Экскурсия ұйымдастырылды
Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар қызметіне қызығушылық танытып, оқуға талаптанған мектеп оқушылары артып келеді. Осы орайда, №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанынан «Жас құтқарушылар» кадет сыныбы ашылған болатын. Қазіргі кезде оқушылар құтқарушылардың әдіс-тәсілдерін, саланың қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгеруде.
Бұрнағы күні аудандық төтенше жағдай бөлімі қызметкерлері «Жас құтқарушылар» кадет сыныбының оқушыларын Қызылорда қаласындағы төтенше жағдайлар депаратаментінің мұражайына және жедел құтқару жасағының мекемесіне экскурсияға апарды. Аға анықтаушы азаматтық қорғау аға лейтенанты Ә.Кенжеев пен бөлімнің инженері азаматтық қорғау лейтенанты Ә.Мұқтар мұражай мен жедел құтқару жасағының қызметімен таныстырды.
– Экскурсияны ұйымдастырудың мақсаты – жас құтқарушылардың бойына отансүйгіштік, патриоттық қасиетті қалыптастырып, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге, құтқару жұмыстарының әдіс-тәсілдерін меңгеруге, құтқарушы тәсілдері арқылы саламатты өмір салтының дағдыларын меңгеруге бағыт-бағдар беру. Бүгінгі іс-шарада кадет сыныбының оқушыларына азаматтық қорғау саласындағы құтқарушылардың тыныс-тіршілігі таныстырылды. Құтқару жасағының судағы және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша құралдарымен таныстыру жұмыстары ұйымдастырылды. Экскурсия барысында жас құтқарушылар жылдамдық пен жауапкершілікті талап ететін саланың қыр-сырын үйреніп, психологиялық дайындықтан өтуге мүмкіндік алды. Алдағы уақытта осындай іс-шаралар өз жалғасын табатын болады, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қанат Шарафадинов.
Іс-шара соңында оқушылар өз алғыстарын білдіріп, «Кұтқарушы» кім және қаншалықты өз өмірімен тәуекел ететін қызмет екендігін түсінді. Жас құтқарушыларға бұл экскурсия алдағы уақытта мамандық таңдауға оң ықпалын тигізетінін болады.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА