Алқа мәжілісі: ардагерлерді біріктіретін ортақ мүдде
Бесарық ауылында Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті алқа мәжілісі өтіп, онда ардагерлер ұйымдарының III тоқсанда атқарған жұмысы қорытындыланды. Жиында алдағы кезеңге арналған міндет талқыланды. Басқосуға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, алқа мүшелері, кент және ауылдық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Еспенбетов, ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев және сала ардагерлері қатысты.Жиынға келген ардагерлер қауымы ең алдымен Бесарық ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Атап айтқанда, 2025 жылы пайдалануға берілген спорт кешенін, ардагерлер бөлмесін, ауылдық мұражайды, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған бірқатар жұмыс орнын және ауылдық мәдениет үйінің кітапханасын аралады. Аталған жекелеген нысан ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған жұмыстың нәтижесін көрсетті.
Алқа мәжілісін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев ашып, Сырдария ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігіне, әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының қоғам өміріндегі орнына, олардың елдік мәселелерге араласуы мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосып жүрген үлесіне назар аударды.
– Ардагерлер – елдің өткенін бүгінмен жалғап, кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін өнегелі орта. Біздің басты міндетіміз – қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға үлес қосу, жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің мәнін ұғындыру. Әр ауылдағы бастауыш ардагерлер ұйымдары осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, білім беру мекемелерімен және жергілікті қоғамдастықпен тығыз байланыста болуы қажет. Бүгінгі басқосу атқарылған жұмыстарды саралап қана қоймай, алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді. Бүгінгі алқа отырысының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әлжіковке алғыс айтамыз, – деді Мұса Келдібаев.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мұса Келдібаев аудандық ардагерлер кеңесінің 2026 жылдың III тоқсанында атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Ауданның бас ардагері есепті кезеңде жүзеге асырылған көптеген іс-шараны саралап, ардагерлер ұйымдарының жұмысын жандандыру, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысу және аға буынның өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы міндеттерге тоқталды.
Екінші мәселе бойынша Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сталбек Тобағұлов, Бесарық және Қоғалыкөл ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ермек Әлжіков және Сламбек Қаюпов өз ұйымдарының атқарған жұмысы туралы есеп берді. Баяндамаларда бастауыш ардагерлер ұйымдарының қызметін жетілдіру, ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттыру, білім беру саласымен байланыс орнату және жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беру мәселесі қамтылды.
Жиында сөз сөйлеген Жантемір Айсин мен Бесарық ауылдық қауымдастықтың төрағасы Әкбар Ақжігітов баяндамашылардың жұмысына оң бағасын беріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Бұл ретте, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының алғыс хатымен кент ардагерлер ұйымының төрағасы Сталбек Тобағұлов марапатталды. Бесарық ауылының 75 жылдығына орай арнайы мерейтойлық медаль елді мекендегі бірқатар еңбек ардагерімен қатар, Мұса Келдібаев пен Шаһарбек Нұрсейітке табысталды.
– Бесарық ауылының тарихында аға буынның орны айрықша. Ауылдың өсіп-өркендеуіне, бүгінгі жетістіктеріне еңбек еткен азаматтардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Ардагерлеріміздің ақыл-кеңесі мен өнегесі – біз үшін үлкен құндылық. Ауылдың 75 жылдық мерейтойы аясында осындай құрметтің көрсетілуі – өткенге тағзым, еңбекке құрмет деп білемін. Алдағы уақытта да ауылымыздың дамуына, қоғамдық келісім мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған жұмыс жалғасын табады, – деді ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаев.
Маңызды басқосудың қорытындысында облыстық филармонияның «Өнегелі жол – ұрпаққа аманат» атты концерттік бағдарламасы ұсынылды. Рухани мазмұндағы өнер кеші ардагерлерге құрмет көрсетіп, аға буынның өнегелі өмір жолын дәріптеуге арналды.
Осылайша, Бесарық ауылында өткен алқа мәжілісі ардагерлер ұйымдарының жұмысын саралап, өзара тәжірибе алмасуға, қоғамдық белсенділікті арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға арналған мазмұнды басқосуға айналды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










