Өнер өлкесіндегі өрнекті із
Өнер – адам жанының асыл қазынасы, ал сол өнерді өмірінің өзегіне айналдырып, халқына әнімен қызмет еткен азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып, саналы ғұмырын ұстаздық пен шығармашылыққа арнаған әнші-сазгер, Бүкілодақтық «Жігер» фестивалінің лауреаты, «Патриоттық тәрбие беру» медалінің иегері Мейрамбай Бектасовтың ән өнері үшін жасаған еңбегі елге белгілі. Биыл жетпіс жастың белесіне көтерілген өнер иесінің мерейтойы шеңберінде Бесарық ауылында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «АРТ уақыт» жобасы аясында «Өнер өлкесіндегі өрнекті із» атты шығармашылық кеш өтті.Бұған дейін А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде бастау алған мерейтойлық кештің жалғасы туған ауылында да көрініс тапты. Салтанатты іс-шараға Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов, Бесарық ауылының әкімі Дәулет Сәрсенбаев, Аманкелді ауылының әкімі Зейнұр Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Тайманов, белгілі тележурналист, медиаменеджер Жағыппар Аманжолұлы, композитор, сазгер, күйші-ұстаз Сәбит Қорабаев, ауыл ақсақалдары, өнер иесінің әріптестері мен шәкірттері, туған-туыстары және ауыл тұрғындары қатысты.
Кештің шымылдығы «Жас дарын» хор үйірмесі оқушыларының орындауындағы әсем әнмен ашылды. Ал Мөлдір Жүнісбаеваның орындауындағы «Әке» әні мен мерейтой иесін сахна төріне шақыру – кештің әсерлі сәтіне айналды.
Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ешниязов құттықтау сөзінде мерейтой иесінің мәдениет пен өнер саласына сіңірген еңбегіне тоқталып, аудан халқының атынан ізгі тілегін жеткізіп, Берік Әбдіғаппарұлының құттықтау хатын табыстады. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
– Мейрамбай Досмағанбетұлы – саналы ғұмырын өнерге, ұстаздыққа арнап, туған жерінің рухани дамуына үлес қосып келе жатқан азамат. Оның шығармашылық жолы – жас ұрпаққа үлгі, ал өнері – елдің рухани қазынасының бір бөлігі. Жетпіс жасқа толу – өткен жолға байыппен қарап, атқарылған істің жемісін көретін айтулы кезең. Осы мерейлі белесте Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт тілейміз! Өнеріңіз өркендеп, елдің ықыласына бөлене беріңіз! – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мерейтой иесіне көрсетілген құрмет – оның ұзақ жылғы еңбегіне берілген лайықты баға. Себебі Мейрамбай Бектасовтың өмір жолы туған жерге адал қызмет етудің, өнерді ұлықтап, кейінгі буынға өнеге көрсетудің жарқын үлгісі.
Өнерді өміріне серік еткен азамат үшін ұстаздық пен сазгерлік ешқашан бір-бірінен бөлінген емес. Ол шәкірттеріне музыканың қыр-сырын үйретіп қана қоймай, олардың бойына өнерге деген сүйіспеншілікті, туған жерге деген құрметті сіңіруге ұмтылды. Оның тәлімін алған шәкірттердің бүгінгі жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі.
Мерейтойлық кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Рамазан Тайманов бастаған әріптестері мен замандастары сөз алып, өнер иесінің шығармашылық жолына жоғары баға берді.
– Мейрамбай – өнерге адалдықтың, шығармашылық ізденістің үлгісін көрсетіп келе жатқан азамат. Ән шығару – жай ғана әуен құрастыру дегенді білдірмейді. Ол – жүректегі сезімді, өмірден түйген ойды халықтың көңіліне жеткізе білу. Мейрамбайдың әндерінен туған жерге деген сүйіспеншілікті, адамдық қасиеттерді, замандастарға деген құрметті аңғаруға болады. Оның ұстаздық қызметі де ерекше құрметке лайық. Өйткені өнердің қадірін түсініп қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа үйрету – үлкен жауапкершілік. Жетпіс жасқа толған мерейтойы құтты болсын! Денсаулығы мықты болып, әлі де талай тамаша әндерді дүниеге әкелсін, – деді Рамазан Тайманов.
Кеш барысында Мейрамбай Бектасовтың әндері шырқалып, өнер иесінің шығармашылығына арналған жылы естеліктер айтылды. Оның шәкірті Руслан Садықов «Жырла, жүрек!» және басқа да әндерді орындап, ұстазына деген құрметін білдірді. Мерейтой иесімен бірге «Аға мен іні» әні орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Мұхтар ағаға арнау», «Тұрғанбай аға», «Сағыныш», «Ғұмырымсың, бұлбұлымсың», «Бақыт деген», «Кездер қайда», «Құрдастарым» секілді әндер кештің мазмұнын байыта түсті. Қожабековтер халықтық отбасылық ансамблінің орындауындағы әндер де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Мейрамбай Бектасовтың тек сазгер болып ел ықыласына бөленгенімен қатар, айналасына сыйлы азамат, білікті ұстаз ретінде де қадірлі екенін аңғартты. Ал жерлестері атынан Бесарық ауылының әкімі Дәулет Сәрсенбаев кеш иесіне зор ілтипатын танытты. Бұл ретте, Аманкелді ауылының әкімі Зейнұр Жаманқұлов бастаған ауылдың ардақтылары тұғыры биік тұлғаға өз құрметін аямаудан жаңылмады. Өз кезегінде Мейрамбай Бектасов мерейтойына орай ұйымдастырылған кешке ризашылығын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Жетпіс жасқа толып, осындай құрметке бөлену – мен үшін үлкен қуаныш әрі ерекше толғаныс. Туған ауылымда жерлестерімнің, әріптестерімнің, шәкірттерімнің ортасында отырып, ақ тілектерін есту жүрегімді қуанышқа бөлейді. Мен үшін өнердің ең үлкен бағасы – халықтың ықыласы мен тыңдарманның шынайы қошеметі. Өмір бойы ұстаздық пен шығармашылықты қатар алып жүріп, бар білгенімді шәкірттеріме үйретуге, ән арқылы адамдардың жүрегіне жол табуға тырыстым. Әрбір әннің артында бір естелік, бір сезім, өмірден түйген ой жатады. Сол әндерімнің ел арасында орындалып, туған жерімнің рухани өмірінен орын алғанын үлкен бақыт санаймын. Осы кешті ұйымдастырып, құрмет көрсеткен аудан, ауыл басшылығына, өнердегі әріптестеріме, шәкірттеріме, туған-туыстарыма және барша ауылдастарыма шын жүректен алғыс айтамын! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Өнеріміз өркендеп, жастарымыз ұлттық мәдениетімізді қадірлеп өссін. Әлі де елдің игілігіне жарайтын әндер жазып, өнер жолындағы еңбегімді жалғастыра беремін, – деді Мейрамбай Бектасов.
Шығармашылық кештің қорытындысында Мөлдір Жүнісбаева орындаған «Бесарық вальсі» әні көрерменге ерекше әсер сыйлады. Туған ауылдың табиғатын, адамдарын, берекелі тіршілігін әуенге қосқан бұл туынды кештің мазмұнын түйіндеп, өнер иесі мен туған жер арасындағы ажырамас байланысты айшықтай түсті.
Мейрамбай Бектасов 1956 жылы Бесарық ауылында дүниеге келген. Әкесі Досмағанбет соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткеріп, жеңіс туын желбіреткен соң елге оралып, шаруашылық саласында еңбек еткен майдангер болған. Анасы Ұржамал Ысқаққызы – тоғыз перзент тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Осындай өнегелі отбасында өскен Мейрамбай Досмағанбетұлы жастайынан өнерге жақын болып, жүрек қалауымен музыка әлеміне бет бұрды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ








