ететін мамандық екенін ұғынды, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығы кеңесшісі Нұржан Сейітжан.

«Тт» ақпарат
27 сәуір 2024 ж. 223 0