Құтқарушы – құрметті қызмет
Төтенше жағдайлар бөлімі – қоғамдағы маңызды саланың бірі. Қиындығы мол салада қызмет атқарып жүрген азаматтарға артылар жүк те жеңіл емес. Адам өміріне араша болатын мамандар оранған отқа, қарғын суға түсіп, тұрғындар қауіпсіздігі үшін қызмет етеді.
Батылдық пен жүректілікті талап ететін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жылдың қай мезгілі болсын ел қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келе жатқан жас маманның бірі – Әділет Кенжеев. Тереңөзектің тумасы ғасырдан астам тарихы бар Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейде білім алған. Төтенше жағдайлар бөлімінде аға анықтаушы лауазымды қызметін атқаратын Әділет Мирамбекұлы Көкшетау қаласында орналасқан Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының 2022 жылғы түлегі. Ең алғашқы еңбек жолын осы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен бастаған. Жас та болса өз ісінің білікті маманы бола білген кейіпкеріміз бұл салаға бала күнінен қызыққан. Төтенше жағдай бөліміндегі аға-буынның ізінен еріп, өкше басып келе жатқан ол мамандығын адаспай тапқандығын айтады.
– Бұл салада тек мамандығын шексіз жақсы көретін, таңдауына адал қызметкерлер жұмыс жасайды десем қателеспеймін. Қиындығы да, қызығы да қатар жүретін салада төтенше жағдайлар туындаған сәтте дер кезінде халыққа көмек көрсету, табиғи апаттардың алдын алу, жауапкершілікті талап етеді. Төтенше жағдайлар бөліміне қабылданбастан бұрын біз ант қабылдаймыз. Сол антқа берік болу – біздің басты міндетіміз, – дейді өз саласына адал аға анықтаушы.
Қызмет жасап келе жатқанына екі жылдан асқан білікті маманның жеткен жетістіктері жетерлік. Биылғы жылдың ең үлкен жетістігі «Өрлеу» жастар сыйлығының иегері атануы. Мұнан бөлек, аудан әкімінің Алғыс хатымен, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған Сабыр Жұртшыбаевты еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнирде «Үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталған.
Әділет әкесі Мирамбек Жамансариев пен анасы Оразкүл Жұбанышованың берекелі шаңырағының кенжесі. Ағасы мен әпкесі – адам өміріне араша түсетін ақ халатты абзал жандар. «Ерлік білекте емес, жүректе» демекші, өзгенің өмірін сақтау үшін, тәуліктің қай сәті болса да айтып келмейтін апаттың алдын алуда өз өмірін қауіп қатерге тігетін жас маманның қызметі әрқашан елеулі.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА