Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдыңғы шепте жүретін құтқарушылар

Алдыңғы шепте жүретін құтқарушылар

19 қазан – Құтқарушылар күні. Биыл төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 26 жыл толды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі құрылды. Сол жылдан бері осы күн Құтқарушылар күні болып белгіленді.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өзінің атаулы күнін атап өтетін құрылым жұмысы бүгінде зор жетістіктерімен айшықталады.

Әлемде 10 мыңнан аса мамандық бар. Ал оған арнаулы мамандықтар мен қосымша маман түрлерін қосқанда 50 мыңнан асып түседі екен. Осынау мыңдаған мамандықтың ішінде ең қиын да, қауіпті мамандық – Құтқарушылар. Құтқарушы болу кез келгеннің қолынан келмейді.  Себебі адам өміріне араша түсу, ең басты байлығымыз адамды қауіптен құтқару тек құтқарушылардың қолынан келеді десек артық айтқандық болмас. Олардың тәулік бойы кірпік қақпай кез келген уақытта тұрғындардың өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қуіпсіздігін қамтамасыз етеді. Апаттық жағдай орын алғанда ең алдымен көмекке құтқарушылар келеді. Міне, сондықтан да осы мамандық иелеріне қашан да  құрмет ерекше.

– Құтқарушы мамандығының иесі атанғаныма ешқашан өкінген емеспін. Үнемі физикалық дайындықты қажет еткендіктен тұрақты түрде спортпен айналысып, жаттығу залында шыңдаламыз. Біздің мамандық қателікті кешірмейді. Салқынқандылық та, жедел шешім қабылдау секілді қасиет те керек. Жауапты қызметке адал болу азаматтық борышымыз. Кейде төтеннен келетін апаттың зардабы адам өліміне дейін әкеледі. Сондықтан құтқарушылар ең алдымен адамның өмірін сақтауға күш салып, ең алғашқы көмек көрсетеді. Мұндайда ержүректілік, қайсар мінез, білім және тәжірибе аса қажет. Атаулы күні қарсаңында бөлімнің барша қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын, – дейді төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Н.Бақтияр.

Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі құрылған жылдан бастап төтенше жағдайдың алдын алуға және жоюға, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқарып келеді. Құтқарушылар тәуліктің кез келген уақытында орын алған төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалуға күш-жігерін аямай, кәсіби біліктілік танытады.

Сонымен қатар республиканың өзге өңірінде төтеннен орын алған апат кезінде көмекке шығуға дайын тұрады. Мәселен табиғи апат су тасқыны, зілзала, орман өрті т.б оқиға кезінде зардап шеккен аймақ тұрғындарын құтқаруға белсене аттанады. Жаз, күз айларында тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, төтенше жағдайдың алдын алуда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

Бейбіт күндері адамның денсаулығы мен өмірі үшін қауіпке баратын құтқарушылар алдыңғы шептен көрініп, әрбіріміздің қауіпсіз болуымызға мүмкіндік береді. Сол үшін құтқарушыларға мың алғыс!

Бибісара ЖАНӘЛІ
20 қазан 2021 ж. 599 0