Берік отбасы – есірткіге қарсы!
Есірткі – адам өмірі мен денсаулығына ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамның болашағына қауіп төндіретін үлкен әлеуметтік мәселе. Сондықтан бұл тақырып әр шаңырақта ашық айтылып, балаға оның зияны кішкентайынан түсіндіріліп отыруы қажет. Себебі тәрбие – тал бесіктен басталады.Бала ең алдымен өмірлік құндылықтарды отбасынан үйренеді. Ата-ананың, ата мен әженің өнегелі тәрбиесі, жылы сөзі мен дұрыс бағыт-бағдары жас ұрпақтың жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауына ықпал етеді. Баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, оның ортасына, қызығушылығына көңіл бөлу – есірткінің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.
Осы игі мақсатты қолдай отырып, Кенжеевтер отбасы ата, әже және немеренің қатысуымен «Берік отбасы – есірткіге қарсы» атты байқауға арнайы бейнеролик әзірлеп, белсене атсалысты. Бұл бастама – ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық тәрбиенің маңызын және салауатты өмір салтын насихаттайтын тағылымды үлгі.
Әрбір отбасы өз шаңырағында есірткінің зияны туралы ашық әңгімелесіп, баланың санасына өмірдің ең үлкен байлығы – денсаулық, білім, еңбекқорлық және отбасы құндылықтары екенін сіңіре білуі керек. Себебі берік отбасы – тәрбиелі ұрпақтың, ал тәрбиелі ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.Ендеше, есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір отбасының ортақ міндеті. Бірлігі жарасқан, тәрбиесі мығым отбасында өскен ұрпақ ешқашан теріс жолға түспейді.
Берік отбасы – есірткіге қарсы!
Кенжеевтер отбасы,
Сырдария ауданы №131 Т. Қозыбаев атындағы орта мектебі
Сырдария ауданы №131 Т. Қозыбаев атындағы орта мектебі









