Қауіп пен қатерге қарсы тұрған қалқан
19 қазан – құтқарушылар күні. Адам өмірін арашалап, тілсіз жаумен арпалысып, төтенше жағдай кезінде елдің амандығы үшін тәуекелге баратын жандардың кәсіби мерекесі жыл сайын аталып өтіледі. Құтқарушының жұмысы сырт көзге тек өрт сөндірумен немесе апат кезінде көмек көрсетумен шектелетіндей көрінуі мүмкін. Алайда оның ар жағында күнделікті дайындық, алдын алу іс-шарасы, халыққа түсіндіру жұмысы және үлкен жауапкершілік бар. Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметін саралау мақсатында журналистік зерттеу жүргіздік. Құтқарушы қызметі жай ғана мамандық ретінде қарастырылмайды. Адам өміріне араша түсуге дайын тұратын азаматтық ұстанымға негізделеді. Қауіптің қайдан келетінін ешкім алдын ала білмейді. Өрт, су тасқыны, тұрмыстық оқыс оқиға мен өзге де төтенше жағдай кез келген уақытта орын алуы ықтимал. Осындай сәтте ең алдымен көмекке асығатындардың қатарында төтенше жағдайлар қызметінің маманы дайын тұрады.
Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің базасымен танысу мақсатында қызметтің жүйелі ұйымдастырылғанын, мамандардың жауапты міндетті атқарып жүргенін аңғардық. Бөлімнің жұмысы тек оқиға орнына жедел жетумен шектелмейді. Мұнда төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау, тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізу және азаматтық қорғау саласындағы іс-шараны үйлестіру бағытына да басымдық беріледі.
Бөлім бастығы Шапағат Ермекбаев бастаған ұжымның негізгі міндеті – аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және орын алған оқиғалардың салдарын жоюға әзір болу. Бұл ретте, қызметкерлердің кәсіби даярлығы мен техникалық мүмкіндіктерінен бөлек, халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру да маңызды рөл атқарады.
ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕС: НАҚТЫ ДЕРЕКТЕР НЕНІ КӨРСЕТЕДІ?
Бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, 2026 жылға арналған 16 тармақтан тұратын жұмыс жоспары бекітілген. Жоспар азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, өрт қауіпсіздігін бақылауды, профилактикалық іс-шараны күшейтуді және елді мекендердің төтенше жағдайларға дайындығын арттыруды қамтиды.2026 жылдың тоғыз айында аудан бойынша №12 өрт сөндіру бөліміне қатысты ақпаратты есепке алу кітабына 120 хабарлама тіркелген. Аталған көрсеткіш құтқарушылар қызметінің күнделікті жұмысында жедел әрекет ету мен оқиғаны есепке алудың маңызын аңғартады.
Өрт қауіпсіздігі талабының сақталуын бақылау да – бөлім қызметінің маңызды бағыты. Жылдың бірінші және екінші жартыжылдығына арналған жоспарға сәйкес, 33 нысанды тексеру көзделсе, есепті кезеңде оның 31-і тексерілген. Тексеру нәтижесінде, 31 нысаннан өрт қауіпсіздігі талабының 344 бұзушылығы анықталған. Тиісті нысандарға заңнама аясында бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, кейбір қызмет түрін тоқтата тұру жөнінде акті рәсімделген.
Айта кетейік, өрт қауіпсіздігі талабын орындамаған тоғыз нысанға қатысты материал Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, аудандық сотқа жолданып, нәтижесінде, жалпы сомасы 1 миллион 816 мың 500 теңге айыппұл салынған. Арыздар негізінде төрт жеке балабақшаға тексеру жүргізіліп, жекелеген заңды тұлға 97 312,5 теңге көлемінде айыппұл арқалаған.
Өрт және өртке жатпайтын жану оқиғасы бойынша да тиісті әкімшілік шара қабылданған. Мәліметтерге сәйкес, ӘҚБтК-нің 410-бабының 1-тармағы бойынша 25 жеке тұлғаға ескерту беріліп, төрт азаматқа 86 500 теңге айыппұл салынған. Бұдан бөлек, бір лауазымды тұлға мен бес заңды тұлғаға жалпы сомасы 270 312 теңге айыппұл белгіленген. 336-бап бойынша үш әкімшілік хаттама толтырылып, 194 625 теңге, ал 367-бап бойынша бір хаттама рәсімделіп, 21 625 теңге айыппұл салынған.
2026 жылдың тоғыз айында өрт оқиғасынан келген материалдық шығын 4 миллион 348 мың теңгені құраған. Мысал ретінде келтірілген деректің басым бөлігі өрт қауіпсіздігі талабын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өрттің алдын алу тек мамандардың бақылауымен шектелмейді. Әрбір азаматтың жауапкершілігі, электр құралдарын дұрыс пайдалану, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және ақауларды дер кезінде жою да қайғылы жағдайлардың алдын алуға ықпал етеді.
– Төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыс аудан көлемінде жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың тоғыз айында аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның төрт отырысы өткізілген. Оның үшеуі жоспарлы болса, біреуі жоспардан тыс ұйымдастырылған. Комиссия отырыстарында қарау үшін бөлім тарапынан сегіз өзекті мәселе ұсынылып, олар бойынша тиісті хатамалық тапсырма берілді. Мұндай жұмыстардың маңызы зор. Себебі төтенше жағдай орын алғаннан кейін оның салдарын жоюдан гөрі, қауіптің алдын алу әлдеқайда тиімді. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар қызметінің және тұрғындардың өзара іс-қимылы қажет. Құтқарушылардың міндеті – қауіп туындаған кезде көмек көрсетумен қатар тұрғындарды қауіпсіздік ережелеріне үйрету. Осы мақсатта халық арасында түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ескертулер мен профилактикалық материал таратылды, – деді Шапағат Нұржанұлы.
СУДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда болады. Сырдария өзені мен басқа да суға түсуге бейім орында тұрғындардың сақтық іс-шараларын ұстануы аса маңызды. Өйткені қауіпсіздік ережелерін елемеу орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. 2026 жылғы суға шомылу маусымында аудан аумағында бір суға бату оқиғасы тіркелген. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында бөлім қызметкерлері тұрғындар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған.
№12 өрт сөндіру бөлімінде «Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында 14 рет ашық есік күні өткізілсе, «Жалын» сауықтыру лагерінде балаларға арналған осындай 10 іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен бірге аудан орталығындағы мектептерде полиция бөлімімен бірлесіп түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Аудан аумағында судағы қауіпсіздік ережесі жазылған 15 билборд және суға түсуге тыйым салынған орынға 39 ескерту тақтайшасы орнатылған. Жалпы ауданда суға түсуге бейім 51 орын бар. Оның алтауы облыс әкімінің өкімімен қауіпті учаске ретінде белгіленген. Жекелеген аумақта бөлім қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, рейдтік іс-шара жүргізіледі.
Белгіленбеген су айдынында шомылғаны үшін ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес, төрт азаматқа жалпы сомасы 60 550 теңге айыппұл салынған. Айыппұлдар толық өндірілген. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Ата-аналар балаларды қараусыз қалдырмай, суға түсу ережелерін түсіндіріп, өздері де қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет. Құтқарушылардың ескертуі – жай ғана талап ретінде қарастырылмайды. Адам өмірін қорғауға бағытталған маңызды іс-шара қатарына кіреді.
– Ауданның шалғай орналасқан елді мекендерде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру – маңызды міндет. Осы бағытта ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында нақты жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың тамыз айында Бесарық ауылында жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы аяқталып, нысан салтанатты түрде ашылды. Қазіргі уақытта ғимаратты тиісті әкімшілік аппараттың балансына өткізуге қажетті құжат әзірленуде. Шаған ауылдық округінде де жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталып, жер телімі нақтыланған және іргетасы қаланып, қабырғаларын тұрғызу жұмысы жүргізілуде. Ал Нағи Ілиясов ауылдық округінде өрт сөндіру бекетіне арналған жер телімі белгіленіп, қажетті құрылыс материалдары алынған. Алдағы уақытта іргетас құю жұмысы жүргізіледі, – дейді бөлім бастығы.
Негізінен, бөлім бастығы көтерген ауқымды бастаманың маңызы ерекше. Ауылдық жерде өрт сөндіру бекетінің болуы оқиға орнына жету уақытын қысқартып, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Әсіресе тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігі тұрғысынан мұндай инфрақұрылымның орны бөлек. Аталған жұмыс елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, ауыл тұрғындарының төтенше жағдайлар қызметіне деген сенімін де арттырады.
Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Шапағат Ермекбаевтың пікірінше, құтқарушылар қызметінің өзегі – адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Бұл міндет кәсіби дайындықты, тәртіпті, батылдықты және әрбір жағдайға жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
– Құтқарушы мамандығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Төтенше жағдайдың қашан және қай жерде болатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан біздің қызметкерлер кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын болуы керек. Басты мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын сәтте азаматтарға дер кезінде көмек көрсету. Біз өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылаумен қатар, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізуге де басымдық береміз. Өйткені қауіпсіздік мәдениеті әр адамның өзінен басталады. Әрбір тұрғын қарапайым сақтық ережелерін сақтап, балалардың қауіпсіздігіне көңіл бөлсе, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады, – дейді бөлім бастығы.
Құтқарушының еңбегі күнделікті көзге көріне бермеуі мүмкін. Бірақ өрт шыққан сәтте, су тасқыны қаупі төнгенде немесе адам өміріне қатер келгенде олардың атқаратын қызметінің маңызы айқын сезіледі. Құтқарушылардың жұмысы батылдықпен қатар сабырлылықты, жылдам шешім қабылдауды және өзара үйлесімді әрекетті қажет етеді.
Жалпы бүгінгі уақытта аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 5 маман жұмыс жасаса, өрт сөндіру бөлімінде 35 қызметкер бар. 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында ел тыныштығын күзетіп, адам өмірін арашалауды абыройлы міндетіне айналдырған барша сала қызметкерлеріне құрмет көрсету – ортақ парыз. Олардың әрбір кезекшілігінің артында адам тағдыры, әрбір жедел әрекетінің артында үміт пен сенім тұр.
Түйін: Бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысу барысында төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге қажетті құрал-жабдықтардың әзірлігіне де назар аудардық. Қызметтік техникалар мен қажетті жабдықтардың сақадай сай болуы – оқиға орнына уақытылы жетіп, қауіптің бетін қайтарудың маңызды кепілі. Өйткені төтенше жағдай кезінде әрбір секундтың, әрбір дұрыс қабылданған шешімнің адам өмірі үшін маңызы зор.
Құтқарушылардың еңбегі мезгіл талғамайды. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қақаған аязында, боранды күн мен екпіні қатты желде де олар ел қауіпсіздігі үшін қызмет етеді. Көпшілік күнделікті тіршілігімен айналысып жүргенде, мамандар кез келген уақытта дабыл қағылса, көмекке ұмтылуға дайын тұрады. Олардың жұмысы тек өрт сөндірумен шектелмейді. Қауіптің алдын алу, апат салдарын жою, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау – күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі.
Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысу барысында бір нәрсені анық аңғардық. Мәселен, құтқарушы болу үшін кәсіби біліктілікпен қатар, темірдей тәртіп, төзімділік, батылдық пен адам өміріне деген жанашырлық қажет. Қауіппен бетпе-бет келген сәтте өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің амандығын бәрінен жоғары қоятын жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ








