Екпе – қауіпке қорған
Күздің алғашқы айынан бастап күннің суық түсуімен тұмау мен вирустық инфекциялар белсенді болатыны белгілі. Эпидемиялық маусым кезінде медицина мамандары тұрғындарды сақтық шараларын күшейту керектігіне кеңес береді. Себебі жыл сайын тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтырушылардың саны артуда. Әсіресе балалар мен егде жастағы адамдардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары. Осыған орай тұрғындардың тұмауға қарсы вакцина салу қажеттігі маңызды. Бұл тұмаудың өршіп, салдары қауіпті болмауының алдын алады.Биыл тұмауға қарсы вакцина медицина мекемелеріне қазан айынан бастап келген. Екпені ең алдымен медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұратын тұрғындар, жүкті әйелдер, медициналық ұйымдарда бақылауда тұрған балалар, ересек адамдар алады деп күтілуде.
Қауіпке қорған – сақтық екенін ескерсек, тұмау және жіті респираторлы вирустық инфекция жұқтырмас үшін екпе салдырып алу қажет. Өйткені күннің салқындауымен тұмау жұқтырушылар саны артса, вакцина қабылдағаннан кейінгі иммунитет екі аптадан соң қалыптасады. Сол себепті де екпені ерте салдырып алу қажет. Осы бағытта ауданда медицина қызметкерлері тиісті жұмысты жүргізіп жатқанын ауданның бас дәрігері айтты.
– Тұмауға шалдыққан адам дәрігердің кеңесінсіз үй жағдайында ем-шара қабылдауына болмайды. Кез келген дәрі-дәрмекті уақытпен, ретімен әрі нұсқаумен ішпесе бауырға кері әсері тиіп, қанды сұйылтып жіберуі ықтимал екенін ескерткім келеді. Яғни кері әсері болып, ең алдымен бауырға зақым келуі ықтимал. Балаңыздың қызуын түсіретін дәрілерді оңды-солды беру де дұрыс іс-әрекет емес. Қазіргі уақытта тұмаудан бастап, бірнеше жұқпалы ауру түрі бар. Тұмау өршіген уақытта медицина мамандарының жұмысы қауырт. Дәрігерлер мен медбикелер үй-үйді аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Үйде ауырып жатқан науқастар анықталса, дереу тиісті шара көріліп, ем-шара тағайындалуда. Ауруханада емделіп жатқандарға барлық жағдай жасалып, дәрі-дәрмек жеткілікті деңгейде деп айтқым келеді. Сала мамандарының тынымсыз еңбегінің арқасында жұмыс ырғағы қалыпты жағдайда. Біз үшін әрбір адамның денсаулығы, оның ішінде ана мен баланың дертке шалдықпауы маңызды, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Миранбайқызы облыста эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, медициналық ұйымдар толық дайындыққа көшкенін айтты.
– Облыс бойынша емдеу-сауықтыру мекемелерінде 425 төсек орны дайындалды. Оның ішінде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 200 төсек және аудандарда 225 төсек қарастырылған. Қажетті дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының резерві толық жасақталды. Атап айтқанда, вирусқа қарсы препараттар, дезинфекциялық заттар мен бір реттік маскалар жеткілікті көлемде бар. Сонымен қатар, 1-қазаннан бастап қауіпті топтағы азаматтарды тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары басталды. Бұл мақсатта жергілікті бюджет есебінен 85007 доза вакцина сатып алынды, – деді Мая Миранбайқызы.
Өз кезегінде Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова күзгі-қысқы маусымдағы санитариялық талаптар мен шектеу шараларына тоқталды.
– Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, 1 қазаннан бастап медициналық ұйымдарда қызметкерлер үшін маска тағу режимі енгізіліп, дезинфекциялық тәртіп күшейтілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында балалар арасында аурудың таралуын ерте анықтау үшін күн сайын «таңертеңгі сүзгі» жұмыс істейді. Егер сыныптағы оқушылардың 20-30 пайызы ЖРВИ-мен ауырса, байланыста болғандар 7 күн бойы медициналық бақылауға алынады. Ал көрсеткіш 30 пайыздан асса, қашықтан оқытуға көшу қарастырылады. Тұмау асқынуларының алдын алудың ең тиімді жолы – вакцина алу, сондықтан тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз, – деді Әлия Мүтәліпқызы.
Мамандар тұмаудың алғашқы белгілері – дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақ ауруы байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, дер кезінде дәрігерге қаралу қажеттігін ескертеді. Дегенмен, тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігі көбінесе әр азаматтың өз жауапкершілігіне тікелей байланысты. Санитарлық талапты сақтап, дер кезінде екпе алу жұқпалы аурулардың таралуын тоқтатудың ең басты кепілі екенін білген дұрыс.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тұмауға бей-жай қарауға болмайды. Әп сәтте ауа тамшылары арқылы дені сау адамға жұғатын ауруды тоқтатудың жолы сақтық шараларына байланысты. Ең алдымен тұмау белгісі бар адам оқшауланып, дәрігердің кеңесін алуы керек. Өз бетінше емделу қауіпті.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден










